Атырау, 26 желтоқсан 00:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Атырауда қайырымды жандар көп

3 065 просмотра

Жағымсыз жағдайлар қашанда күтпеген жерден болып  жатады. Әрбір адамның басына түсетін бірнеше жағдайларды ойластырған біз атыраулықтардың сондай сәттерде бөгде жандарға көмек қолын ұсына ма, жоқ па соны тексеруге тырысып көрдік.

 

1-ЖАҒДАЙ. АСЫҒЫП, ӘМИЯНЫМДЫ ҰМЫТТЫМ

Таңертеңгілік жұрт жұмысқа асыққан қауырт шақта таксилер тұратын жерді айналшықтап, жеті көліктің жүргізушісіне басымдағы жағдайды айтып, мұңымды шақтым. Менің үйде жұмысқа асығып әмиянымды тастап кеткен мұңды хикаямды тыңдаған олардың барлығы да мені кеңсеге тегін апарып салудан бас тартты.

- Сен мына жерде манадан әркімге бір жалынып уақыт өткізгенше, үйіңе барып  әмияныңды алып келмейсің бе?– дейді кезекте тұрған такси көлігін жүргізушілердің бірі.

Жолдың жиегіне барып, қолымды көтеріп тұрмын. Тоқтағандар менің мұңды оқиғамды тыңдап, «тегін апарып саласыз ба?» деген сауалыма бастарын шайқап, кете барды. Әбден шаршап, күдерімді үзе бастағаным сол еді, ақ түсті ВАЗ-15 автокөлігі тоқтай қалды. Рөлде отырған орта жастағы ер адам. Ол менің өтінішіме жарқылдай күлді де: «Отыр?» деді.

– Жаңғалақ-Маша саған не болған?– деп тағы күлді ол мен салонға орналасып болған соң.

– Иә, солай болып қалды... Сіз неге маған көмектесуге келістіңіз?

– Неге келіспеске, бүгін мен немеремді балабақшаға апардым, бүгін демалысым. Үйіме бара жатырмын, ешқайда асығып тұрғаным жоқ.

Ол мені кеңсеге дейін алып келді, оған бұл әрекетімнің журналистік тәжірибе екендігін айтқанымда күліп жіберді, жолақысынан бас тартты.

 

2-ЖАҒДАЙ. ПОЙЫЗДАН ТҮСТІМ, ҚОҢЫРАУ ШАЛСАМ...

Жексенбі күні перронға Ақтөбеден пойыз келген күні теміржол вокзалының ғимаратында айналсоқтап жүрдім.

–  Мен қонаққа келген едім, мені туысқандарым күтіп  алуы тиіс  еді, олар көрінбейді,- деп анықтама бөлімінің терезесіне үңілдім. – Ұялы телефоным өшіп қалды, сіздің телефоныңыздан хабарлассам бола ма?

– Негізі сөйлесуге рұқсат етілмейді, бірақ, жарайды, тек қалалық телефонға тездетіп қоңырау шала қойыңыз,- деп терезеден кезекші әйел тұтқаны ұсынды.

Вокзал қызметкеріне алғысымды білдіріп келушілер отырған залға қарай бардым. Ұялы телефонынан қоңырау шалуды өтінген адамдардың бірде-біреуі менің бетімді қайтармады!

 

3-ЖАҒДАЙ. ҚАРНЫМ АШ, БІРАҚ АҚШАМ ЖОҚ

Вокзалдан «Дина» базарына жол тарттым. Нан-бөлке сатып тұрған дүңгіршектер сатушысына жалынышты күйде өтінішімді білдірдім:  – Мен әмиянымды ұрлатып алдым, енді не істерімді білмеймін. Әрі қарным да ашты... Маған аздап жүрек жалғар бірдеңе бересіз бе?

– Қызым, оның не, базарда сөмкеңе мұқият болып жүрмейсің бе? Әй, қарағым-ай, енді қайттің...  –  деп сатушы әйел сөренің ар жағынан маған бетіне қант ұлпасы себілген бөлкені ұсынды. Көкөніс пен жеміс-жидек сататын сөрелер арқылы өткеніммен бастапқыда ешкім менің сөзіме құлақ аспады, кейін бір-екі адам алма мен алмұрт ұсынды.

– Ақшаңды ұрлатып алғаның рас болар, түріңе қарасам  қайыршыға ұқсамайсың,– дейді алма берген сатушылардың бірі.

– Алыста тұрасың ба? Үйіңе дейін қалай жетесің,– деп әңгімеге екіншісі араласты.  – Міне, автобусқа ақша ала ғой!

Оларға ішім елжіреп, одан әрі шыдай алмадым, шындықты айтып салдым. Ал асханада менің ұрланған әмияныма, жағдайыма және сөзіме:  басың жасай ма?- деген ишаратпен, бір тостаған шәй берместен шығарып салды.

 

4-ЖАҒДАЙ. ҮЙГЕ ЖЕТУ КЕРЕК, ҚАЛТАМ БОС

«Дина» базарынан тағы да вокзалға бет алдым. Такси жүргізушілері  менің басымдағы жағдайға мырс етіп күлгеннен басқа ешқандай нышан білдірген жоқ.

– Автобуспен жетіп алуға келісіп көрсейші!  – деді олардың біреуі. Мен де солай жасадым. Кондуктор балаға өз жайымды баяндадым.

– Қалтамда автобусқа төлейтін ақша қалған жоқ, тегін баруыма бола ма?

– Ақшаңыз мүлдем жоқ па?

– Жоқ...

– Жарайды, жақсы, отыр.

 

5-ЖАҒДАЙ. БІР ЖҰТЫМ СУ БОЛСА

Автобустан түсіп, жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне кірдім.

– Түсінесіз бе, базарға барғанмын, содан әмиянды ұрлаттым, бір тиынсыз қалдым. Үйіме жаяулатып келемін, ыстықтан шөл қысып барады, су бере алмайсыз ба?– деп дүкеншіге қарадым.

Оның жауабын күтпестен сатып алушылардың бірі: 

– Бойжеткен, суды ала беріңіз, мен төлей салайын, ештеңе етпейді.

Оған қарап күлімсіредім де, тәжірибе туралы айтып бердім.

– Құдайға шүкір! Мен шынында да сені қатты аяп кеттім, мынадай ыстықта күн тиіп ауырып қалу да мүмкін ғой!

 

ЖӘНЕ ТАҒЫ БІРНЕШЕ ОҚИҒАЛАР

Дүкендегі апайға ойланбастан көмек бергені үшін алғысымды білдіріп, жақын жердегі дәріхананың біріне кірдім. Өзімнің баяғы басымнан өткерген жағдайымды, басымның қатты ауырып тұрғанын айттым. Дәріхананың сатушысы маған цитрамон таблеткасын беріп, салқын жерде отыра тұруымды өтінді.  Келесі нысан – автобус аялдамасы. Бұл жерде мен автобусты күтіп отырып, күтпеген жерден өзіме-өзім естен танып көрейінші деген ойға келіп, отырған жерімде талықсып барып орындыққа жармасып, одан жерге қарай құлай бердім.

Сол сәтте екі бірдей әйел жүгіріп келіп, оның біреуі бетімнен соқса, екіншісі бетіме су бүркіп әлектенді.

– Ыстықтан болар, күн шыжып тұр ғой,  – дей берді біреуі.

– Сенің аяғың ауыр емес пе?– деп сұрады екіншісі мені орындыққа отырғызып жатып. Менің жауабымды күтпестен, сөзін жалғастырған ол: – Мынадай ыстықта үйде отырмай не істеп жүрсің? Бір жерде  құлап қалсаң, сені ішкен деп ойлап, ешкім де жақындамайды ғой?!

Мен өз тәжірибемді кешке қарай өзен жағалауында аяқтадым. Орындыққа жайғасып алып, көз жасымды көлдеттім. Сол жерде жұптасып не топ болып серуендеп жүрген жастар қырын қарады да жанымнан үнсіз өтіп кетті. Бір кезде маған қарай бір егделеу ер адам келе жатты.

– Қызым, саған не болды? Саған менің қандай көмегім тиер екен?  – деп сұрады ол менің жаныма жайғасып жатып. Мен үн-түнсіз солқылдап жылай бердім. Жанымдағы аға мені иығымнан қысып, былай деді:

– Жылама, қызым. Өмірде бәрі болады. Егер соның бәріне жылай беретін болсаң, көзіңнің жасы жетпес. Бәрі де өтіп кетеді. Сені үйдегілер қайда кетті деп алаңдап, күтіп отырған болар, ал, сен мына жерде жылап отырсың. Сені іздейтін адамдар бар екенін ұмытпа, соларды ойла. Жалғыз емес екеніңді ұмытпа. Көмектесетін адам әрқашан қасыңнан табылады...

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 шілде 2012, 21:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.