Атырау, 13 желтоқсан 23:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Сынаптан сақ болайық!

25 317 просмотра

Әр үйде бір рет болса да қызу өлшегіштің сынып қалатын кезі болады.  Ұсақ-түйек көрінгенмен, бұл да сақтануды қажет етеді.

АБЫРЖУ МЕН ҮРЕЙ

Алдымен адам абыржып, бойын үрей билейді. Бірер күн бұрын мұны өз басымнан өткізген едім. Төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалғанымда, күмілжіген комментарийлер айтып, тұтқаны ызалана тастап жіберді. Одан да бірден компьютерге жүгінуім керек еді. Ғаламтордан қысқаша ғана кеңес алдым: орын-жайдан адамдарды шығарып, терезені ашу керек екен, бірақ өтпе жел жасамай (әйтпесе түйіршіктер бір-бірінен алысқа шашырауы мүмкін), тездетіп жылтыраған сынап түйіршіктерін жинап алу керек. Бұған қағаз парағы көмектеседі. Қағаздың қырымен түйіршіктерді бір-біріне қуалап, бір жерге жинау қажет. Тоқыма біздің немесе жуан сыған инесінің ұшына ұсақ түйіршіктер магнит секілді жақсы тартылады. Жарылған саңылауынан сынапты бүріккішпен немесе инесі жоқ шприцпен сорып алуға болады. Сыпырғышты немесе қылшақты қолдануға болмайды, олар түйіршіктерді шашыратып жібереді. Егер болса, жұмсақ шашақ болған жақсы. Сынап жарықшаққа тұрып қалған болса, оған құм себуге кеңес береді. Құммен бірге ол шашақпен оңай сыпырылады. Сынапты 0,2 пайыз марганец ерітіндісіне малынған мақтамен де жинауға болады. Сынап шашылған жерге бүйірлей жарық түсірген жөн екен. Ол үшін ластанған жерден әжептәуір қашықтықтан сынап төгілген жерге жарығы бүйірлей түсетіндей етіп үстелүсті электр шамын жағып қойыңыз депті. Менің жолым болып кетті, сынап жалаңаш еденнің жақсы жарық түсіп тұрған жеріне жайылды. Ал егер ол кілемге шашыраған болса, онымен хош айтысқан оңай секілді.

Жиналған сынапты шыны банкаға құю керек. Оның булану процесін қиындату үшін оған су немесе марганец ерітіндісін құйып, қақпағын нығыздап жауып қою қажет. Ол жерге қызу өлшегіштің қалдықтарын – оның шыны бөлшектерін салуға болады. Содан соң банканы бірнеше полиэтилен пакеттерге салған жөн. Орынжайға дымқыл тазалау жұмыстарын жүргізіп, терезені бірнеше күн ашып қою қажет.

 

КИІМДІ ЛАҚТЫРЫП ТАСТАҢЫЗ

Демеркуризация процедурасын, яғни улы бумен ластанған орынжайды қалай зарарсыздандыруға болады?

Сынап құйылған жерді марганецтің 0,2 пайыз ерітіндісімен дымқылдау керек. Ерітінді қанық түсті, қою концентрациялы боп шығады. Сабынды сода ерітіндісін (бір литр суға 30 г сода мен 40 г сабын) қолдануға да кеңес береді. 1,5-2 тәуліктен кейін залалсыздандыратын ерітіндіні таза сумен жуып тастауға болады.

Тіпті осы шаралардан кейін де сынап буы бір жарым-үш айдан кейін ғана тазартылады.

Сол кезде үстіңізде болған бүкіл киімді, бұл процеске қолданылған бүкіл заттарды лақтырып тастаған абзал, оларды тазартып жатудың машақаты көп.

Қолыңызға қолғап киіп, демпердемен қорғанғаныңыз жөн. Менің қолымда екеуі де болмады. Балаларға зияны тимес үшін, тезірек жинап алу маңызды, ал менің бойымнан бұл зарардың өзі шығып кетеді деп ұйғардым. Бастысы көбірек су ішу керек. Өйткені сынап түзілімі бүйрек арқылы шығады. ҚР ТЖМ Батыс аймақтық аэромобильді жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Нұрболат ҚАРАҚҰЛОВ:

– Тұрмыстық термометрдегі шекті рұқсат етілген концентрация өмір үшін қауіпті емес,- деп мені тыныштандырды.

Алайда ғаламтордағы түрлі ресурстарда былай деп айтылған: «Орынжайда сынаптың болуы, мейлі, аз мөлшерде болса да, ауаны ұзақ жұтқанда қауіпті болады. Осы заттың улы әсері бірден айқын білінбейді. Бұл оны одан сайын қауіпті қылады. Сынаптан улану біртіндеп білінеді. Ұзақ уақыттан кейін жалпы әлсіздік, ашуланшақтық, жүрек айну, жүдеу белгілері байқала бастайды. Бірақ нәтижесінде бұлай улану неврозға және бүйректің зақымдануына әкеп соғады».

Бұл мәліметтерді телефон арқылы сөйлескен кезде құрамында сынабы бар қалдықтарды жоюмен айналысатын Атыраудағы жалғыз кәсіпорын «West Dala» АҚ технологы Руслан ҚОЖАНИЯЗОВ растады.

– Сынап буын жұту, тіпті оның мөлшері титтей болса да, адам үшін қауіпті.

 

УНИТАЗ ТУРАЛЫ КЕҢЕС

Бұл жерде осы компанияға қалай жеткенімді түсіндіре кетейін. Сынапты жинап алғаннан кейін кеңес сұрап, қоңырау шалғанымда құтқарушылардың қайсысы менімен сөйлескенін білмеймін. Бірақ бір жас жігіт оны унитазға құя салуға кеңес берді. Бос сөз айтқанша, қосылған сирена режимінде шұғыл арада нұсқаунаманы табуды талап еттім. Ол тұтқаны іле салды. Бірақ мен де болмадым. Ақыры құтқарушылар сынап салынған банканы өзіміз алып кетеміз дегеннен басқа артық ештеңе таппады. Мен қоймағасын солай етті деп түсіндім. Сол әсермен екінші қызу өлшегіштен де құтылуды ұйғардым (электронды түрін сатып аламын). Жою материалын алып кетуге келген жігіттер банканы актілеп алып, бүтін қызу өлшегішті: 

– Қоқысқа лақтыра салсаңызшы!– деп алып кеткілері келмеді.

Олардың келгендігін білдіріп, екінші рет сиренаның дауысы естілді, материалды қолымнан жұлып алды да, шаңдатып кетіп қалды. Ал мен, бәлкім, бекерге мазаланған шығармын деп ойладым.

– Бекерге емес,– деп жауап берді Қожаниязов. – Бұл өрескел қателік. Қызу өлшегіштер мен кез-келген құрамында сынабы бар объектілер арнайы құрылғыда жойылуы тиіс. Сізге мұндай кеңес берген адамның аты-жөні мен жұмыс лауазымын жазып алып, шағымдану керек еді. Бұл біліктілікке жатпайды.  

 

«ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙМІЗ»

Тұрмыстық жағдайда жиналған сынапты не істеу керек деген сұрақ ашық күйінде қалды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің сынаптың осындай аз мөлшерін қабылдауға міндетті емес екендігі анықталды:

– Біздің 700 грамнан көп төгілген сынапты жинаған кезіміз болды. Біз оны қабылдағанымыз туралы акт жасап, оны «West Dala»-ға тапсырамыз. Ал термометрдегі аз мөлшерге қатысты қалай болатынын мен тіпті білмеймін,- деп мойындады Қарақұлов.

Компаниядағылар да осындай сарында жауап берді:

– Біз жеке тұлғалармен жұмыс істемейміз, өйткені біз есеп береміз, ал бұл серіктестермен келісім-шарт жасау дегенді білдіреді,- деп түсіндірді АҚ келісім-шарт бөлімінің бастығы Гүлмира ЕРМАШЕВА. - Әрбір кәдеге жаратылуы тиіс объектіге міндетті түрде төлқұжат толтырылады, келісім-шарт жасалады, тапсырушы тараптардың деректері туралы мәліметтер толтырылады... Қызу өлшегіштерді тұтасымен қабылдаймыз, оларды медициналық мекемелер тапсырады. Жеке тұлғалардың хабарласқан кезі есімде жоқ. Кәдеге жарату – ақылы, бір термометрге 268 теңге. Бірақ, қайталап айтамын, тек келісім-шарт негізінде ғана жүзеге асырылады. Мұндай аз мөлшердегі қалдықтарға шарт жасаудың мәні жоқ.       

– Сонда қарапайым адамдар айналадағының бәрін ластауға мәжбүр болғаны ма? Жыл сайын қанша қызу өлшегіш сынатынын елестетіп көріңізші?

– Жеке адамдар хабарласқан жағдайда бас тартпауға тырысамыз деп ойлаймын. Бәлкім, жазбаша өтініш негізінде мұндай қалдықтарды кәдеге жарату үшін тіпті жеке тұлғалардан да қабылдайтын шығармыз. Бірақ сізге дейін ешкім хабарласып көрген емес...

Иә, жағымсыз жаңалық екен, құрметті жерлестер. Соған қарағанда, қоқыс алаңдарын айтпағанның өзінде, біздің унитаздарымыздан сынап буы бұрқырап тұрған болды ғой. Бір жақсы жері, көзімізге көрінбейді. Ал ауаны ластайтын кәсіпорынды жазғыру – қоғамымызда  үйреншікті нәрсеге айналған.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

25 шілде 2012, 20:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.