Атырау, 26 желтоқсан 00:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Шегіртке шекесінен қарауда

4 152 просмотра

Индер ауданы Аққала селосында орналасқан «Бағырлай» егістігі қаулаған шегірткенің астында қалды.

Егістікті күтіп-баптау жұ-мыстарымен айналысып отырған «Владимир» шаруа қожалығының иелері бұл жолы шегірткемен күресуде кәдімгідей қиындық көріп отырғандарын айтады. Себебі, қазірдің өзінде шегірткенің кесірінен кеткен шығын мөлшері аз емес.  

- 16 шілде күні таңертең егістікті шегіртке қаптап кетті. Бұл шегірткенің итальяндық прус түрі екені белгілі болды. Өсіп тұрған картопқа жаудай тиіп, бірнеше сағатттың ішінде жапырақтарын жеп қойды. Әзірге қолымызда бар уды шашып жатырмыз. Осыншама жыл егінде жұмыс істегенде жаппай жайлаған шегірткемен бұл жолы бірінші рет бетпе-бет келіп отырғанымыз, - дейді «Владимир» ШҚ егіншісі Александр КОГАЙ.

Оның айтуынша, бүгінде улау жұмыстары айтарлықтай нәтиже беріп жатқан жоқ. Ұзындығы 5 см шегіртке егіс алқабының 1 гектарға жуық жерін алып жатқан картоп жапырағынан түк қалдырмаған. Қазір тек сабақтары ғана сорайып тұр. Ал шегірткелерге дейін егінге сарышұнақтар тыным бермепті. Биылғы жылы олар да қуаңшылық ықпал етіп көкке өшігіп тұр. 

«Владимир» ШҚ егістіктің 4 гектар жеріне картоптан басқа бау-бақша және көкөніс дақылдарын еккен болатын. Соңғы жылдары егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан отбасы өз күштерімен еңбек етіп, нәпақасын айыруда.

- 13 тонна тұқымдық картоптың әр келісін 70 теңгеден «Жайық-Агро» КМК-нан қарызға алғанбыз. Біз оларға қарызымызды картоп өнімі түрінде күзде қайтаруымыз тиіс болатын. Енді қайтпекпіз, соған басымыз қатуда, - дейді ШҚ жетекшісі Қалығыз ЕСҚАЙЫРОВА.

Бұл жағдайға қатысты Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ былай деп комментарий берді:

- Біз жағдайды жақсы түсініп отырмыз. Олар өздерінің қарапайым адал еңбегімен көрініп жүрген диқаншылар. Мүмкін акт жасап, картопты өтеудің басқа жолдарын қарастырармыз. Ауданда зардап шеккен жалғыз осы «Владимир» ШҚ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 шілде 2012, 20:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.