Атырау, 26 желтоқсан 00:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«АСА» директоры Андрей ТАШЛЫКОВ: «Кротқа» дайын болыңыздар

2 948 просмотра

Кезекті онлайн-конференцияның қонағы – «Атырау Су Арнасы» КМК директоры Андрей ТАШЛЫКОВ (суретте).

ЖАҢА АУДАНДАРДЫҢ ЕСКІ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

– Сарықамыс-2 ықшам-ауданына су қашан беріледі?

Е. Тасеменов

– «Атырау Су Арнасы» (АСА) ауыз суды дайындап, қала ықшамаудандарына су беруді, су құбыры тораптары мен құрылғыларды пайдалануды жүзеге асырады. Сарықамыс ықшамауданының 1, 2, 3 көшелерінде су құбырлары бар. Сіздерге өтініш рәсімдеп, қалалық су құбырына қосу нүктесін анықтау үшін  құжаттармен, соның ішінде Сарықамыс ықшамауданы жоспарының көшірмесімен «АСА»-ға бару керек.

– Сарықамыс ықшам-ауданында қысымға қатысты проблемалар бар, тұрғындарға оны нормаға дейін көтеру үшін сорғылар орнатуға тура келеді. Егер сіздер қажетті қысымды ұсынатын жағдайда болмасаңыздар, неліктен орнатылған сорғылар үшін айыппұл саласыздар?

– Сорғы орнату үшін рұқсат құжаттарын алу қажет. Сарықамыс жаңа магистралды су құбырына қосылған. 14-17 шілде аралығында қысымға тексеру жүргізілді, соның барысында Сарықамыс ықшамауданындағы үйлердің су қысымы қалыпты екені анықталды.

– Томарлы поселкесінің  Көктем ықшамауданында (Теңдік) су қашан болады? Монтаждау және су бұру жұмыстары аяқталған секілді, ал су болса әлі жоқ.

– Көктем ықшамауданындағы тұрғын үйді жүргізілген су құбырына қосуға рұқсат алу үшін «АСА»-ға өтініш беру қажет. Рұқсат беру 12 шілдеде басталды.

– Біз СМП-163 ықшам-ауданындағы Коттеджный көшесінде (Подхоз) тұрамыз. Суды көрші көшедегі су құбырынан тартып аламыз. Біздің көшемізге суды қашан жүргізеді?

Серік

– Осы көшедегі №5 үйден Баймұханов көшесіне дейін су құбыры бар. Үй қожайыны «Атырау Су Арнасына» келіп, қалалық су құбырына қосу үшін рұқсат алуға өтініш беру керек.

– Водников-2 ықшам-ауданында су құбыры қашан болады?

Асхат

– Водников-2 ықшам-ауданында қалалық су құбыры бар. Сізге «Атырау Су Арнасы» КМК-на су құбырына қосылуға рұқсат алу үшін өтініш беру керек. Өтінішке Водников-2 ықшамауданының Бас жоспарының көшірмесін учаскенің орналасқан жерін көрсетіп, жер учаскесіне меншік құқығы берілген мемлекеттік актінің көшірмесімен тіркеу керек.

– Жақында Водников-2 ықшамауданындағы жер учаскесіне мемлекеттік акт алған едім. Ол жерде ешқандай коммуникацияның, соның ішінде су құбыры жоқ екенін анықтадым. Сусыз қалай өмір сүруге болады? Неліктен коммуникациясы жоқ жерден жер учаскелерін бөледі? Облыс әкімі жер учаскелері бүкіл коммуникациясы бар жерден бөлінуі тиіс деп айтып еді ғой.

– «Атырау Су Арнасы» КМК су құбыры торабын және канализация салумен айналыспайды. Водников-2 ықшамауданының және қаланың басқа ықшамаудандарының жаңа көшелеріндегі инженерлік коммуникацияларды жобалау мен салу мәселелері қалалық құрылыс бөлімінің құзырында.

 

КӨПТЕН КҮТКЕН ШЫҒЫРШЫҚ

– Биылғы жылдың қысында «Минутка» кафесінен Баймұхановтағы халыққа қызмет көрсету орталығына дейінгі Бірінші учаскенің бүкіл жеке секторы Махамбет көшесіндегі ұзындығы 700 м болатын су құбыры қатып қалғандықтан, екі ай бойы сусыз қалды. Су құбыры аса тереңдікте жүргізілмегендіктен қатып қалған. Су беру тек 15 сәуірде қалпына келтірілді. Жағдай қайталанбас үшін қандай шара алмақсыздар?

– Қала әкімі қаладағы және қала маңындағы бүкіл аудандарда су қысымын қалпына келтіруге айқын нұсқау берді. Биыл Баймұханов көшесінен Железнодорожный көшесіне дейінгі Махамбет көшесінің бойындағы су құбыры Киров көшесіндегі магистралды су құбырымен шығыршықталады, содан соң сумен қамту қалпына келтіріледі.

– Верхняя Садовая көшесіндегі 11 үйдің тұрғындары атынан хабарласып отырмын. Баймұханов-Мечников көпірін салу кезінде сумен қамту жүйесін шеткері тұрған біздің үйден тұйықтады. Қыста осы желі қатып қалды. Біз әлденеше рет осыған қатысты «АСА»-ға хабарластық, тіпті жағдайды анықтау үшін келуге уәде берген кәсіпорынның бас инженеріне бардық. Алайда бас инженер ақыры келген жоқ. Биыл желі қатып қалмас үшін не істеу керектігін білгіміз келеді?

Светлана ЯРОШЕНКО

– 2012 жылғы күрделі жөндеу жоспары бойынша Верхняя Садовая көшесіндегі су құбыры Белинский көшесіндегі су құбырына қосылып, шығыршықталады.

– Алмалы поселкесіне су құбырын салу жоспарланған ба?

Назгүл

– «Атырау Су Арнасы» КМК Махамбет ауданын сумен қамтумен айналыспайды. Алмалы поселкесін сумен қамту мәселесі бойынша сізге аудандық әкімдікке хабарласқан жөн.

 

«КРОТ» ТІСІН ҚАЙРАЙДЫ

– Қазіргі уақытта «Атырау Су Арнасы» КМК абоненті қанша? Оларға қанша бақылаушы қызмет көрсетеді және бақылаушылардың жалақысы қандай?

– «Атырау Су Арнасы» КМК 77 мың жеке абоненттерге (бір абонент – бірнеше адамнан тұратын отбасы) және 3 300 заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді. Бақылаушылар саны 80. Олардың жалақысы 55 мың теңге және оған қоса ай қорытындысы бойынша сыйақы беріледі.

– Дифференциалдық тарифтер енгізудің тұтыну көлеміне әсер етері сөзсіз. Осылайша суды үнемдеуге қол жеткізіледі екен.  Бірақ енді сіздерге нормативтен тыс техникалық шығындарды жасыру қиынға түседі деп ойламайсыздар ма?

– Шығындар бар – 27,4%, олар норма шамасында. Негізінен олар ыдыс құрылғыларын, су тазарту стансасындағы сүзгілерді жуудан, хлорлау процесінен және басқалардан тұрады. 

– Борышкерлерге қарсы қолданылатын «крот» қаруына қатысты жағдай қалай?

– Оны түрліше – «крот», «таракан», «спрут» деп атайды. 17 шілдеде құрал біздің қоймамызға келді. Қазір біз құралды қолданудың заңдылығына қатысты жұмыс жасап жатырмыз. 2-3 күн бұрын құлақтандыру дайындаймыз. ПИК-ке де хабардар етеміз. Уәде бергенімдей, сынаққа баспасөзді де шақырамын. Борышкерлердің жекелеген пәтерлеріндегі канализацияны жауып тастайтын боламыз.

– Жеке үйді салу кезінде ауыз суды пайдаланғаны үшін, тіпті су есептегіш арқылы тұтынылса да айыппұл салынатындығы рас па?

– Ауыз суды құрылысқа пайдалану үшін қосуға рұқсат алып, ойым орнатқаны үшін төлемақы төлеп, есептегіш құралын орнату керек. Егер аталмыш шарттар сақталса, төлем су өлшеу көрсеткіштері бойынша жүргізіледі. Бұл шарт бұзылған жағдайда, төлем тұрба құбырының қимасы бойынша қосымша су көлемі үшін есептеледі.

 

АЛ ІС ЖҮЗІНДЕ ҚАНША?

– Авангардтың 4-ықшам-ауданындағы №6 үйде «Жазира» ПИК-інің қызметкерлері жертөледен шлангымен салқын су шүмегін шығарған еді. Онымен балалар жиі ойнайды, кейде шүмек ашық күйде қалып қояды. Өткен жексенбіде шланг тұрбадан ажырап қалып, күні бойына ауыз су жертөлеге құйылды. ПИК бұған еш мән бермейді. Таза су кеткені үшін кім жауапты? Біздер, тұрғындар бұл жағдайда қандай әрекет жасауымыз керек? 

Лилия

–  Сіздің өтінішіңізде көрсетілген фактілер расталды. «Атырау Су Арнасы» КМК мамандары Авангард 4-ықшамаудандағы №6 үйдің жертөлесін тексеріп шықты. Шүмек алынып тасталды, су кеткені үшін ПИК төлем жүргізді. Үй тұрғындары ПИК жұмысына бақылау жасаулары керек. Бұл жағдайда «Жазира» ПИК-інің қызметкерлері жертөлеішілік тораптарды ауыстырып, жертөлені құрғатуы тиіс.

– Неліктен суға есептегіш орнатуға мәжбүрлеп отырсыздар? Біз жөндеу жұмыстарын енді ғана бітіргенбіз. Оны бұзып, қайта жөндегіміз келмейді. Маслопромда, атап айтқанда Әуезов көшесіндегі 63 және 63А үйлерінде салқын су айлап жүрмейді, ал неліктен есеп-шоттар жаңылмай келіп тұрады?

– Табиғи монополиялар туралы заң бойынша «Атырау Су Арнасы» КМК тұтынушы есебінен су есептегіш құралымен қамтамасыз етуге міндетті. Сіздің өзіңіз де анағұрлым төмен бағамен есептегіш құралды сатып алып, орната аласыз. Тұтынушылардың есептегіш құралын орнатқысы келмейтін себебі, шамасы, тұтынатын су көлемі белгіленген нормадан көп болғандықтан шығар. Бәлкім, пәтерде тұратын тұрғындар саны үй кітабына тіркелгендер санынан көп болар. Егер абонент су өлшегішті орнатуға кедергі келтірсе, төлем 26.09.11 жылғы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі ҚР Агенттігінің бұйрығымен бекітілген сумен қамту және су бұру қызметтерін ұсыну көлемін белгілеу әдістемесі бойынша тұрбаның толықтай өткізу қабілетімен есептеледі. Үстіміздегі жыл басынан бері орталық диспетчерлік қызметке Әуезов көшесіндегі №63 және 63 А үйлерде салқын судың жоқтығы туралы шағым түскен жоқ.

 

КЕЛІСІМ-ШАРТ ҚАЖЕТ

– Қаланың сол жақ жа-ғалауындағы канализациялық тазарту құрылғысын (КТҚ) қашан іске қосады? Болашақта КТҚ қаланы техникалық сумен қамтамасыз ететін болады деген  рас па?

– Атырау облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша 2010 жылдан бастап қаланың сол жақ жағалауындағы канализациялық тазарту құрылғысының толық кешенін салу жұмыстары жүргізілуде. Оны 2013 жылы пайдалануға бермек. Суды жасыл-желек көшеттерін суару үшін биологиялық тазартудан кейін пайдалануға болады.

– Қала маңындағы поселкеде тұрамын. Үйлеріміздің қалалық канализация жүйесіне қосылмағанына қарамастан, бізді сол үшін төлеуге мәжбүрлейді. Осы заңды ма?

– Атырау қаласы әкімінің 11.06.2008 жылғы №650 шешіміне сәйкес, ағын сулары септикке құйылатын және алдағы уақытта қалалық канализация жүйесіне шығарылатын абоненттер үшін ағын сулар көлемі тұтынылған судың тең мөлшерімен белгіленеді. Егер, мәселен, бір ай ішінде тұтынылған су көлемі 12 текше метрді құраса, онда 12 текше канализация үшін де төлеуге тура келеді. 

– Оны жеке тұрғындар қалалық канализацияға немесе басқа жерге құйып жатқанын қайдан білеміз?

– Егер сіз келіспесеңіз, септикті сорып алу үшін «Арнаулы автобаза» КМК-мен келісім-шарт жасау керек. Бізге келісім-шарт ұсыныңыз, содан соң біз төлемақы талап етпейтін боламыз.

 

КӨТЕРУ СОРҒЫ СТАНСАСЫ БОЛАДЫ

– «Энергетик» ПИК-і «Атырау Су Арнасы» КМК-на Махамбет, 114 А, 114 Б, Момышұлы көшесі, 21, Канцев көшесі, 3 мекен-жайларындағы тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында салқын судың жоқтығына қатысты әлденеше рет шағымданды. Екі жылдан бері осы үйлерді №16 көтеру сорғы стансасына қосуға уәде беріп отыр. Сіздің 12.04.2012 жылғы №03/1540 хатыңызға сәйкес, Момышұлы, 21 және Махамбет көшесі, 114 А, 114 Б мекен-жайындағы тұрғын үйлердің су құбырларын №16 көтеру сорғы стансасына қосу жөніндегі күрделі жөндеу 2012 жылғы Атырау қаласын сумен қамту және су бұру объектілерін күрделі жөндеу және қайта жарақтау жоспарының жобасына енгізілген. Алайда ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Сізден жұмыстың шамамен басталатын уақытын айтуыңызды өтінеміз.

А. Швец, «Энергетик»

ПИК-інің төрағасы

– Махамбет, 114 А, 114 Б, Момышұлы көшесі, 21 мекен-жайындағы тұрғын үйлердің, сондай-ақ, №17 мектептің су құбырларын Орталық ықшам ауданының көтеру сорғы стансасына қосу биыл жүзеге асырылатын болады. Мердігер «ЦентрСтрой ЛТД» ЖШС боп бекітілді. Жұмыстарды жүргізу уақытын тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен нақтылай аласыздар.

 

ЖЫЛУҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ

– Мен Авангард 3-ықшам аудандағы №6 үйде тұрамын. Жаңа желі мен көтеру сорғы стансасы пайдалануға беріл-геннен бастап салқын сумен проблема жоқ. Ыстық су баяу арынмен жүреді, ал  демалыс күндері ол мүлдем болмайды. Авангард 2-ықшамауданындағы жылу беру қосынындағылар «АСА»-ның оларға ысытатын суды төменгі қысыммен беретінін мәлімдеді. Алайда 4-ықшамауданда мұндай проблемалар жоқ. Мәселенің мәнісі неде?

Айжан

– «Атырау Су Арнасы» КМК ұсынылған өтініш есебімен бізбен келісім-шарт жасаған абоненттерге ішуге жарамды салқын суды беруді жүзеге асырады. Қаладағы жылу қосындарына суды келісім-шарт міндеттемелеріне сәйкес жылу жүйелері кәсіпорнының ұсынған өтінімі бойынша тек шаруашылық-ауыз су қажеттіліктеріне ғана беру жүзеге асырылады. «Атырау Су Арнасы» КМК мен «Атырау жылу жүйелері» АҚ арасында өтінімдер мен келісім-шарттар жоқ, соған сәйкес су жеткізу есебі де, төлем де жоқ. Соған орай, «АСА» қаладағы жылу қосындарына ысыту үшін және жіберу үшін суық су беруге жауапты емес.  

– Сіздің салқын суды бақылаусыз алуға қатысты Атырау жылу жүйелерімен көптен бергі тартыстарыңыз жалғасып жатыр ма?

– Иә, соңғы 15 жылда бұл мәселе қозғалыссыз тұр. Басқа қалаларда тұтынушылар тек ыстық су мен салқын су үшін ғана төлейді. Бізде ыстық су беру қызметі екіге бөлінеді: су үшін және жылытқаны үшін.  

– Бірақ сіздер су өндіруге жұмсалған қаржыларыңызды қайтарып жатырсыздар ғой.

– Бірақ шығындар ескерілмейді ғой. Біздің есептеулеріміз бойынша  жылына 2-2,5 млн текшеге дейін жоғалтып отырмыз. Атырау жылу жүйелері суды салқын су жүйесінен есептегіш құралынсыз алады. Мұндай жағдай тек Атырауда ғана орын алып отыр.

– Бұл шығындар кейін бізге жүктеледі. Неліктен сотқа талап арыз бермейсіздер?

– Қиын сұрақ. Егер біз су беруді доғарсақ, қала ыстық сусыз қалады. Жалғыз ғана жол – жылу қосындарында ысыту үшін және оны тұтынушыларға жеткізу үшін «АЖЭО» АҚ-нан салқын суды сатып алуға келісім-шарт жасау керек.

 

ТІЛАЗАР АССЕНИЗАТОРЛАР

– Сарыарқа ықшам-ауданындағы №37 үйдің жанында екі құдық бар. Оған жеке ассенизациялық машиналар үнемі келіп, ол жерге канализация қалдықтарын төгіп кетеді. Мен «АСА»-ға қоңырау шалған едім. Кезекші маған машина нөмірін жазып алуға кеңес берді. Мен жазып алдым. «АСА»-ғылар оны жазып алды да, енді бұл машиналардың қайтып келмейтіндігін, қалдықтарды орталық канализацияға құюға тыйым салынғанын айтты. Бірақ бір апта да өткен жоқ, басқа машиналар пайда болды. Енді не істейміз?

Дәмеш

– Атырау қаласы бойынша ағын суларды құю нүктесін қала әкімдігі Лесхозда орналасқан КНС-2 қабылдау құдығы деп белгіледі.  Басқа канализациялық құдықтарға ағын суларды құю заңсыз боп табылады. Белгіленбеген жерлерге ағын сулар құюға жол берген тұлғалар мен мекемелерге тиісті жұмыстар жүргізіледі. Қатты жаңбыр болған кезде «Арнаулы автобаза» КМК-ның автокөлік-вакуумдарына ғана жаңбыр суын қалалық канализацияға құюға рұқсат берілген. Канализацияға рұқсат етілмеген жағдайда құйылса, 76-09-17 телефоны арқылы орталық диспетчерлік қызметке қоңырау соғуды өтінеміз.

– Авангард 3-ықшамаудан-дағы №45 үйдің алдындағы бәлен жылдан бері ағып жатқан канализацияға қатысты «АСА» диспетчерлері үнемі: «Жасаймыз» деген жауап айтады. Бірақ ештеңе өзгермейді. Жақында «АСА» қызметкерлері келіп, терең шұңқыр қазып, кетіп қалды. Лас су құйылған шұңқыр ештеңемен жабылмай қалды, иісі қолқаны атады. Шұңқырдың айналасында үнемі балалар жүгіріп жүреді. Бұл шұңқырға біреу-міреу құлап кеткенде (құдай сақтасын, әрине) ғана  кірісетін шығар.

– Аталмыш үйдің маңындағы су құбырынан су кету жойылды. Құдықты монтаждау аяқталғаннан кейін №45 үйдің маңындағы траншея жабылатын болады. Ауланың канализациялық жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр, судың кетуі анықталған жоқ. 

 

ПИК-КЕ ЖҮГІНІҢІЗ

– Біз Азаттық, 179 А мекен-жайында тұрамыз. Бізде бірнеше жылдан бері салқын суға қатысты проблема орын алып келеді.  Біздің желімізге көршілес орналасқан үш көлік жуу орны ойып орнатылған болар деп күдіктеніп отырмыз. Бұдан басқа, бөтелкеленген су шығаратын цех бізбен көршілес орналасқан.

– Азаттық бойындағы №133 үйден №181 үйге дейінгі екі қабатты және 5 қабатты үйлерге салқын су көтеру сорғы стансасымен беріледі. Үйге сырттан кіретін қысым – 2-2,5 кг. №179 А үйдегі судың жоқтығы үйішілік салқын су жүйесінің жарамсыздығына байланысты болып отыр. 

– Авангард 3-ықшам-ауданындағы №35 үйдегі салқын су қысымына байланысты проблеманы шешуге көмектесуді өтінеміз.

– «Атырау Су Арнасы» КМК мамандары 3-ықшам аудандағы №35 үйге кірер ауыздағы су құбырындағы су қысымын өлшеп, су қысымы – 3 кгс/см2 деп белгіледі. Сумен қамтуға қатысты іркілістер үйішілік салқын су жүйесінің жарамсыздығымен байланысты. Сізге ПИК-ке хабарласу қажет.

– Азаттық көшесіндегі №75 үйдің 1-қабатындағы электр қондырғылары орналасқан жерде ПИК-тің рұқсатымен бір адам тұрып жатыр. Әрине, суды және канализациялық ағын суларды бұруды рұқсатсыз пайдаланып отыр. Сіздер хабардарсыздар ма?

– Электр қондырғылары тұратын орын ПИК-тің иелігінде. Қазіргі уақытта аталмыш мекен-жай бойынша 1 адам тұрып жатыр, төлемді ПИК су тұтыну нормасы бойынша төлеп отыр. 2012 жылдың қаңтар-маусымдағы қызмет ақылары төленді.

 

СОРҒЫЛАРҒА РҰҚСАТ КЕРЕК

– Геолог поселкесінде 10 жылдан бері тұрамыз. Бізде суға қатысты үнемі проблема орын алады. Көпшілігінде су сорғылары тұр. Оларды қондыру қаншалықты заңды?

Татьяна

– Геолог поселкесін сумен қамту үзіліссіз жүзеге асырылады. Егер сізде проблема бар болса, шағым беруді өтінеміз, сол жерге біздің мамандар барып, себебін анықтайды. Жеке үйде сорғыны орнатуға рұқсат алу үшін сізге су өлшегішті пломбалау актісі мен техникалық шарт көшірмесі тіркелген өтінім беру керек.

 

ЕКІНШІ ЕСЕПТЕГІШ ОРНАТҚАН ЖӨН

– Мен жеке үйде тұрамын, биыл үйдің жанына жол бойына бірнеше ағаш отырғыздық. Оларды су құбырының суымен суарамын, бұл тиімсіз. Басқа баламасы бар ма? Егер жоқ болса, мен сияқтыларға су үшін төлегенде жеңілдіктер бола ма?

– Бізде аулада бақша мен жеміс ағаштары бар. Шарбақтың сыртындағы үй жанына да ағаш отырғыздық, оған да күтім жасаймыз. Бізді суару тұрғысында қолдасаңыздар екен. Мен екі жолын көріп отырмын. Суару үшін екінші есептегішті қою керек (азайтылған тарифпен) немесе бастапқыда мақсат етілгендей Ерік-Мостовойдың суын пайдалану қажет.

Екатерина, Жерұйық ықшамауданы

– Керемет жол – екі есептегішті қою: бірі шаруашылық мұқтаждығы үшін, екіншісі суару үшін. Сізге су өлшегішті орнатып, есептегішті пломбалау үшін өтінім беру керек. Суару уақытын Атырау қаласының әкімдігі 00.00-ден 06.00-ге дейін  бекіткен. Бұл жағдайда канализация көлемінсіз есептеледі, әр текше метр су үшін - 24 теңге.

– Жұлдыз, Көктем, Водников, Жұмыскер және т.б. ықшам аудандарда суарма су құбырын қашан салады? Адамдар ағаштар отырғызар еді және ауыз су шығындалмас еді. Қане, осынау шаңдақ ықшамаудандарды болашақ ұрпағымыз үшін көгалдандырайық!

–«Атырау Су Арнасы» КМК тек ауыз сумен қамту қызметін ғана ұсынады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Атырау ықшамауданынан Лесхозға дейін суарма су құбырын жобалау мен салу жұмыстарын бастады.

– Ал сіздер жеткізбейтін техникалық суға қатысты ше? Егер өзіндік құны бойынша сіздің суыңыз қымбат болса, оны көлік жууға пайдалану астамшылық емес пе?

– Көлік жуатын орындарға жорамал жасай алмаймыз. Орташа алғанда бір көлікке 10-15 литрге дейін су кетеді. Біз мониторинг жүргіздік, олар суды көп қолданбайды. Содан кейін, олар үшін айналымдық сумен қамту талаптары бар. Олар суды тұндырып, сүзгі арқылы өткізіп, қайтадан сол сумен жуады.

 

ХАТ ЖАЗЫҢЫЗ

– Неліктен сағат 18.00-ден кейін тек бір апат бригадасы ғана кезекшілік етеді.

– 18.00-ден кейін бізде 2 бригада кезекшілік етеді: бірі тәулік бойына, екіншісі – резервте.

– Сарыарқа ықшам-ауданындағы №37 үйдің ауласындағы тұрбаны ауыстыру өтінішімен әлденеше рет «АСА»-ға хабарластық. Балалар алаңын салғымыз келді, алайда тұрбадан үнемі су ағатындықтан, мұны істей алмай отырмыз.

– №37 үйдің маңындағы «Сарыарқа» жылужайына апаратын су құбырын күрделі жөндеуді қалалық ТКШ бөлімінің тапсырысы бойынша биыл бас мердігер мекеме жүргізетін болады.

– Онлайн-конференцияға дайындық кезінде және сұрақтарға талдау жасаған уақытта сіздің шаруашылықта проблемалардың көп екендігі айқын болды. SOS сигналдары қаланың бүкіл аудандарынан дерлік түсті. Сіз бұған қандай комментарий бересіз?

– Біз қазір бүкіл аудандарды болат құбырларды жаңа полиэтиленді сумен қамту жүйесіне көшіріп, су қысымын біркелкі ету үшін оларды шығыршықтаймыз. Соңғы ауыстыру жұмыстарын 13 шілдеде жасадық. Айтпақшы, ауыстыру кестесі туралы бүкіл ақпарат біздің www.suarnasy.kz сайтында бар. Жаңа желілерге ауыстырылған аудандарда, соның ішінде бұрын проблемалы болған Жұмыскер, Жұмыскер-2, Сарықамыс, Сарықамыс-2 ықшамаудандарында судың бар-жоғына мониторинг жүргізіледі.

Сөз соңында айтарым, атыраулықтар апат қызметіне өтінімдер рәсімдеп, өз сұрақтарын біздің сайтымызға жолдай алады. Күн сайын жаңа хаттарды қарап шығып, «Атырау Су Арнасы» КМК қызметтеріне тиісті нұсқау беремін. Бірде-бір хат назардан тыс қалмайды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 шілде 2012, 20:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.