Атырау, 26 желтоқсан 00:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Хал нешік? Бәрі жақсы

3 962 просмотра

20 шілдеде облыстық мәслихаттың депутаттары сессияда облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ 2012 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша жасалған есебін тыңдады.

Аймақ басшысы өз есебін 2011 жылдың қорытындысымен бастады. 

– Өткен жылдағы жалпы өнім құрамы  3,3 трлн теңгені құрады. Ол 2010 жылғы деңгейге қарағанда 491 млрд теңгеге немесе  17,4% артық болып шықты. Бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша жоғары, яғни,  жан басына шаққанда - 42 мың доллардан келді,- деп атап өтті әкім.  Депутаттар бұған ду қол шапалақтады. Одан әрі олар әкімнің сөзіне бірнеше рет қол соғып қолпаштап отырды. Әкімнен соң іле-шала сөз алған ақсақал Индерборда салқын судың тіпті, бесінші қабаттың шүмегінен  бұрқақша атқылап жатқандығын баяндады. 

БЮДЖЕТ. Өнеркәсіп өнімдерін шығару көлемі өткен 6 айда 2,1 трлн теңгені құрады және ол Қазақстан бойынша жалпы көлемнің 28% болды. Осылайша мемлекеттік бюджетке және ұлттық қорға түскен табыс  1 трлн 31 млрд теңгені  құрады және ол өткен жылға қарағанда 16% артты. Аймаққа инвестицияның бөлінуі  486 млрд теңгені құрады.

Соңғы екі жылда облыста 82 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, соған орай  2,2 мың жұмысшы орны құрылды. Индустрияландыру картасына 35 млрд теңгеге тағы да 6 жобаны енгізу  және 800 жұмысшы орнын ашу жоспарланып отыр.

ІРІ ЖОБАЛАР. Президент облыстық әкімдікке ірі инвестициялық жобаларда қазақстандық үлесті ұлғайту  мәселесін реттеуді тапсырды. Бізге шетелдерден тауарлардың 15 мыңнан аса түрлері  әкелінеді, ал, олардың көпшілігін Қазақстанның, тіпті Атыраудың өзінен  шығаруға және сатып алуға болады. Тіпті, ауыз су мен қол сүртетін қағазды да әкеледі. Тауарлардың тізімі мен тендердің өткізілетін уақыт күні бұрын хабарланбайды, сондықтан да отандық жеткізушілер мен тауар өндірушілер оған дайындалып үлгермейді. Үкіметке осы мәселелерді заңмен реттеу жөнінде  ұсыныс жолданды. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарлама аясында жыл басынан бері 3,4 млрд теңгенің 30 жобасы мақұлданып, қаржыландырыла бастады. Бүгінде облыс басшылығы тағы 40 жобаға қосымша қаржы сұрап отыр.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ. Жыл басынан бері облыста 7,5 мың жаңа жұмыс орындары құрылды, оның 73% – тұрақты. Бүгінгі таңда 1,8 мың жұмыссыз  40 мамандық бойынша оқытылып, олардың оқу ақысын, пәтер шығындары мен шәкіртақыларын компаниялар төлеп отыр.  Жаңа жұмыс орындарын ашу немесе сақтап қалу жөнінде 852 жұмыс берушілермен Меморандум қабылданды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 3 500 адамды жұмысқа орналастыру үшін175 жұмыс берушімен келісімге қол қойылды, 218 жұмыссыз жаңа мамандыққа оқытылуда. Бұрын бөлінетін шағын несиенің көлемі 200 млн болса, биыл қосымша қаражат алып, 400 млн теңгеге дейін көбейді. Нәтижесінде аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,9% дейін төмендеді.  Бұл -  республикадағы ең үздік көрсеткіш.

БАЙШОНАС ПЕН ЕСКЕНЕНІ КӨШІРУ. «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, қаржы көзін табу нәтижесінде көшіру нақты қолға алынды.  Қаражат түскен бойда осы күзден бастап, келесі жылдың ортасына дейін көшіріліп болады деп жоспарланды.

ЖАЙЫҚ. Құны 2,1 млрд теңге тұратын тереңдету жұмыстары жоспарланып отыр. Бөлінген қаражаттың есебінен Жайық өзенінің әбден тарылып, бітелген 19 учаскесі тазартылып, 8 ескі су арнасына шлюздер орнатылады.

ГАЗДЕНДІРУ.Аймақ басшысының айтуынша Азғырдан басқа барлық елді-мекен табиғи газбен қамтамасыз етілген. Енді ескі газ құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілмек. Осы жоба аясында Индер ауданының Елтай селосындағы төменгі қысымды жерасты газ құбырының құрылысы басталды. Құрманғазы ауданының кішкентай 12 елді мекенін газдендіру жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.

ЖОЛДАР. Индер ауданының Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай селоларының кірме жолдарына күрделі жөндеу жүргізілуде. Сол сияқты, Махамбет ауданының Алмалы, Таңдай селоларының кірме жолдары, «Махамбет-Сарытоғай» жолы қайта салынуда. Ал, Жалғансайдың кірме жолын  жөндеуге жобалық құжаттар әзірленуде.

БАЛАБАҚША ЖӘНЕ МЕКТЕП. Алмагүл және Нұрсая ықшам аудандарынан 760 орындық балабақша салынатын болады. Бұл мақсатқа 604 млн теңге бөлінді. Бұдан басқа, Атырауда салынып жатқан үйлердің бірінші қабаттарын балалардың шағын орталықтары үшін сатып алу және қайта жабдықтауға  1,8 млрд теңге бөлініп отыр.

Биылғы жылы Атырауда 3 балабақша ашылды, жыл аяғына дейін қалада 624 орындық бір мектептің, төрт  балабақшаның құрылысын және 13 балабақшаны жаңғырту жұмыстарын аяқтап, қосымша 2000 бүлдіршінді орналастыру көзделуде. Сондай-ақ, Кіші өнер академиясының жатақхана құрылысы жүргізіліп,  техникалық гимназияның 624 орындық жаңа ғимаратының құрылысы басталатын болады.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ.  Жергілікті бюджет есебінен аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 500 студенттің жоғары оқу орнындағы ақысын төлеуге қаражат бөлу жалғастырылмақшы. Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін 80 пәтерді сатып алуға қаржы бөлінді.

ДЕМОГРАФИЯ. Соңғы кезде туу деңгейі 14,4% өсіп, жалпы өлім 15% азайды. Сәбилер өлімі 21%, ана өлімі – 18% төмендеді. Шағын елді мекендерде 18 дәрігерлік амбулатория жетіспейді.

СУМЕН ҚАМТУ. Қаланың сол жақ жағалауында құны  9 млрд теңге тұратын КОС-тың (кәріздік тазарту станциясы) құрылысы аяқталады. №2 су сүзгіш стансасын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.

ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ. Құлсары қаласының бас жоспары жасақталуда. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 3 жыл бойына аудан орталығына 3,4 млрд теңге бөлінетін болады. Сондай-ақ, аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша облыстың 18 елді мекенін абаттандыруға қаржы бөлінді.

Бірінші жартыжылдықта 280 орындық бір балабақша ашылды. Жыл ішінде 1 балабақшаның, 624 орындық  мектептің құрылысын, бір балабақшаның жаңғырту жұмыстары мен салынып жатқан аудандық емхананы аяқтау жоспарланған. Тұрғызба селосының  кірме жолы күрделі жөндеуден өтуде, сондай-ақ Шоқпартоғайдың осындай жолын жаңғырту  көзделіп отыр. Жалпы құны 1,1 млрд теңге тұратын ауқымды жұмыс — төрт елді мекеннің (Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Майкөмген) поселкеішілік су құбыры желілері салынатын болады.

- «Игілік» бағдарламасы аясында бүгінде 53 мыңнан астам халқы бар Құлсары қаласының су жүйесі  90%  жаңартылды, – деп хабарлады Б. Рысқалиев. – Шағын аудандарды, кварталдарды  қосу жыл аяғына дейін аяқталады.

ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ. Биылғы жылы бұл ауданда жалпы құны  8 млрд теңге болатын жобалар  іске асуда. Осы жылы Байда, Шортанбай елді мекендерінде спорттық ангарлар мен Ганюшкино  селосында спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Ауданның 5 орта мектебінде  спорт алаңдары салынуда. 19 елді мекенде су тазарту имараттары мен селоішілік су құбырларын жаңарту жүргізіліп жатыр. Олар да осы жылдың аяғында аяқталады деп көзделіп отыр.

ИНДЕР АУДАНЫ.  Балалардың 200 орындық демалыс лагері пайдалануға берілді. Биыл 300 орындық  орта мектептің құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ, аудан орталығында спорттық кешенінің құрылысы, Есбол селосында дене шынықтыру – сауықтыру кешенін салу жұмыстары жалғасып, ауданның5 орта мектебінде спорт алаңдары салынуда. 18 елді мекенде су тазарту имараттары мен селоішілік су құбырларының құрылысы жүргізілуде.

ИСАТАЙ  АУДАНЫ. Ауданның 4 елді мекенінде (Исатай, Нарын, Забурын, Зинеден) су тазарту имараттары мен 6 ауылда су құбырлары жүргізілуде, оның үшеуінің құрылысы осы жылы аяқталады. Исатай селосына дейінгі кірме жол мен селоішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ауданның 5 орта мектебінде  спорт алаңдары салынуда.

ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ. «Кереген – Сағыз – Жамансор» топтық су құбыры іске қосылды. «Тасшағыл – Қаракөл» су құбырлары желісінің құрылысы аяқталып, «Тайсойған – Қоныстану – Қосқұлақ» су құбыры күрделі жөндеуден өтті. 12 елді мекеннің су құбырларын салудың жобалық құжаттары жасақталып, Миялы селосында  су құбырлары желісінің  құрылысы мен жаңғырту жұмыстары басталды. Миялы мен Сағыз арасындағы жол құрылысының биыл аяқталып, Миялы – Қарабау учаскесіндегі жолды жаңғырту көзделіп отыр. Биыл Сағыз селосындағы спорттық кешеннің және ауданның 5 орта мектебінде спорт алаңдары қолдануға берілмек. 

МАҚАТ АУДАНЫ. Биыл Доссор поселкесінде 300 орындық  орта мектеп іске қосылады. Қазір 160 орындық балабақшаның  құрылысы  жүргізіліп,  ауданның 5 орта мектебінде  спорт алаңдары салынуда. Мақат пен Доссорда су құбырлары желісін  жаңарту мен салу жұмыстары жүргізілуде.

Бергей Рысқалиев Доссордағы тозығы жеткен үйлерде судың жоқтығы туралы БАҚ жарияланған мақалаға орай түсінік берді:

– Көрсетілген үйлер тұрғындардың жекешелендіріліген меншігінде. Сондықтан да бұл жағдайда ескі үйлердің орнына  жаңа үй беруге негіз жоқ. Су жоқ дегендері шындыққа жанаспайды. Биылғы жылы су құбырын жөндеу үшін  1,5 млрд теңге бөлінді, бұл жұмыс келер жылы аяқталады.

МАХАМБЕТ АУДАНЫ. Бүгінде Бейбарыс селосында 300 орындық орта мектептің құрылысы аяқталуда. Алмалыда балалар лагерінің және Ақтоғайда 120 орындық мектептің құрылысы басталды. Ауданның 5 орта мектебінде  спорт алаңдары салынып, алдағы уақытта ангарлық типтегі сауықтыру-спорт кешенін салу  жоспарланған.  17 елді мекен және мөлтек аудандарда поселкеішілік су құбырлары желісін  жаңарту жұмыстарына қаражат қаралды. 8 нысан биыл бітеді. Апатты жағдайдағы Индер-Махамбет магистральды газ құбырын ауыстыру, Редут-АГРС «Финская»-2-ші желі магистральдық газ құбырының құрылысын жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Бейбарыс және Береке ауылдарына дейінгі кіреберіс жолдар жөнделу үстінде.

ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІ. Қаншама жаңа тұрғын үйлердің беріліп жатқандығына қарамастан тұрғын үй кезегіндегілердің  саны барған сайын өсіп келеді. Бүгінгі таңда олардың саны  11 мың  адамды құрап отыр.

– Қала әкімі Асқар КЕРІМОВКЕ комиссия құрып, тұрғын үй кезегіндегілердің баспанаға қаншалықты  мұқтаж екендігін тексеруді тапсырамын, - деді Б.Рысқалиев. Ол сондай-ақ, осы жылдың аяғына дейін 2010 жылға дейін арыз берген кезектегі адамдардың барлығы бірдей пәтер алатындығына уәде берді.

ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ. Алдағы 2012-2013 жылдың жылу маусымына дайындық жұмыстарына қосымша  бес ауданның (Индер, Мақат, Қызылқоға, Жылыой, Құрманғазы) әлеуметтік нысандарын газге қосуға, жылу, кәріздік жүйелерін жөндеуге қосымша 400 млн теңгеден, сондай-ақ, 34 білім беру, 16 денсаулық сақтау мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 шілде 2012, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.