Атырау, 22 қараша 19:06
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Сталиннің бункері және қарызға батқан стадион

Сурет
3 154 просмотра


Мерекелік және демалыс 4 күнімді пайдаланып, мен Самара қаласына жол тарттым. Еділдің жағасындағы қала басқа көрнекіліктерімен бірге Сталиннің ең сенімді бункері орналасқан қала ретінде танымал, ал жаңа, үлкен стадионда күні кеше ғана футболдан әдем чемпионатының бірнеше матчы өткен еді.

СТАЛИННІҢ БУНКЕРІ

КСРО-ның бұл құпия нысаны Еділдің жағасында, Самара мемлекеттік мәдениет институтының дәл астында орналасқан. Ол туралы тек 1990 жылы жария болды. Сол кезден бері 28 жыл өткенмен, Сталин бункері әлі музей статусын алмаған. Сондықтан болар, күніне бар-жоғы 5 сағат жұмыс жасап, демалыс күндері жабық тұрады. Жалғыз адамды жібермейді, тек топпен аралауға мүмкіндік бар.

Бункерге кірер есік шағын аулада орналасқан. «Тіпті көрші тұрған үйлердің тұрғындары КСРО-ның мұндай ғаламат құрылысы туралы еш хабарсыз болған. Кейін бәрі аң-таң болды», дейді өткізу пунктіндегі кезекші күзетші. КСРО кезінде бұл жерде НКВД қызметкерлері отырған.

№1 нысан – бұрын бункер осылай аталған. Тапсырылған кезінде тереңдігі 37 метрді құраған, бұл 12 қатарлы үйдің биіктігі. Жергілікті тарихшылар бұл жерде Сталиннің болған-болмағанын нақты білмейді. Сталиннің сүйікті қызы Светлана соғыс кезінде Куйбышевта (1991 жылы тарихи атауы қайтарылғанға дейін қала осылай аталған) эвакуация кезінде осы сенімді жерде тығылған деседі. Алайда бункер тек 1943 жылы дайын болады, бұл кезде Куйбышевқа тіпті немістердің барлаушы ұшақтары да ұшпайтын еді.

Бункер құрылысы 1942 жылдың ақпанында басталған. Бұл уақытта Мәскеуден Куйбышевқа кеңес үкіметі мен 22 шетелдік миссия көшірілген еді. 




Бункердің жеке ауа өңдеу жүйесі мен электр станциясы бар. Айтпақшы, олар әлі жұмыс істеп тұр. Беріктігін сақтаған бункер сыртқы байланыссыз бес тәулік бойы жұмыс істеуге есептелген. Ол сол кездегі ең үлкен әуе бомбасы тіке түскен жағдайда да шыдайтындай қылып салынған – бұл құрылыстың үстін қалыңдығы үш метр болатын монолитті бетон, құмды қабат және тағы бір метрлік бетон жауып тұр.

Төменге баспалдақпен түсесің, ал Сталин үшін лифт орнатылған, ол лифт әлі де ұзақ жылдар жұмыс істейтіні анық. 1990 жылы бункерді құпиясыздандырған кезде бұл жердегі телефоннан тікелей Кремльге хабарласуға болатын еді. Кейін ел басшысының мазасын алмау үшін телефон желісін алып тастаған.

Ең төменгі қатарда демалыс бөлмесі мен жиналыс залы орналасқан. Сталиннің демалатын бөлмесі Кремльдегі кабинетін қайталап тұр, тек көлемі шағындау: паркет, қабырғалардағы емен панельдер, жасыл шұғалы үлкен үстел, ақ қалпақты шам, қабырғаға қондырылған бралар және ақ тыспен қапталған диван. Және Сталин ардақ тұтқан екі қолбасшы - Суворов пен Кутузовтың портреттері.

«САМАРА-АРЕНА» 

Бұл жерде 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатының бірнеше матчы өткізілді. Дәл осы стадионда қатаң іріктеуден кейін біздің атыраулық жігіттің ерікті болып еңбек еткені «АЖ» оқырмандарының естерінде болар. 



Спорт аренасы қала ландшафтының ең биік нүктесінде орналасқан. Жағалай қарағайлар, ән салған құстар, үйректер жүзіп жүрген шағын көл. Шулы көшелерден біршама алыс, алайда самаралықтардың өздері қаланың ортасы санайды.

Стадион ұшатын табақшаға ұқсайды. Ол бекер де емес – Самара Ресейдің ғарыш астаналарының бірі болып есептеледі.

FIFA мәліметтері бойынша, әлем чемпионатының алты ойынында Самара стадионына шамамен 248 мың жанкүйер келген. Кейін жергілікті билік стадионды әрі қарай күтіп ұстауға қаржы таба алмады: стадионды пайдалану жылына 500 млн рубльге тең, ал құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін кем дегенде миллиард рубль тағы керек. Айтпақшы, жиналған қарыздар үшін жақында стадионның жарығын өшіріп тастапты.

АЙ, САМАРА ҚАЛАСЫ

Орал мен Самараның арасы бар-жоғы 260 шақырым, жолда «Сырым» шекара бекеті бар. Жолы тақтайдай (Атырау-Астрахан жолымен салыстырғанда), соның өзінде ресейлік бетінде жол бойында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалада сауда үйлері өте көп, сондықтан Батыс Қазақстан облысының тұрғындары көбіне сол жақта сауда жасайды: рубльге ауыстырғанда тауар бағалары арзандау әрі таңдау да көп.

Автобустардан бөлек қалада трамвай, троллейбус, метро бар. Самаралықтардың өздері көбіне трамвайға мінеді: тез әрі қауіпсіз. Мүмкін, трамвайларды әйел адамдар жүргізетіндіктен шығар?

Фархат ӘБІЛОВ

Атырау-Самара-Атырау

Суретті түсірген автор


4 қыркүйек 2018, 09:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.