Атырау, 24 қараша 17:05
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жобаға үзіліс жасалды

2 596 просмотра

Қазақстандық тараптың «Теңізшевройл» ЖШС-нің жаңа жобаларына едәуір наразы екендігі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВТІҢ Атырауға сәуір айында келген сапарында айқын болды. Содан бері бірнеше ай өтті, ал ірі инвесторлармен алауыздық тек күшеюде.

Бейресми дереккөздерден белгілі болғандай, «Самұрық-Қазына» Теңіздегі Келешек кеңею жобасын (ККЖ) жүзеге асыру жұмыстарын тоқтатып қойған. Қалай дегенмен де, ТШО биыл ККЖ шеңберінде эскиздік жобалауды бастауды, яғни, жұмыстың маңызды практикалық бөлігіне кірісуді жоспарлаған еді. Алайда біздің жолдаған сауалымызға «Самұрық-Қазынаның» берген жазбаша жауабына қарағанда, эскиздік жобалау кезеңі келесі жылға қалдырылып отыр деуге болады. Бұған қазақстандық тараптың ККЖ және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ҰЕҚБЖ) аясында ТШО таңдаған «Теңіз кенішінен мұнай өндіру технологиясының... лайықты екендігіне» күмән келтіруі себеп болды.

Қазір осы технологиялық сызбаларды ТШО-ның серіктестері қарастыруда, олардың қатарында «Қазмұнайгаз» ҰК да бар. «Самұрық-Қазынаның» жауабында айтылғандай, қарау кезінде «пайдалану объектілерінде көмірсутек шикізатының қорын тиімді өндіру бойынша кенішті игеруде келісім-шарт және келісім-шарттан кейінгі кезеңдегі ел мүддесі және жоба бойынша қазақстандық құрамды көбейту қаперге алынатын болады... Осы жоба бойынша мүдделі тараптар... үстіміздегі жылдың аяғына дейін келісілген шешімге келетін болады».  Яғни, жоба авторларына эскизге қатысты аса асықпаған жөн, іргелі жайттар әлі мақұлданған жоқ.

Кенішті тиімді игеру және келісім-шарттан кейінгі кезең жөнінде ескертулер жасалуы кездейсоқ емес. Естеріңізге салсақ, сәуір айында Теңіз кенішіне келген сапарында Өмірзақ Шөкеев былай деп мәлімдеген еді: «Кеніш инвесторлармен жасалған келісім-шарт әрекет еткен уақытта ғана емес, ол аяқталғаннан кейін де халық игілігіне жұмыс жасауы тиіс. Келісім-шарт мерзімі аяқталғаннан кейін бұл жерде не қалады? Салдары қандай болмақ? 2033 жылы мемлекет кірісі ше? Бізді осы мәселелер мазалайды».

Жобадағы қазақстандық құрам туралы мәселе де аса даулы боп қалды. Әңгіме электр желілерімен, бақылау-өлшеу аспаптарымен және аппаратуралармен, тұрба бекіткіштерімен жарақталған дайын модульдер пайдаланылатын ККЖ объектілерін салу сызбасы туралы болып отыр. Мұндай сызбаның қазақстандық компаниялардың қатысуын азайтары анық. Мұның өзі ірі шетелдік инвесторлардың жер қойнауын пайдалану келісім-шарттарында қазақстандық құрам үлесі бұрынғыша 7-15 пайыздан аспайтын кезде орын алып отырған жайт.

Қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау жөніндегі жұртшылық тыңдауларында экологтардың ТШО-ны мұнайды жыртқыштық әдіспен өндіріп жатыр деген айыптауларынан, дайын модульдерді әкелуге қарсылық білдірген наразылықтарынан басқа, компанияны кадрларды жалдау процедурасын ашық жүргізбейді деп кінәлағанын еске түсіре кеткен жөн. Біз әдетте өзара бытыраңқы, қарама-қарсы мүддедегі биліктің, тәуелсіз экологтар мен құқыққорғаушылардың осы жобаға бірауыздан қарсы тұрғанын алғаш рет таңданыспен бақылаған шығармыз.

Сол кезде қазақстандық тараптың мұнай компаниясы таңдаған технологияға наразы екендігі белгілі болды. Мұнда «ҚазМұнайгаз» компаниясы төрағасының орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ мәлімдегендей, бірнеше нұсқалар қарастырылған, алайда ТШО қазақстандық мамандар қарсы болған технологияны таңдапты.

ТШО-ның жаңа жобасына қойылған талаптардың салмақты екендігін «Самұрық-Қазына» басшысының сапарынан кейін орын алған фактілер растап отыр. Мәселен, Шөкеевтің әжептәуір өткір айтылған ой-пікірі билік қолындағы газеттерде жария етілді. Екіншіден, ол Теңіз кенішіне барғаннан кейін келесі күні, 24 сәуірде елдің ақпарат агенттіктері президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Шеврон» корпорациясының Директорлар кеңесінің төрағасымен жәнебас атқарушы директоры Джон УОТСОНМЕН (суретте) кездескендігі туралы хабарлап жатты. Жұртшылық назарына олардың әңгімесінің егжей-тегжейі жария етілген жоқ.

Қазақстандық тараптың ККЖ-ның негізгі кезеңдері бойынша қарсылығы, дөрекі түрде айтқанда, инвесторға әлеуметтік салаға ақша сорып алу мақсатында жасап отырған кезекті шабуылы боп көрінбейді. Әңгіме, шамасы, шынымен де «келісім-шарт және келісім-шарттан кейінгі кезеңдегі ел мүддесі» туралы болуы керек. Бұл жерде ең алдымен істің қаржылық жағы маңызды. ККЖ (алдын ала) 20 млрд доллар тұрады, ал ҰЕҚБЖ құны - 6-дан 8 млрд долларға дейінгі шамада. Теңіздегі инвестордың барлық шығындары өндірілген мұнай есебінен, яғни, іс жүзінде Қазақстанның есебінен өтеледі. Ендеше, бізге қайсысы тиімдірек: а) 2033 жылға дейін мұнайды көбірек өндіру үшін ККЖ мен ҰЕҚБЖ жобаларына 30 млрд доллар шамасындағы қаржыны салу ма (содан кейін шөп шықпай қалса да), әлде б) өндіру көлемін күрт арттыру жобасынан бас тартып, 30 млрд долларды үнемдеп, мұнай өндіруді анағұрлым шығыны аз және қауіпсіз технологиялармен шамалап өндіріп отырған тиімді ме?

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

18 шілде 2012, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.