Атырауға АИТВ вирусын таратқандардың жартысы - Өзбекстан елінің азаматтары. Алайда Қазақстанға жұмыс жасауға келген шетел азаматтарына АИТВ-ға қарсы анализ тапсыруды міндеттейтін заң жоқ. Бұл ақпарат «21-ғасыр обасына» арналған отырыста айтылды.
Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының директоры Нұрғабыл АЙТМҰХАМБЕТОВТЫҢ айтуынша, Қазақстанның батыс бөлігі ЖИТС-тің (СПИД) аз таралған аумағына жатады. Дегенмен соңғы жылдары күрт өсу байқалып отыр: өткен жылы облыста вирус жұқтырған 11 науқас тіркелсе, биылғы 6 айда 17 ауру тіркелген. Қазіргі кезде облыста 15-49 жас аралығындағы 179 адам ЖИТС орталығының бақылауында, кесел барлық жағдайда науқастарға жыныстық қатынас арқылы жұққан.
- Облыс әкімдігінде болған координациялық кеңесте әрбір оқу орындарына АИТВ-ның алдын алуға қарсы сағат бөлуді сұрадық. Бұл мәселе бұрындары көтерілгенде ата-аналар қарсы болған еді. Бірақ қазір қыздар 15 жасынан жүкті болып жатыр. Дерттің алдын алатын уақыт жетті, - дейді Н.Айтмұхамбетов.
Шолпан УАЛИАМЕТОВА, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс кәсіби потология бойынша маманы:
- Шетелдіктерді АИТВ инфекциясына қарсы тексеру туралы заң бұрын болған. Не үшін алынып тасталғанын білмеймін. Атырауға кірген еңбек мигранттары туберкулез жұқпасына қарсы бағытта ғана үш ай сайын тексерістен өтеді. Бригадирлер өзбек жұмысшыларын өздері әкеліп тексеруден өткізеді. Өйткені тексерілмесе, үлкен айыппұл төлейді.
Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс фтизиатры Дәметкен ТАЙПАНОВА туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың жұмыс жасауға теріс әсер етпейтінін атап өтті.
- Туберкулездің қандай түрімен ауыратынын бұрын бірнеше аптада анықстасақ, қазір 2 сағатта біле аламыз. Біздің статистикамыз бойынша, ауырғандардың 92 пайызы емделіп шығады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор