Атырау, 25 желтоқсан 18:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Сервис салған сергелдең

2 769 просмотра

Жуырда "АЖ" редакциясына тағы да туроператорлардың әрекеттеріне наразы болған қала тұрғындары хабарласты.

ЖОҒАЛҒАН ЖҮКТЕР МЕН ТӘУЛІКТЕР

Олардың ішінде «Гүлнәр-тур» туристік фирмасының Атырау филиалынан Түркияға 10 күндік жолдама сатып алған отбасылық жұп та бар.

– Төлемақыны алдын-ала төлеу кезінде отельге берілген ваучерлерде тур мерзімі 16-26 мамыр аралығы деп көрсетілген. Бірақ біз бүкіл соманы төлеп, қолымызға ұшақ билетін алған кезде кері қайту билеті 25 мамырға берілгенін анықтадық, - деп әңгімелейді Мұрат. – Яғни, төленген 11 күн мен 10 түннің орнына тур бір тәулікке қысқарды. Біз бірден наразы болдық, ал турфирма қызметкерлері тур билеттерін үнемі осылай сататындарын, ешкімнің де наразы болмағанын мәлімдеді. Заңгерден кеңес алғаннан кейін Алматыдағы туроператордың бас кеңсесіне «жоғалған» тәулік үшін төлемді қайтаруды талап еткен арыз жаздым. Жоспарымызды бұзбас үшін Түркияға аттандық. Отельге жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8.15-те барып, тек күндізгі сағат 12-де ғана орналастық. Бізге барған бойда орналасасыздар деп уәде еткен болатын. Ал отельден 25-і күні кешке шығып кеттік. Атырауға қайтып келген кезде «Гүлнәр-тур» бас кеңсесінен хат алдық. Онда біздің жергілікті қызметкерлермен келіссөзіміз мүлдем басқаша өрбіпті. Атап айтқанда, ұшуға дейін олар бізге бір тәулік үшін төлемақыны қайтаруды ұсынған, бірақ біз отельден 25 мамыр күні сағат 12-де шығып кетуіміз тиіс деген шарт қойған, алайда кері жүру рейсіміз кешкісін болғандықтан, бізді бас тартыпты деп жазыпты. Тіпті, әңгіме олардың жағдайды қалай баяндағанында емес. Туроператор біздің тәулігімізді «жеп қойғанын» мойындап, бірақ оны түрлі сылтаумен қайтарғысы келмей отырғанында болып отыр. Мен қазір сотқа жүгіну үшін құжаттар жинақтап жатырмын.

Ал осы туроператордың көмегімен демалған үш құрбының бастарындағы жағдай басқаша. Олардың жүктері Түркиядан келмей қалыпты.

– Қайтар рейсте жүктерді тіркеу кезінде үш чемодан біздің біреуімізге қате рәсімделді, - деп әңгімелейді Диана. – Түркиядағылар проблема болмайды деп сендірген еді. Бірақ Атырауға екі чемодан ақыры келген жоқ. Бірден бізді күтіп алған турфирма өкіліне жүгіміздің жоғалғандығы жөнінде құжаттар толтыру қажет емес пе деген сұрақ қойдық. Ол жоқ деп жауап беріп, бір күн ішінде жүкті табуға уәде берді. Бірақ келесі күні турфирма қызметкерлері сөздерін өзгертіп, жоғалғандығы туралы құжатты Түркияда толтыруға тиіс екендігімізді мәлімдеді. Бірақ біз ол кезде жүгіміздің жоғалатынын білмедік қой. Біз қайтадан әуежайға барып, жоғалғандығы туралы акт толтырдық. Ал біз мұны ұшып келген күні жасауға тиіс едік. Құжатты әуе компаниясына жолдады, бірақ жүгіміз әлі табылмады. Анталия әуежайы мен әуе компаниясына соққан телефон қоңырауларымыздан да нәтиже шықпады. Біз туроператордан біздің жүгімізді табуды немесе оның құнын өтеуді талап етеміз.

 

ТАЛАПШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

– Туроператордың әуе компаниясының кестесіне кіріптар екені түсінікті. Алайда турды сатқан кезде олар туристке жағдайды түсіндіріп, одан шығу жолдарын ұсынуға міндетті, - деп бірінші жағдайға атыраулық турфирмалардың бірінің менеджері түсінік берді. – Мәселен, турист номерді сағат 12-де босатуы тиіс екендігін ескерсек, ол турды нақты болған уақытымен – 10 күн мен 9 түнге төлей алатын еді. 25-і күні сағат 12-де олар номерді босатып, содан кейін заттарын ресепшнге қалдырып,оларды әуежайға алып кеткенше кешке дейін демалыстарын жалғастырар еді. Маған сеніңіз, отельдерде бұған дұрыс көзбен қарайды, кеткенге дейін туристер теңізге шомылып, тегін тамақтана алады. Немесе кешке дейін бос номерге орналасуларына болатын еді. Бұл жағдайда номер бағасы 20-дан 50 долларға дейін құрауы мүмкін. Әдетте, егер бос номерлер бар болса, отельдегілер қуана көмектеседі.

– Ерлі-зайыпты жұптар жүгінген заңгер олардың сотта оңай жеңетіндігіне сенімді.

– Мүмкін, бірақ шынымды айтайын, ірі туроператорлармен соттасу абырой әпермейді. Әдетте, оларда өте жақсы заңгерлер жұмыс істейді және келісім-шарттары оларды кез-келген жауапкершіліктен босататындай егжей-тегжейлі жасақталған. Әйтпесе, олар 9 беттік болып, әр адамға қол қоюды талап етпейді ғой. Сондықтан жолдама сатып алған кезде тур туралы жан-жақты сұрастыру керек. Ал егер сізге ақпарат ұсынбайтын болса, басқа агенттікке бару керек. Бізге адамдар келіп, ештеңеге қарамастан турды сатып алатын заман әлдеқашан өтіп кеткен.

– Ал бұл турист Түркияда болған күндері әуежайдан қарсы алған уақыттан басқа кезде туроператордың түрік серіктесінің өкілдері бірде-бір рет келмегенін айтып, наразы болған еді. Олар өздерімен өздері болыпты деуге болады.

– Іс жүзінде түрік серіктестері туристерді алып жүрулері, номердегі бұзылған құлыптарға дейін барлық туындаған проблемаларды шешуі тиіс. Бірақ бұл үнемі жасалмайды. Мұндай жағдайда түрік агентінің кеңсесіне бірден шағымдану керек. Ал егер бұл да септігін тигізбесе, атыраулық туроператорға қоңырау шалу қажет. Өзін құрмет тұтатын туропертор бірден сіздің проблемаңызды шешуге тырысады. 

 

ЧАРТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

– Тағы бір жайт. Туристер отельдердегі агенттер ұсынатын экскурсиялардың бағалары отельден тысқары жерде жеке кәсіпкерлер ұсынатын бағадан әлденеше есе жоғары екендігіне шағымданады.

– Иә, бұл солай. Бұл операторлардың белгілі бір хаммамдармен (түрік моншаларымен), дүкендермен және т.б. келісім-шарттары бар, агенттердің де өз пайыздары болады. Бұл туралы да туристерге хабардар ету керек.

Екінші жағдайға келер болсақ, заң бойынша әуе компаниясы жауапкершілікте болады. Бірақ әңгіме ережеге бағынбайтын чартерлік рейс жөнінде болып отыр. Ал егер тіпті жоғалу фактісі дәлелденсе де, жүк үшін өтемақы оның нақты құнымен салыстырғанда тиын-тебен (ұшу билетіндегі ақпарат бойынша бір келі үшін 20 долларды) құрайды. Туроператор бірден жүктің жоғалғандығы туралы құжатты (PIR) оның толық сипаттамасымен толтыруға кеңес беруге тиіс еді. Әуежайда ауысым бастығына да жүгінген жөн болатын. Жүк Анталия әуежайында немесе әуе компаниясы тасымалдау кезінде немесе Атырау әуежайында  жоғалып кетуі мүмкін. Кейде биркасының желімі ажыратылып, оны әуежайға қалдыратын да жағдайлар кездеседі. Ал егер оның сипаттамасы бар болса, оны табуы мүмкін. Егер де чемодан жыртылып, ішіндегі заттар шашылып қалса немесе оны ұрлап кетсе, әңгіме басқаша. Біздің атыраулық әуежайдағыдай емес, Анталия әуежайының барлық жеріне бақылау камералары орнатылған.

– Қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әуе компаниясына қоңырау шалуды жалғастыра берсін. Әдетте, жүктер табылып жатады.

 

«БІЗ БӘРІНЕ ЕСКЕРТЕМІЗ»

– Біз екі әуе компаниясының кестесіне тәуелдіміз. Әрі биылғы жылдың қаңтарынан бастап түнгі рейстен басқа кері қайтатын рейс жоқ, - дейді алғашқы жағдай туралы Атыраудағы «Гүлнар-тур» филиалының директорыРаушан ЖҰМАҒАЛИЕВА.– Біздің клиентіміздің барлығы, бір рейстегі 168 адам бұл туралы хабардар. Иә, біздің менеджеріміздің басқа да жолдар туралы клиентімізге дұрыстап түсіндірмегенін мойындаймын, оған сөгіс берілді. Бәлкім, сол күні клиент көп болған шығар. Бірақ біз олардың жағдайын түсініп, олар бас тартқан жағдайда турдың ақшасын қайтарып беруді ұсындық немесе жұптар түнгі рейске дейін номерді ертерек босатулары тиіс деген шартпен бір тәуліктің ақшасын қайтарып беруге дайын едік. Біз Мұраттың жұбайына қоңырау шалғанымызда, ол жолдарынан қалмайтындарын растаған болатын.

– Егер сіздер түнгі рейске тәуелді болсаңыздар, сіздер сатып жатқан бүкіл стандартты турпакеттердің барлығы бір тәулікке аз болғаны ма?

– Бірақ рейс түнде болғандықтан клиент турда жазылғандай 26 мамырда ұшып келген болады ғой. Жоғарыда айтып өткендей, біз рейс уақытын өзгерте алмаймыз. Бұл туралы туристерге ескертеміз. Иә, біреулер номерді босатып, кешке дейін отельде еркін жүре алады. Бірақ кейбіреулер, мәселен, балаларымен шыққандар номерде қалғанды жөн көреді.

Екінші шағым бойынша– РIR құжатының бірден келген бойда толтырылмағанын мойындаймын. Түркиядан келетін рейстерде жүктер жоғалған жағдай бірінші рет орын алып отыр. Әуе компаниясы жауапкершілікте болатындығына қарамастан, біз бірден Алматыдағы «Гүлнәр-турдың» бас кеңсесіне және біздің түрік өкілімізге қоңырау шалдық. Ол сол мезет әуежайға барыпты. Бірақ жүкті таппаған. Атырау туристері ұшқан кезде Самараға рейс болғандықтан, әуе компаниясы Ресейге сұраныс жолдаған. Әзірге жауап келген жоқ. Заң бойынша жүкті 3 ай бойына іздестіреді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ суреті

11 шілде 2012, 18:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.