Атырау, 25 желтоқсан 18:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Егіздердің сырлы әлемі

8 555 просмотра

– Фотошоп қой! – дедім білгішсініп, әлеуметтік желілердің біріне отбасылық лор дәрігеріміздің кейбір жеке фотосуреттерін шығарып қойғанын көргенде. Дәрігеріміз әзілкеш болып шықты, әлгі фотосуретте бір-бірінен аумайтын екі күйеу жігіт пен қос қалыңдық күлімсіреп тұрды. Не үшін олай етті екен? Мен мұны дәрігердің өзінен сұраған едім.

Тұтқаның ар жағынан күлкі естілді. Шамасы, менен басқа да адамдар сұраған болуы керек. Олар шынымен де екеу екен:

– Ал қалыңдықтар егіздер емес, бір-біріне қатты ұқсайтын апалы-сіңлі қыздар, - деп байыппен түсіндірді Александр ТЯН.

…Олардың аналарына жүктілік кезінде «сәби кемтар біткен немесе тіпті өлі шығар, шаранадан құтыл» деп қайта-қайта кеңес берген екен. Ол кезде УЗИ болмапты. Айналадағы адамдарды айтпағанның өзінде, анасының құрсағы тіпті гинекологқа да тосын көрінген.

– Анамыз құрсағына тәрелкені қойып тамақ ішкенін, ал соңғы айларда отырып ұйықтағанын, төсекке жата алмағанын әңгімелейтін, – деп еске алады ағайынды жігіттер. Ал мен болсам «10 ерекшелікті» табуға тырысып бағудамын. Жейделері түрлі жолақты, шаш үлгілері де түрліше, бірақ бәрібір...

Кейін батыр ана күйеуіне сүйкімді үш қызына қоса бірден егіз мұрагер ұл туып берген. Бұлар көп ұрықты жүктіліктің нормасымен алып қарағанда дендері сау, алып жігіттер боп дүниеге келіпті: Саша (үлкені – ол 10 минутқа ерте туған) 3 200, ал Сережа – 3 келі салмақта болған. Айтпақшы, аналары кесар тілігін жасату ұсынысынан бас тартып, өзі босанған екен.

Олардың тұқымдарында басқа егіздер жоқ, бірақ олар арғы тегін өздерінің тек үшінші аталарына дейін ғана біледі. Шежірелерін жоғалтқан олар Қиыр Шығыстан Орталық Азияға 37-жылдары жер аударылған корей ұлтының ұрпақтары екен.

 

АЙНЫМАЙТЫН СЫҢАРЛАР

– Егіздер арасында телепатия секілді ерекше байланыс бар деген түсінік бар ғой.

– Бар деп ойлаймын, біз осынау кең таралған жорамалдың дәлеліміз, - дейді Саша. – Бала кезімізде біз келіспей-ақ бірдей ойыншықтарды жинайтын едік. Бізге бірдей сусындар мен тағамдар ұнайды. Біз бір футбол командасы үшін жанкүйер боламыз. Бірдей ойлаймыз, екеумізге де белгілі бір адамдар ұнайды, достарымыз да бір. Қыздар да екеумізге қатар ұнайтын. Бірақ біз ешқашан ұрысып, бәсекеге түскен жоқпыз. Таңдауды қыздың өзі жасайтын, біз соны қабыл алатынбыз. Екеуміздің сырқатымыз да, мәселен, бір нәрселерге аллергиямыз да бірдей. Егер біреуіміз ауырсақ, екіншімізді де қатар емдеуге болатын еді. Өйткені бәрібір ертеңгі күні екіншіміз де солай ауырып қалатынбыз. Ауруханада үнемі бір палатада жаттық. Тіпті сүт тісіміз де қатар түсті.

Бізге бірдей музыка, бірдей фильмдер, бірдей кітаптар, киімдер ұнайды. Біз бірдей киініп жүргенді жақсы көретінбіз. Жоғарғы сыныптарда үнемі назарда болудан шаршап кеттік те, түрлі киімдер кие бастадық. Бірақ олардың кез-келгені біздің гардеробта екеуден болатын. Тіпті, қазірдің өзінде егер дүкенде ұнатқан шалбарымыздың екіншісі жоқ болса, алмай кетіп қаламыз. Немесе, мәселен, телефон. Біз көп уақыт басқа қалаларда бөлек тұрдық, бір-бірімізге көріскен кезде екеуміз бірдей үлгідегі телефонды таңдағанымызды білдік, тіпті бірдей рингтонды қойған екенбіз.

Алайда бауырлардың тағдырлары ұқсас болады деген түсінікті олар қолдамайды: құдайға шүкір, аяқ-қолдарын бірдей сындырып алмаған. Алайда ғылыми бақылауларда сипатталатындай қатты бірге мазасызданатындықтары да расталып отыр:

– Арсыз боп көрінгім келмейді, бірақ біз дәрігер болғандықтан салқынқандымыз, бәріне үйреншікті нәрседей қараймыз. Бірақ өмірімде алғаш рет операциялық үстелде бауырым жатқан кезде пациенттің ауруын қатты сезіндім. Ол қолын сындырып алған болатын. Мен туыстарына рұқсат етілмегендіктен емес, физикалық тұрғыда ауырсынғаннан ассистент бола алмадым. Зақымдалған сүйекті ашқан кезде мен операция залынан шыға жөнелдім. Ал әпкеме операция жасаған кезде қатты мазаланып, уайымдаған едім, бірақ осындай күйде болған жоқпын, - деп мойындайды Саша.

 

«БІЗДІ БІР-БІРІМІЗГЕ ТАРТЫП ТҰРАДЫ»

Саша мен Серёжа бала кезден шынайы дос, кеңесші, қорғаушы бола білген. Оларды ешқашан екі түрлі командаға бөлмейтін. Олар бір-бірін аяп, жеңіле бастайтын болғандықтан, тіпті олармен ойнағылары да келмейді екен.

– 5-6-сыныпқа дейін мүлдем ешкіммен араласқан жоқпыз. Тіпті ең керемет деген достарымыздың өзі бауырыма тең келмейді, бұл салыстыруға келмейтін нәрсе, - дейді Сергей. – Ол сатып кетпейді, алдамайды, менің одан жасырар құпиям жоқ, оның да құпиясы жоқ деп сенем, - деп бауырына қарап күлді. – Басқа жақта бөлек тұрған бізге ауыр. Қазір мен үйімде тұрамын (Тяндар Үргеніште дүниеге келіп, Көкшетауда өскен, ал содан кейін тағдырдың жазуымен Сергей Үргенішке оралып, Саша Атырауға аяқ басқан). Ал Саша төрт жылдан бері осында, жағдай солай болып қалды. Бірақ біздің бір-бірімізбен сөйлеспей ұйқыға кеткен күніміз болған жоқ.

– Бізді бір-бірімізге тартып тұрады, сондықтан қайда болсақ та: Ресейде болсын, Қазақстанда немесе Өзбекстанда болсын, бір-бірімізге жақын жерде өмір сүруді ұйғардық... Біз бала кезімізден армандағандай, бір қалада өмір сүріп, бір емханада жұмыс істеп, бір үйде тұрғымыз келеді. Оның ординатурасы, жұмысы бар, бірақ мен бәрібір бір-бірімізге жақын тұратынымызға сенімдімін. Әлі есімде, 10 жаста болған кезімізде кешкі астан кейін әкеміз: «Саша үстелдің үстін жинап, Сережа ыдыс жуады» деп бізге тапсырма берген еді. Ал Сережа оны істеуді жек көретін, ыдыс жумаймын деп қиғылықты салды. Әкем ренжіп, өзімен бірге қонаққа тек мені ғана алып кетті, ал жаза ретінде оны үйге тастап кетті, - деп әңгімелейді Саша.

– Олар кетіп қалды, ал мен жылап қалдым, - деп әңгімені жалғастырды Сергей. – Ал он бес минуттан кейін машинаның дыбысын естідім. Қонаққа барған бауырымның бақытсыз түрін көрген әкемнің жүрегі шыдамай, оны машинаға мінгізіп, үйге әкелген екен. Сол күні ол: «екеуіңді енді ешқашан айырмаймын» деп уәде берді.

– Сіздер ешқашан ұрысып көрген жоқсыздар ма?

– Тек бала кезімізде болар, онда да 10 минуттан аспайтын.

 

ДӘРІГЕР БАУЫРЛАР

Олар тіпті медицина академиясында мамандықты бір емханада бір-біріне бәсекелестік туғызбайтындай мамандықтар таңдапты. Үлкені енді отоларинголог, ал кішісі – офтальмолог. Бір-бірінен аумайтын қос дәрігерден пациенттері де шатасады екен.

– Бауырымның курстасы жүгіріп келіп: бұл жерде не істеп тұрсың, кеттік, сабақ басталып кетеді деді. Мен оның шатасып тұрғанын біліп, түсіндіріп жатпастан, жарайды, бара бер, кешікпей барамын дедім. Ол аудиторияға жүгіріп барса, ол жерде Саша отырған. Курстасы есеңгіреп қалыпты. Біз кей кездері пациенттерімізбен де әзілдесіп қоямыз. Кейде өзінен өзі күлкілі жағдайлар орын алып жатады. Жақында бауырымның жұмысына бардым. Ол шақыртумен шығып кеткен екен, мен оның кабинетінде күтіп отырдым. Бір кезде дәлізден айқай-шуды естідім. Пациент кабинетке бас сұққан еді, «лор» Тянның орнында отырғанын көріп, тіркеу бөліміне келіп: «дәрігер жоқ деп өтірік айтуға ұялмайсыздар ма?» деп айқай шығарыпты. Сөйтіп, сазайымды тартқаным бар, - деп күледі Сергей.

– Екеуіңіз де әкелеріңіздің арманын орындап дәрігер атандыңыздар. Ал өздеріңіз кім болуды армандап едіңіздер?

– Біздің де арманымыз сол еді. Шамасы, маңдайымызға солай жазылған шығар. Әкеміздің даналығы сол - бала кезімізден бізді қай арнаға баулуға болатынын түсінген.

– Сіздер үнемі дәрігер боп ойнайтын ба едіңіздер?

– Жоқ, біз үнемі ойыншықтарымызға шынымен де дәрі тамызғыш салып, дәрі егетін ермегіміз болатын. Жәндіктерді кесіп, ішінде не бар екенін қарау бізге түк емес-тұғын. Тіпті кішкентай кезімізден ұсақ жануарларды препараттайтынбыз... Бақаларды, мәселен, біз мектепте биология сабағы мен академияда оқытқанша мұқият зерттеп алғанбыз, - деп күледі бауырлар. Ал мен осындай ерекше қызығушылықты дер кезінде байқап, дұрыс салаға бағыттап жібергені қандай ғанибет болған деп ойлап отырдым. «Бала тәрбиесі – басты назарда болуы керек» деген сөз дұрыс айтылған екен.

 

АЖЫРАТУ ҚИЫН

Күлкілі оқиғалар, әдейі жаңылыстыру, шытырман оқиғалар кез-келген егіздер жұбының бастарынан өтіп жатады. Бұларда да солай болған. Біреуі институтта қолы бос болмай қалса, екіншісі екеуі үшін жүргізуші куәлігіне тапсырады екен, түнгі клубтарға және дискотекаларға кіру билетін ешқашан екі рет төлемейтін көрінеді. Тіпті алыс сапарға да үнемі бір билет алады екен, бұл қулықтары кездейсоқ тек бір рет қана ашылып қалыпты:

– Пойыз стансаға жақындап қалған еді, жолсерік: «жігітім, жүгіріп барып, дәретхананы кілттеп келе қойшы» деп, менің қолыма кілтті бере салды. Мен жүгіріп кеттім, - деп әңгімелейді Саша. Ал Сергей әңгімені жалғастырды: - Ал мен ол кезде купеден шыққанда: «Жаптың ба? Кілтті бере ғой» деді. Мен түсінбей қалдым. Жолсерік кенет сілейіп қалды да, басқа жаққа қарап тұрды. Бұл вагонның арғы басынан бері келе жатқан Саша еді. Жолсерік ұзақ күліп, қолын сілтеп, бізді стансамызға келген кезде еш қиындықсыз жіберіп қойды.

– Мектептегі мұғалімдер сіздерді ажырата алатын ба еді?

– Біз бірге отыруды армандайтын едік. Бірақ бізді үнемі бөлек отырғызды, шатастырамыз деп қорықты. Ал жалпы біздің мұғалімдерге оңай соқпайтын, сыныпта үш жұп егіз бар болатын. Ал біз тұрған үйде бес жұп тұратын еді.

Үргеніш қаласы, шамасы, Үндістанның оңтүстігіндегі егіздер деревнясынан кем қалыспайтын секілді. Ол жерде мың балаға шаққанда бір ұрықты 45 жұп егіздер дүниеге келеді.

– Сіздердің жұбайларыңыздың бет-әлпеттеріне қарағанда, сіздермен көрші тұрған егіздер жұбының бірі секілді ғой.

– Олардың жас ерекшеліктері айтарлықтай көп, төрт жас айырмашылық бар. Бірақ олар шынымен де қатты ұқсайды, біздің тойымыз қалада дабыра-шуға ұласқан болатын. Дүрлігіс болғаны сондай, шақырылған үш жүз кісінің бәрі келді. Біз апалы-сіңлілі жұбайларымызбен бала кезден таныс едік. Бірақ әрбіреуіміз ешкіммен сөз байласусыз, өздігімізбен достастық.

Екі бауырдың да кішкентай қыздары бар, екеуінің жас аралықтары екі жас. Алайда немерелес апалы-сіңлілердің ұқсастығы сондай, суретте түрлі уақытта түскен бір сәбидің бейнесі тұрғандай әсер қалады.

 

БҰЛ МЕНІҢ ҚОЛЫМНАН КЕЛДІ

Біздің әңгімеміміз тәмамдалып қалған кезде, Архимед секілді «Эврика!» деп айқайлап жібере жаздадым. Ақыры айырмашылықты таптым-ау. Олардың дауыстары бірдей, бірақ сөйлеу екпіні өзгеше екен. Содан соң ишаралап, қол сермеп сөйлеулерінде айырмашылық бар. Жігіттердің үлкені ырғақпен сөйлейді, оның ишарасы да анағұрлым ұстамды.

– Дәл айттың, бізді телефон арқылы өте жақын достарымыз айыра алады, бірақ бұл кез-келгеннің қолынан келе бермейді.

Ал менің қолымнан келді. Рас, осынау қарапайым өзгешелік үшін үш сағат уақыт керек болды. Бәлкім,  шынымен де қиын нәрсе шығар, өйткені бұл дәрігерлерді тіпті олардың медбикелері де айыра алмайды екен.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

11 шілде 2012, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.