Атырау, 22 желтоқсан 10:04
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Міскіндерді өгейсітпе, мұғалім!

5 628 просмотра

Саша Денисовтың коллажыБірнеше жыл қатарынан қазақстандық мүгедек балалар жалпы білім беретін мектептерде басқа балалармен қатар білім алу құқығына ие болып келген еді. Атырау облысы бойынша биылғы оқу жылын мүмкіндігі шектеулі 464 бала аяқтады. Тағы да олардың 280-і үйден оқытылып жатыр. Алайда, бізде әдетте, есеп беруде көрсетілген цифрлар іс жүзінде шындыққа сай келмей жатады. Әрине, мұндай мейірімсіздікке жол беріліп отырғандығы өкінішті-ақ: мектептер мүгедектерді оқытудан бастарын алып қашады.

 

АЛМАЗ ЖӘНЕ «ГУМАНИСТЕР»

– Менің ұлым нейросенсорлы құлақ кереңдігі сырқатына шалдыққан, – деп әңгімелейді 11 жастағы Алмаздың анасы Дана (балалар мен олардың ата-анасының есімдері өзгертіліп алынды). –  Атырауда бізге есту қабілетінің 50% төмендігін айтса, Ақсай республикалық клиникасында 30% деп бағалады. Балам мектепке барғанға дейін оқып та, жаза да білді. Оның бір ғана кемшілігі - мұғалімнің өзіне барынша көбірек көңіл бөлуіне мұқтаж еді. Құлағы дұрыс естімегендіктен оның сөйлеу қабілеті де баяу болды. Мен мұғалімдерден мүмкіндігіне қарай балама көңіл бөліп, жеке қадағалауды сұрадым. Уақыт өте келе ол өзінің сыныптастарының мазағына қалмау үшін сабақта жауап беруден ұялатын болды (өкінішке қарай ондай фактілер жиі орын алды. Бұл жастағы балалар өте қатыгез болып келеді ғой). Бірақ, менің өтінішіме құлақ асқан мұғалім болмады. «Сіз не сонда, балаңызға бестік қой деп тұрсыз ба? Одан да оны психикалық кеш  дамыған балаларға арналған сыныпқа ауыстырыңыз», - деп мәлімдеді маған ұстаздар. Мұның өзі маған ауыр тиді, талай рет көз жасыма ерік бердім. Ал баланың күйі мұндайда қалай болады деп ойлайсыз? Оның мінезі өзінің ұстаздары мен сыныптастарының көзқарасынан өзгеріп, тұйық болып кетті. Оқу бағдарламасын репититордың көмегімен қуып жеттік.

Мемлекеттің берген есту аппараттарының жарамсыз болып шыққандығын айта кеткенім жөн болар: олар керісінше оның есту қабілетін төмендетіп жіберді. Алмаз оны тағудан бас тартты. Біз өзіміз Алматыдан Еуропалық есту орталығы бар екендігін тауып алып, одан швейцариялық аппаратты сатып алдық. Сол орталықта балам көрші орындықтың аяғының сықыр еткенін естідім деген кезде менің жүрегім ауызымнан шығып кете жаздады... Біз нағыз жанашыр ұстазға кез болғанша бір мектепті, тағы бір сыныпты ауыстырып үлгердік. Міне, енді ұлымның оқуға деген ынтасы артты, гуманитарлық пәндерге деген қызығушылығы оянды, күнделігіне бестіктер түсті, қазіргі заманғы билерді билейді, өз сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсарды.

 

ҰҚЫПТЫ МАША

14 жастағыМария балалар церебральды сал ауруына шалдыққан. Ол кәдімгі мектепте білім алып, өз қатарластарымен араласуды армандайды. Мектептің оқу ісінің меңгерушісі мен үйден оқытатын мұғалімдер оны мақтайды, ол әсіресе, информатика пәнін жақсы көреді екен.

– Кез-келген бағдарламаны алып кете аламын. Математикадан  «төрттік» пен «бестік» аламын, гуманитарлық пәндерді де жақсы көремін, - деп мақтанады Мария. – Мен интернет арқылы көптеген достар таптым, олармен байланысым үзілген емес, музыка тыңдағанды және Жайық жағасында серуендегенді ұнатамын. Мен тұратын ауданда бассейн бар, бірақ ондағы пандус өте қолайсыз.

Біз арнаулы бағдарлама бойынша үйден оқимыз. Әрине, оны толыққанды білім деп атауға болмас, оның үстіне кейде мұғалімдер келмей қалып жатады, ал, Маша болса, оларды тағатсыздана күтеді. Мұндай балалар өте ұқыпты болады, - дейді Машаның анасы Людмила Николаевна.

Қызыңызды кәдімгі мектепте оқытуға сіздің құқығыңыз бар. Оны мектепке апарғыңыз келмей ме? Менің білуімше, ол мектепте пандус бар.

– Әрине, апарғым келеді, бірақ, менің бір өзіме оны үшінші қабаттан арбамен түсіру қиын.

– Мен барлық мен секілді сырқат балаларға ешқашан түңілмеуді тілеймін, айналадағы адамдардың ауыр сөздеріне көңіл аудармауды сұраймын. Ондай адамдардың кездесетіні рас, - деді әңгімеге қайта араласқан Мария.

 

БҮКІЛ ЕЛГЕ АЛТЫ БАЛА

Атыраулық мүгедек балалардың басындағы мүшкіл хал еліміздің қай өңірінде болмасын орын алған. «Балаларды құтқарыңдар!» халықаралық қорының сарапшысы Линн КОЭННІҢ пікірінше, мұндай балалар қоғам өмірінен жиі оқшауланып жатады. Оларды әдеттегі өмірге бейімдеу үшін инклюзивті білім беру керек. Алайда, тәжірибенің өзі көрсетіп отырғандай, Атырау мектептерінде мүгедек балаларды оқытудан қашқақтайтыны өз алдына, оларды оқытуға тіпті де дайын емес. Сырқат бала мен дені сау балаларды бірге оқыту үшін мұғалімнің қолында арнаулы жасақталған оқу бағдарламасы, ал, сыныптарда ассистенттер болуы тиісті. Сондай-ақ, арнайы мамандар да қатыстырылуы керек.   Арнайы мамандандырылған коррекциялық мектептердегі жағдай да аса мәз емес: нашар еститін балаларға арналған мектеп интернат және осы мектеп базасында көзі нашар көретін балалар үшін ашуды көздеп отырған коррекциялық сыныптар, балалар церебральды сал ауруымен сырқат балаларға арналған интернат, Сарайшық жүйке-неврологиялық интернаты және бір ғана сөйлеу қабілеті төмен балаларға арналған интернат  бар. Барлығы осы ғана. Еліміздегі жағдай да жақсы емес. Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерде бар-жоғы алты бала ғана білім алып жатыр: Алматыда кохлеарды имплантант жасатқан 4 мектеп оқушысы және Астанада 2 бала – оның бірі балалар церебральды сал сырқатына шалдыққан болса, екіншісі -  кохлеарды имплант жасатқан қыз бала. 

-Егер балаға толыққанды білім алу мүмкіндігі берілмесе, балаға имплант салып, оның есту қабілетін қалпына келтірудің қажеттілігі қанша? Мүгедек балалар үшін есігі жабық көп қабатты мектептерді неліктен салып жатыр? Менің ойымша, мектептерде инклюзивті білім беру жүйесін жасау бізде, дәл осы  Атырауда өте қолайлы, өйткені, арнаулы жобамен мектептерді тездетіп салу мүмкіндігі бізде бар. Біздегі адамдардың басым көпшілігі өзінше төзімді  және олар мектептерде  ерекше балалардың оқуына қарсы бола қоймайды. Істің мәнісі бағдарлама мен педагогтарды оқытуда болып отыр, - деп есептейді психолог-маман Нелли КУЛИКОВСКИХ.

 

ЖҮЙЕДЕН БАС ТАРТУДА

– Нашар экология мен жасырын жұқпалы аурулардың салдарынан сырқат балалар мен мүгедектердің саны жылдан жылға артып келеді. Ал, оларды оқытумен айналысатын орын тапшы,-дейді қалалық №1 психология-медициналық педагогикалық кеңес беру орталығының меңгерушісі Гүлрайхан ҒҰМАРОВА. – Бізде коррекционды мектептер жоқ, оның ішінде тек тіл кемістігі бар балалар үшін Сарайшық интернатын ғана атауға болады. Алайда, онда өз балаларын оқытуды көпшілік ата-ана қаламайды. Жалпы білім беретін мектептер біз жіберіп отырған балаларды қабылдаудан бас тартуда. Бір-екі жыл бұрын Атырауға білім министрлігінің өкілі келген кезде біз барлық мектеп директорларын жинап кездескенде ол олардың балалар құқығын аяқ асты етіп отырғандарын ескерткен еді. Бұл дегеніңіз нағыз алалаушылық. Біз мектептерде психикалық дамуында тежеу бар балалар үшін сыныптар ашып отырмыз, онда оқу коррекциялық бағдарлама бойынша жүргізіледі, ал, директорлар болса, бұл сыныптарды жауып тастап отыр. Қалада ондай сыныптар тек 14 мектепте ғана бар. Ол аздай тағы бір жағдай орын алды: мұғалімдер дені сау, бірақ оқуға құлқы жоқ балалардан құтьлу үшін оларды аталмыш сыныпқа немесе басқа мектепке ауыстыртып жіберуге тырысады. Бұған қоса мектептерде қызықты жүйе бар: мұғалімдерге екі қоюға және келесі сыныпқа көшірмей тастауға болмайды. Үлгерім көрсеткіші төмен болмауы тиіс. Сондықтан да мұғалімге үлгерімі төмен баланы психикалық дамуында тежеу бар балаларға арналған сыныпқа көшіргеннен басқа оңай жол жоқ.

- Егер біздің мектептерімізде алалаушылыққа дені сау балалардың өздері ұшырап жатқанда мүгедек балалар туралы айтудың өзі орынсыз секілді...

- Иә, біздің менталитетімізбен инклюзивке жету үшін әлі де өсу керек. Бізге балалар церебралды сал ауруының ауыр дәрежелі түрімен сырқат және кохлеарды имплант жасатқан балалар оқитын Астанадағы мектепті көрсетті. БЦС сырқаты бар екі бала үшін арнайы кресло орнатылған, оның жанында оған материалды жазып алуға көмектесетін әлеуметтік қызметкер отырады. Бала оң жақ қолымен жаза алмайды, сол қолымен жазуға тырысады, жауап бергенде де асықпайды. Біздің мектептерді  тіпті, мінезі аз да болса өзгешелеу балаға түрпідей қарайды, балалар болса мазақ қылады. Бұл жерде көп жағдайда мұның бәрі мұғалімге байланысты. Инклюзивті білім беру ережесіне сәйкес сыныпта үш балаға дейін оқи алады. Тағы бір мысал келтіре кетейін: Дауна синдромымен ауыратын бір баланың анасы баласын балабақшадан алуға келгенде оны изоляторға отырғызып қойғандығын көреді. Сөйтсе, жеке балабақшаның директоры балалардың құжаттарын тексерген көрінеді, оның диагнозын көріп, оны оқшауландырудан басқа амал таппаған. Ал, бала диагнозына қарамастан басқа балалар секілді, қайырымды да тәртіпті. Нәтижесінде балабақша бұл баланы қабылдаудан бас тартты. Оның анасы көз жасын көлдете отырып, оның балалар мекемесінде тәрбиеленуіне болады деген анықтама жазып беруімді өтінді.

Мұндай балаларға кәдімгі балабақшалар мен мектепке барудың маңыздылығы қаншалықты?

– Өте маңызды. Онда олар толық білім алады және өздерін толыққанды адам ретінде есептей алады.

Сіз мектептерге мүгедектерді  қандай жағдайларда жібере алмайсыздар? 

– Талма ауруының ауыр формаларымен, балалар церебральды сал сырқаты, қант диабеті және лейкоз белгілері бар балалар жіберілмейді. Бұл жағдайда балалар ересектердің үнемі қадағалауында болуы керек. Оларды кез-келген сәтте ауру қысып қалуы мүмкін. Көптеген ата-аналар мүгедек балаларды үйден оқытуды қалайды, бұл жағдайда қосымша жәрдемақы төленетін болады. Бұл да инклюзивті білім беру түрі болып саналады. Сырқаттың жеңіл дәрежелі түрімен ауыратын балалар оқи алады, бірақ оны дәрігер шешеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

4 шілде 2012, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.