Түркияда Демократия және ұлттық бірлік күні атап өтілді. 2016 жылы шілденің 15-нен 16-на қараған түні бүлікші әскери топтың әрекетіне ел болып, табанды қарсылық көрсеткені үшін бұл күн бірлік пен ынтымақтың мерекесі ретінде әспеттеледі. Бұл оқиғадан кейін 2 жыл уақыт өтсе де, тергеу толығымен аяқталған жоқ. Өйткені төңкеріске қатысы бар азаматтарды ұстау шаралары әлі жалғасып жатыр.
2016 жылдың 15 шілдесінде түрік елі сын сағаттарды бастан өткерді. Қарулы күштердің ішінен шыққан бүлікші топ билікті күшпен басып алу үшін ел ішінде әскери төңкеріс ұйымдастырды. Олар ең әуелі Қарулы күштер Бас штабының басшысы, Армия генералы Хулиси Акарды кепілдікке алып, мемлекеттік арналардан биліктің ауысқаны жайлы жер жаһанға жаңсақ хабар таратты.
Алайда Түркия президент «Face Time» желісі арқылы бейне байланысқа шығып, елдің заңды үкіметі мен демократияны қорғау үшін халықты көшеге шығуға үндеді. Бұл үндеуге құлақ асып, Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайына беттеген қара құрым адамның арасында Ыдырыс Аслан да болды.
«Ол түні бүлікші әскердің әуежайға кіруіне мүмкіндік бермей қасқайып тұрып алдық. Тіпті арамызда шынжыр табанды танкті тоқтату үшін алдына кесе-көлденең жатып алған азаматтар да болды» дейді ол.
Ыдырыс Аслан, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
- 15 шілде оқиғасы ел тарихында мәңгі есте сақталмақ. Қаншама отандасымыз бұл қақтығыста опат болды. Менің көз алдымда бір танк жеті адамды басып өтіп кетті. Бірақ кейінірек біз ол бүлікші әскерді қолға түсірдік. «Іштен шыққан жау аман» деген осы. Әйтпесе нағыз жауынгер өз халқына оқ ата ма?! Ал төңкерістің соңы азаматтық соғысқа ұласса не болар еді? Мені кейде мұндай сауалдар мазалайды. Онда Сириядан еш айырмашылық қалмас еді.
Ресми ақпарат бойынша 15 шілдедегі қақтығыста 248 азамат жан тапсырды. Оның 62-сі полиция және 6-уы әскери қызметкер. Сондай-ақ 2 мыңнан аса адам әртүрлі деңгейде жарақат алды.
Ержан Жүніс, тілші:
- Бүгін түрік халқы 15 шілде құрбандарын еске алуда. Атаулы күнге орай республиканың барлық өңірлерінде әртүрлі шаралар өткізіліп жатыр. Мысалы, Ыстамбұл қаласының Таксим алаңына қайғылы оқиғадан қаза тапқан 248 адамның есімі жазылған «қара тақта» қойылды. Ал оның оң жағында төңкеріс әрекетінде бүлікші топқа қарсы ерлік көрсеткен аға лейтенант Өмер Халисдемирдің мүсіні орнатылды.
Мүсіннің жанында адам қарасы үзілмейді. Мұнда келген халық қаһарманымен естелік суретке түсіп, отаны үшін жан қиған ерлерге тағзым етіп жатыр.
Юсуф Гөк, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
- Бұл төңкеріс әрекетінде Өмер Халисдемир елінің отансүйгіш, ержүрек жауынгері, халқының адал перзенті екенін дәлелдеді. Оның бүлікшілерге қарсы жанкешті әрекеті мен батырлығы түрік еліне үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақ бұл ерліктің құнын жақсы біледі. Сондықтан біз ерлеріміздің есімдерін қашан да ардақтап өтеміз.
Түрік билігі 15 шілде төңкеріс әрекетін дін уағызшысы Фетхуллах Гүлен мен жақтастары ұйымдастырғанын алға тартады. Дегенмен, АҚШ-та тұратын «Хизмет» қозғалысының жетекшісі бұл айыппен келіскен жоқ. Қазіргі таңда төңкеріске қатысты 289 іс қозғалыпты. Оның 194-ы қаралды. Соған сәйкес түрмеге отырған 2381 адамның 1624-не өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Дегенмен, тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Сондықтан үкім кесілгендердің қатары артуы мүмкін.
Дереккөз: 24.kz