"АҚШ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан ресми түрде шығады. Әйткенмен бұл қадам адам құқығы саласындағы [АҚШ-тың] міндеттемелерінен бас тартуды білдірмейтінін айтқым келеді", - деген Хейли.
Хейлидің сөзінше, Вашингтон мұндай шешімді өткен жыл ішінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне реформа жүргізуге шақырған талпыныстары "елеусіз қалып, еш нәтиже бермеген соң" қабылдаған.
"Біз мұндай қадамға [адам құқықтарын сақтауға] бейілдігіміз өзге мүдделер үшін адам құқықтарын мазаққа айналдырған екіжүзді ұйымның құрамында қалуға төзбейтіндіктен барып отырмыз", - деп мәлімдеген ол.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш сейсенбі күні "Адам құқығы жөніндегі кеңес құрамында АҚШ-тың қалғанын қалайтыны" туралы мәлімдеген.
Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот АҚШ билігі адам құқығы саласында "бірөлшемді" саясат ұстанып отыр деп, Вашингтонның шешімін сынаған.
АҚШ билігі бұл шешімін БҰҰ Вашингтонда ел аумағында ұсталған заңсыз мигранттардың отбасы мүшелерін бір-бірінен ажырату саясатын тоқтатуға шақырған тұста жарияланды. БҰҰ дерегінше, соңғы бірнеше аптада АҚШ-та екі мыңға жуық баланы ата-анасынан ажыратқан.
Өткен жылы Хейли БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесін Израильге қарсы "біржақты көзқарас" ұстанады деп сынап, Вашигтонның бұл кеңестің құрамынан шығу туралы мәселені қарастырып жатқаны туралы мәлімдеген болатын.
Женевада орналасқан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2006 жылы құрылған. Кеңес құрамына қазір Африка, Азия-Тынық мұхит аймағы, Батыс және Шығыс Еуропа мен Америка құрлығынан - барлығы 47 ел мүше. Бұл кеңестің құрамындағы кей елдер адам құқықтарына қатысты міндеттемелерін сақтамай отырғаны туралы бұған дейін бірнеше мәрте сын айтылған.
Дереккөз: azattyq.org