Өткен жұма күні Австрия үкіметі 7 мешітті жауып, 60 имамды елден шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл әрекет «ұлттық қауіпсіздік» үшін жасалып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі vox.com басылымына сілтеме жасап.
Кацлер Себастьян Курц жасаған мәлімдемеде 2015 жылғы заң бойынша мұсылман үйымдары «Австрия мемлекеті мен қоғамға оң көзқарас таныту» керектігі, оларды шетелдік діни ұйымдардың қаржыландырылуына тыйым салынғаны айтылған.
«Біздің елімізде саяси ислам мен радикалистік тенденцияларға жол жоқ», деді Курц баспасөз конференциясында. Ал оның орынбасары Хайнц-Кристиан Страше «Бұл әлі басы ғана», деді.
Конференцияда Австрияның мәдениет министрі Гернот Блюмель журналистерге мешіттер «экстремизмге» қатысы бар деген күдікпен жабылғанын айтты. Оның айтуынша, жабылған мешіттердің барлығы салафиттер мен исламның теріс ағымдарына тиесілі болуы мүмкін.
Бұл шешім - радикалды діни экстремизмді жақтаушыларға қатысты атқарылған дұрыс әрекет. Дегенмен, Австрияның исламнан қорқатын саяси климатын танытқандай болды. Бүгінгі таңда Австрияның ең негізгі екі партиясы да иммиграцияға қарсы кампания өткізді. Айта кету керек, Австриядағы 8,8 млн халықтың 600 мыңы - мұсылмандар.
Австрия үкіметі шешімінің ұлттық және саяси мүддесі осы көрсеткішке байланысты болуы мүмкін. Себебі елдегі имамдарды ресми тіркейтін ATIB ұйымын Түркия мешіттері басқарады және Түркияның демократиялық үкіметімен тығыз байланыс орнатқан.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Австрияның бұл әрекетін қатаң сынға алды. Оның баспасөз хатшысы Ибрагим Халид Австрия үкіметінің шешіміне қатысты «Бұл - исламға деген қорқыныштың көрінісі. Мемлекеттегі дискриминация мен расистік көзқарастың айнасы», деп жазды.
Бұл оқиға Батыс Еуропада саясатындағы ұлттық біртұтастық пен дінге байланысты қарым-қатынастың күрделі екенін көрсетті. Еуропада шіркеу мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас АҚШ-қа қарағанда жақсы реттелген, бірақ діни бостандық қай шекте аяқталып, қай жерде ұлттық қауіпсіздік мәселесі туындайтынына байланысты дау жылдан жылға ушығып келеді. Тіпті, Франция, Германия, Данияда мұсылман әйелдері киетін діни киімдерге толығымен немесе жартылай тыйым салынған.
Исламға деген көзқарас популистік әрекеттерге байланысты болуы мүмкін. Соңғы жүргізілген сауалнама көрсеткендей, Батыс Еуропада халықтың көбі - христиандар. Ал олардың басым бөлігі экстремистік ислам мен иммиграцияға қарсы көзқарасты ұстанады.
Австрияда дін еркіндігі Конституцияда бекітілген. Бірақ мемлекетте 2015 жылы сол Конституцияда көрсетілген баптарға қарсы келетін Ислам туралы заң қабылданды. Жаңа заң бойынша имамдарға неміс тілінде сөйлеуге, мешіттер мен діни ұйымдарды шетелдіктердің қаржыландыруына тыйым салынып, «Еуропалық сипаттағы исламға» басымдық берілген. Яғни, Австрияда заң негізінде исламды толық ұстануға қарсы тыйымдар мен шектеулер бар.
Әлеуметтанушылар жүргізген зерттеулерге сенсек, австриялықтардың 58 пайызы мемлекеттегі мұсылмандардың көбі «радикалды» бағытқа ауысып жатқанын айтқан. Терроризмге қарсы халықаралық орталықтың 2016 жылғы баяндамасында 200-300 австриялық мұсылманның Сирияға кеткені туралы айтылған.
Австрия үкіметі бұл әрекет жалпы ислам дініне емес, саяси исламға қарсы күрес үшін атқарылғанын айтты.
«Бұл әрекет мұсылмандар мен австриялықтарды бір-біріне қарсы қоюға бағытталмаған», деді баспасөз конференциясында мәдениет министрі.
«Мешіттердің жабылуын Австриядан басқа жердегі саяси ағымдарға байланысты қарастыру қиын. Жабылған мешіттердің кейбірі расымен джихадтық және оңшыл саяси ислам топтарымен байланысты болып шықты», деп жазады New York Times газеті.
Басылымның хабарлауынша, бір мешітті «Сұр қасқырлар» деп аталатын ұйым басқарған. Бұл ұйым Австриядағы мұсылмандар өміріне іріткі салуды мақсат еткен деген болжам бар. Дегенмен, Курц пен оның орынбасары анти-иммиграциялық саясатты ұстанатындықтан, бұл мәселеде қай жерде ұлттық қауіпсіздік проблемасы, қай жерде саяси проблема жатқанын аңғару қиын.
Айта кету керек, Германияда да мұсылмандарға қарсы дискриминация өршіп тұр. Мысалы, Үкімет 2017 жылы мешітте 900-ден астам шабуыл болғанын тіркеген. Ал ресми билік жеккөрушіліктің кесірінен дінге байланысты қылмыстың артып жатқанына алаңдаулы. Ал Австриядағы жағдай көптеген мұсылманның намысына тигені бір бөлек, енді оларға деген мұсылман емес халықтың көзқарасын өзгертуі мүмкін. Бұл өз кезегінде елдегі шиеленісті арттыру қаупін туғызады.
Дереккөз: Baq.kz