Атырау, 26 қараша 07:42
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Тергеушінің ізімен...

6 053 просмотра


Екі жыл бұрын Атырау ІІБ полициясының лейтенанты Манарбек ӨТЕУОВ Өзбекстан азаматын айуандықпен өлтіргені үшін 22 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал 2016 жылдың желтоқсан айында Ішкі істер бөлімінің 9 полицейі әртүрлі мерзімге сотталды, олардың заңсыз әрекеттері туралы Өтеуов өзінің атышулы хатында айтылған еді. Биылғы жылдың 27 ақпанында №2 Атырау қалалық  соты Өтеуовтің сол хатында айтылған тағы бір құқық қорғау органының қызметкеріне үкім шығарды.

Бұл қызметкер - №2 қалалық полиция бөлімшесінің бұрынғы тергеушісі Садуақас ӘБІШ. 2014 жылы ол Атырау тұрғыны Артур ЕШМҰРАТОВТЫ билік өкіліне (бұл сол Өтеуов, ол өз хатында жазықсыз адамға жала жапқанын мойындады) қарсы күш қолданды деген айыптау бойынша қылмыстық істі жүргізген. Әбіш іске жалған куәгерді енгізіп, 2014 жылдың желтоқсан айында сот Ешмұратовты 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Кейінірек, 2016 жылдың соңында бұл үкім жойылып, іс тоқтатылды.

Осы сотта С. Әбіш өз кінәсін мойындамай, өзін ақтап шығуды сұрады. Зардап шегуші Ешмұратов өз кезегінде сотталушыға ең жоғары жазалау шарасын тағайындауды талап етті. Сот Әбішті ескі редакциядағы ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы («Көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту») және 348-бабы («Айғақтарды және жедел-іздестіру материалдарын бұрмалау») бойынша кінәлі деп тауып, полиция майоры шенінен айырып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Басқа жаққа шықпау туралы қолхатпен жүрген (туыстары 1,3 млн теңге мөлшерінде кепілақша салған) бұрынғы тергеуші үкім жарияланғаннан кейін бірден қамауға алынды.

Әсел НҰРҒАЗИЕВА, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Атырау филиалының директоры:

- Артур Ешмұратовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Енді оған қатысты ақтау үкімін шығару үшін сотқа арыз түсіретін боламыз. Ешмұратов ешқандай моральдық та, материалдық шығын да талап етпейді. Ол үшін бастысы – абыройлы есімін қалпына келтіру. Ал Сәдуақас Әбішке қатысты шыққан үкім заңдылықты сақтамайтын құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне сабақ болуы тиіс. Бірер күн бұрын бұрынғы тергеушіге қатысты үкім күшіне еніп, оны абақтыға жіберді. Ал жұмыс жасап жүрген Артур Ешмұратов өзін ақтау үкімін асыға күтуде. 

Фархат ӘБІЛОВ

26 сәуір 2018, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.