Атырау, 25 қараша 18:29
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құлсары қалай суға кетті

10 666 просмотра

Құлсарының биіктен түсірілген көрінісі.
Бұдан 25 жыл бұрын Атырауды 1993 жылғы тасқын судан қалай құтқарғаны туралы сол кездегі қала басшысы Н. МАҚАШЕВ еске алған еді. Осы қиын күндерде Ақтөбенің Мұғалжар тауынан Жылыой өңіріне келетін табиғи су мөлшері әдеттегіден өте көп келді. Арнасынан ақтарыла төгілген су Жем өзенінің ернеуінен асып, Құрсай өзегін жарып шығып, Құлсары кентіне (қала мәртебесі 2001 жылы берілді) кірді. Кенеттен болған бұл табиғат апатына Жылыой ауданы тұрғындары дайын емес болатын.

- Мен «Төртінші ауыл» ықшамауданында тұратынмын. Сәуірдің 15-нен 16-на қараған түні даладан жарқылдаған жарық көрінеді. Өрт болып жатыр ма деп үйден атып шықтым. Сөйтсем жалын емес жарқылдаған машинаның жарығы болып шықты. Айнала толған машиналар, ауылды су басуда деп ел дүрлігіп қалыпты. Ақтөбе жақтағы Жанбике деген станциясы тұсында бірер күн бұрын өзен суы 3 метр 30 см шамасында көтерілді деген хабар келген еді.  Бізге келгенде су мөлшерінің биіктігі 2 метр 90 см жеткен. Бұл дерек белгілі болғаннан кейін қанша қамдансақ та қапы қалдық,- дейді Жылыой ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қонаш ҚАЛДЫОРАЗОВ (суретте).

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, судың осындай деңгейде тасуына сол кезде Шоқпартоғай ауылының тұсындағы өзен арналары жылма-жыл шабындық жерге су шығарамыз деген мақсатпен бөгеліп, жиналған топырақтан су арналарының тарылуы, сондай-ақ «Атырау-Құлсары» тас жолын салған кезде өзеннің арналары болған тұстар ескерілмей, көпірлердің салынбауы себеп болған.

- Мен сол кезде штабтың мүшесі болатынмын. Ұшақпен ұшқанда нөпір судың шығыс жақ бетте жайыла ағып жатқанын көрдім. Егер тас жол бойындағы кезінде ағаш көпірлер болған тұстарын тереңдете қазу болмаса, поселке түгел суға кетеді дегенмін,- дейді сол уақытта Құлсары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болған, зейнеткер Мәжит САҒИҰЛЫ.

Ембі өзені.
Бастапқыда бұл ұсынысқа қарсы шыққандар кейін ресми рұқсат бермесе де, бұл шешімді іштей ғана мақұлдайды. Сөйтіп М. Сағиұлы өзі жүріп, «Дүйсеке ата» қорымы тұсындағы көпірді тереңдете қазу, су арналарын басқа бағытқа бұру жұмыстары іске асырып жатты. Дегенмен тасқын біраз үйлерді шайып кетті. Келесі күні Күмбезді қауымын бетке алған күшті тасқын айналма тас жолдан шапшып өтіп, «Достық» ықшам ауданы мен 2-ші учаскеге басып кірді. 5-ші учаскедегі тұрғын үйлерді басты. Қонаш ағаның күнделігінен алынған дерек бойынша, 20 сәуірде мыңға жуық үй, 13 автожол көпірі, 2 мектеп, бес газ бөлу пункті, қойма, тағы басқа нысандар суға кеткен. Үй-күйсіз қалған жандарды барлық оқу орындарына орналастыру, мекеме асханаларынан тамақтандыру жөнінде шешім шығарылды. Су тасқынына қарсы мекеме, кәсіпорындардан техникалар көптеп шығарылып топырақ төгу, суды жайылымдық жерлерге бағыттау ұйымдастырылды.

«Жұт – жеті ағайынды» дегендей, 24 сәуір күні Құлсары тұрғындары тағы бір қиыншылыққа тап болды. Солтүстік-батыстан секундына 35 метр шапшаңдықпен соққан суық жел мен қар аралас нөсерлі жауын күні-түні жауып, «Төртінші ауыл» және «Алтыншы ауыл» ықшамаудандарындағы тұрғын үйлерді құлатып, көп баспана суда қалды. Қаратон, вахташылар қалашығы мен өндіріс орындарына қауіп төнді. Кеңшарларда отарлар ығып, электр бағаналары құлап, көп елдімекен жарықсыз қалған. Сол кезде малмен бірге ығып кетіп, екі малшы опат болған.

- Жауын төрт күнге созылды. Соның салдарынан көп үйлер құлап жатты. Көбіне саман кірпіштен салынған үйлер шыдамады. Тасқын мен жаңбырдан мыңнан астам үй суға кетті. 388 нысан, 10 электр станциясы суға кеткен. Бұдан кейін кейбіреулер бұдан кейін басқа ауылдарға көшіп кетті,- дейді Қ. Қалдыоразов.

Сол кездерде табиғат апаты мен зардабына байланысты облыс, республика тарапынан көмектер берілген. «Теңізшевроил» ЖШС Құлсары кентіне зардап шеккен тұрғындар үшін 20 үй тұрғызып берді. Жаңа Қаратон ауылында 100 тұрғын үй құрылысын салуды қолға алған «Казпромства»  біріккен кәсіпорны  тасқыннан кейін 35 үйді аудан орталығына салуды шешті. Тасқын жылыойлықтарға көп ой салып кетті. Жергілікті тұрғындар үйді саманнан емес, Маңғыстаудың ақ кірпішінен тұрғыза бастаған еді.

- Сол тасқыннан кейін көпірлер тұстарына құбыр тастау, Құрсайдың Бақашы бөгетіне барар тамағын тереңдете қазу жүрді,- дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жардем АХМЕТОВ. - Содан кейін Жем өзені толған емес. Тек 2016-2017 жылдары жоғардан келетін су мөлшері көптеп келіп, шабындықтар мен жайылымдық жерлерге су шығару жүрді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

 

4 сәуір 2018, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.