Осыдан тура 25 жыл бұрын Атырау облысының өзендері арнасынан асып, кейбір елді мекендерді, соның ішінде, Миялы мен Құлсары аудан орталықтарын су басып, адамдар қаза болды. Республикалық трассалардың жүздеген метрі су астында қалды, ал осы жерлерде, тіпті, ондаған жүк көліктері ойыншық секілді долыланған ағыс бойымен көрінбейтін асфальт жыраларына түсіп кетті. Атырауда бетон жағалау түгелімен су астында қалды, толқындар көпір жақтауына соғылып жатты. Сол мазасыз күндер мен түндер туралы «АЖ» тілшісіне сол кездегі қалалық әкімшілік басшысы болған Нұрпейіс МАХАШЕВ әңгімелеп берді:
- Мұндай күтпеген қиыншылық туатынын ешкім ескертпеді. Елде төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесі енді ғана құрылып жатқан кез. Бізге тек Каспийдің су деңгейі көтеріліп жатқанын ғана хабарлап үлгерді. Содан кейін тасқынның үдемелі кезінде ресейлік су мамандарының Ириклинск су қоймасынан Жайыққа үш мәрте су жібергенін, өйткені олардың өздерін су басу қаупі төніп тұрғанын білдік, - деп есіне алады Нұрпейіс Махашұлы. - Бір жыл бұрын, 1992 жылы Миялы мен Құлсары аудан орталықтары суға кетті, бірақ бұл су тасқыны Каспий теңізімен байланысты емес еді. Ал 1993 жылғы 4-5 мамырда теңіз жақтан өте күшті теңіз желі соғып, ол Жайықтың жоғарғы жағынан еріген судың арындап ағуына кедергі болды. Көп ұзамай Пешное түбегін су басты. Сол жерді мекендеген адамдар қауіпсіз жерге көшуден бас тартты, біз оларға катермен азық-түлік жеткізіп отырдық.
Теңіз жағалауындағы Дамба ауылында төтенше жағдайлар жөніндегі штаб отырыстарын өткіздік. Облыстық автобірлестік директоры Серік ЖАНИЯЗОВ пен су шаруашылығы басқармасының барлық қызметкерлері штаб жұмысына белсенді қатысты.
Бұл кезде, қаланың екінші шетінде, Құс фабрикасы маңында су тасқыны бөгеттерді бұзып, Жайықтың екі жағалауындағы саяжайларды, соның ішінде Алмалыдағы «обком» саяжайларын су басып қалды. Еріген су Атырау-Махамбет және Махамбет-Новобогат (Аққыстау) автомобиль жолдарындағы қозғалысты бөгеп тастады. Техниканың бір бөлігі сол жерге көшірілді.
Пешнойда арындаған теңіз суы бөгеттерді бұзу қаупін төндірді. Тіпті, жеңіл кеменің әлсіз толқындары да апат қаупін төндіретін.
Қаладағы кәсіпорындардың техникалары мен жұмыс күштерін жедел жұмылдыру мүмкін болды. Қазіргі жағдайда, бұлай жасау мүмкін қиын шығар, өйткені барлығы дерлік жеке кәсіпорындар. Ал бұрынғы КСРО-да 93-ші жылдары күйзеліс орнап, бюджетте ескі кеңес рубльдері болды, құрылыс материалдары мен жағалауларды нығайту үшін бюджетте төлейтін ештеңе болмады, алайда бұрынғы уақыттан келе жатқан серпін - тәртіп, жалпыға ортақ жауапкершілік болды.
Мен ахуал туралы облыстық әкімшіліктің сол кездегі басшысы Сағат ТҮГЕЛБАЕВҚА баяндадым. Тынымсыз күндер мен түндерді өткізіп, қосымша бөгеттер салуды ұйымдастырдық. Ал жел күшейе түсті ...
Кейін Қызыл балық ауылының (қазір қала маңындағы Атырау ауылы – М.С.) маңындағы су арнасынан шығып, су саз балшықтан салынған 10 үйді бұзу қаупін төндіріп тұр деген хабар келді. Біз аумақты 3-4 үйден плацдармға бөліп, экскаватор қойып, топырақ төге бастадық. Екінші күні өзен бірнеше учаскесі суға кеткен Курилкино маңындағы бөгеттер бекінісін сынады. Зарослый каналынан суға жол ашып, саяжай поселкесін аман алып қалдық. Халық штаб жұмысына түсіністікпен қарады, адамдар бізді құшақ жая қарсы алып, алғыстарын білдірді. Бұрын оларда осындай қауіпті кезеңдер болды ма, білмеймін. Олар үйлеріненен шығып, жүк көліктерінен құм салынған қапшықтарды түсіріп, көршілерін көшіруге көмектесті.
- Қауіпсіз жерге қалай көшірілді?
- Айта кету керек, халықтың басым бөлігі қауіпсіз жерге көшуден бас тартты. Өйткені, адамдар балықшылар ауылында тұрады, олар үшін «Көктемнің бір күні - жылға азық» деген сөз үлкен мәнге ие. Сол жылдары Атырауда балық көп болды ...
Бір аптадан кейін қалада баспанасыз қалған адамдарды қайда орналастыру керек деген өзекті мәселе көтерілді. Біз Дамбының 40 тұрғыны үшін уақытша пәтер таптық. Содан кейін, су қайтқан кезде жарамсыз болып қалған үйлерінің орнына өздеріне жаңа үй салып алу үшін қаржы таптық. Көмек «Гурьевглавснаб» базасындағы материал қалдықтарының есебінен көрсетілді.
Айта кету керек, кейбіреулер уақытша баспаналарынан – Тульская көшесінің бойындағы жатақхана бөлмелерінен, Балықшыдағы өзен портындағы және басқа жерлердегі уақытша тұрғын жайлардан шыққылары келмеді. 93-ші жылдардың аяғында мен қала әкімі қызметінен кетіп қалдым (сол жылы әкімшілік басшысының лауазымы әкім боп өзгерді – М.С.), «қоныстандыру» ісінің қалай аяқталғанын білмеймін. Бірақ мен және бірінші орынбасарым Асқар ҚОЖАҒАЛИЕВПЕН бірге менің командам, сол кезде Атырауды топан су басудан құтқарып қалдық деп мақтан тұтамын. Әлі күнге дейін бізге көмектескен барша жанға ризамын.
- Атырау әкімі лауазымынан кетуіңіздің сол су тасқынымен байланысы бар ма?
- Ішінара бар. Су тасқынының салдарын жою туралы мәселе қаралған кеңесте сын айттым. Миялы мен Құлсарыға ақша бөлінгенін көрдім, бірақ Атырау қаласына жоқ. Бәлкім, бекерге тырыстық, егер біз де су астында қалсақ, ақша берер еді дегенге келтіріп, қызбаланып айтқан шығармын. Бұдан басқа, менде қысқа дайындық, АМӨЗ тарапынан қалаға көмек көрсету мәселелері бойынша басшылықпен түсінбестік орын алды. Сөйтіп, 1993 жылғы 8 қарашада мен қала әкімі қызметінен кеттім.
«АЖ» анықтамасы:
Махашев Нұрпейіс, 1946 жылы туған, инженер-құрылысшы, «Теңізнефтестрой» ЖШС президентінің кеңесшісі. Институтты бітіргеннен кейін Гурьев қалалық атқару комитетінің төрағасы, Атырау қаласының әкімі, «АТМА әуежай және тасымалдау» БК бас үйлестірушісі, Атырау облысы әкімінің орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК президентінің кеңесшісі, «ЕмбіМұнайГаз» ААҚ президенті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет Н.Махашевтің жеке мұрағатынан алынды