Кемероводағы трагедиядан кейін «АЖ» тілшілері кәсіби мамандардың араласуынсыз өрт қауіпсіздігіне қатысты қарапайым бақылау жасау үшін Қазақстанның мұнайлы астанасының сауда-сауық орталықтарына баруды ұйғарды.
"Baizaar" сауда-ойын сауық орталығы
Өрт кезіндегі эвакуация жоспары тек бірінші қабатта ілініп тұр. Эвакуациялық есіктердің бірі жабық екен, бірақ гипермаркеттің қырағы қызметкерлері журналистерді байқап қалған кезде, есіктер өзінен өзі ашыла кетті. Авариялық шығу есіктерінің бірінде есік тұтқасы жоқ, құлыптаулы екен.
Лифтіні басқару қорапшасындағы жазулар қытай және ағылшын тілдерінде жазылған. Оны түсіну үшін аудармашы керек, бірақ оны қауіпті сәтте кім табады?
Өрт сөндіру гидранттарына бағыттайтын белгі көрсеткіштер жоқ, бірақ авариялық шығу жолдарының әр баспалдақ сатысында өрт сөндіргіштер тұр.
«Атырау» сауда-ойын сауық орталығы
«Шығу» және «Кіру» белгілері ішкі жағынан жанбайды, қосымша есікке бағыттайтын көрсеткіштер де «күңгірт» болып тұр.
Кез-келген сауда орталығында ғимарат сызбасы мен өрт кезіндегі эвакуация жоспары болады. Тек бұл жерде ол шағын дүкен күнқағарының тасасында қалған. Өрт сөндіру гидранттары мен өрт сөндіргіштерге қол жеткізуге біреулердің жеке заттары кедергі келтіріп тұр. Күні кеше ғана «Атырауда» өрт кезіндегі қауіпсіздік техникасы бойынша оқу-жаттығулар өткенін ескерсек, бұл жердегі дайындықты «5» деп топшылауға болады.
«Насиха» сауда-ойын сауық орталығы
Сауда орталығының әр қабатында эвакуация жоспары бар екенін атап өтейік. Бутиктердің арасынан өтіп бара жатып, олардың әрқайсысында өрт сөндіргіш бар екенін, ал кейбірінде, тіпті, үшеуден бар екенін көрдік.
- Сауда орталығының басшылығы өрт сөндіргіштермен қамтамасыз етпейді, өз қаржымызға сатып аламыз. Мәселен, ең үлкені 7 мың теңгедей тұрады. Бізбен қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқалықтар да өткізбейді, - дейді бутиктердің бірінің қожайыны.
Орталықтың жоғарғы және төменгі қабаттары тек бутиктерге бағыттайтын көрсеткіштерге толы. Орталық есікте екі жақтан «Кіру» және «Шығу» деген маңдайшалар ілініп тұр. Эвакуациялық шығу есігіне бағыттайтын көрсеткіштер қабырғадан түсіп қалайын деп тұр немесе үстіне жарнама парақшалар жапсырылған. Ал бірінші қабаттың төбесінен жалаңаш сымдар салбырап тұр. Біреуінен басқа эвакуациялық есіктер ашық тұр.
«Тамаша» сауда-ойын сауық орталығы
Бұл жерде ғимараттың алты қабаты келушілерге арналған, ал жетіншісінде - әкімшілік орналасқан. Келушілер бүкіл қабатқа эскалатормен көтеріле алады. Ғимаратта лифт бар, бірақ біз барған кезде ол жұмыс жасамай тұрды.
Сауда орталығының кірер ауызындағы үлкен магнит есіктер жұмыс жасамай тұрды. Адамдар жанындағы шағын есіктен кіріп-шығып жатты.
Бірінші қабаттағы фойеден біраз іздеген соң эвакуация жоспарын тауып алдық. Кейінірек оның әр қабатта бар екенін анықтадық. Барлық қабатта бірнеше өрт сөндіру крандары мен түтік құбырлар бар екен, барлық шкафтар өрт сөндіргіштермен жарақталған.
Бәрінен бұрын біз авариялық есіктерді тексергіміз келді. Ғимаратта үшеу екен. Біреуі адамдар барлық қабаттан бірінші қабаттың фойесіне түсу үшін жасалған. Қалған екеуі – сыртқа шығатын есіктер. Қабаттарда «Шығу» деген сигналды маңдайша жазулар мен қозғалу бағытының көрсеткіштері жоқ. Оларды кей жерлерден табуға болады, бірақ қарапайым қағаз жапсырмасы түрінде ғана. Түтін шыққан жағдайда, мәселен, адам ол арқылы бағдарлай алуы неғайбыл.
Авариялық шығу есігі баспалдақтарының бірінен жарық лампаларын көрдік. Кейінірек орталық қызметкерлерінің бірі бұл лампалар ғимаратта жарық өшіп қалған жағдайда автоматты түрде іске қосылатынын түсіндірді.
Енді ең бастысы – бесінші қабаттағы ойын аймағынан эвакуациялау мүмкіндігі туралы. Бұл жерде эвакуациялау жоспары мен өрт сөндіргіштер мен өрт сөндіретін түтік құбырлардан басқа өртке қарсы қалқан, құм салынған жәшік бар екен. Бірақ авариялық шығу есіктерінің бірі күңгірт дәлізде орналасқан және ешқандай белгі жоқ.
Орталық қызметкерлерімен тілдескен кезде, осының алдында ғана бұл жерді ТЖД мен өртке қарсы күрес қызметінің өкілдері тексеріп кеткенін білдік.
«Ярмарка» сауда-ойын сауық орталығы
Авангард 3 ықшам ауданы, 40 мекенжайындағы ғимаратта бірнеше сауда алаңдары бар. Бірінші қабатта – супермаркет, дүкен және фаст-фуд кафе, «Фанки-таун» балалар алаңы, екінші қабатта – тұрмыстық электроника дүкені мен ойын аймағы бар. Кірер кезде қабырғада өрт кезіндегі эвакуациялау жоспары ілінген. 2-қабатқа көтеріліп, ойын аймағына бет алдық. Өрт жағдайында сыртқа шығатын есік ашық екен, бірақ жасыл көрсеткіштер жанбай тұр. Екінші қосымша есікті бірден байқамадық, өйткені есікке суреттер салынып, ол қабырғамен тұтасып тұр екен. Әр ойын аймағында дерлік өрт сөндіргіштер орнатылған. Осы қабатта екі залы бар кинотеатр орналасқан. Біз барған кезде екі залда да сеанс жүріп жатыр екен. Әкімші бізге залға кірер ауыздағы өрт сөндіргішті көрсетті. Перде арқылы өртке қарсы қалқандар мен қосымша есікті көрдік. Әкімші барлық есіктердің ашық екенін, бүкіл құрал-саймандардың ақаусыз екенін растады.
Тұрмыстық электроника дүкенінде өрт сөндіргіштер бірнеше жерге орнатылған, қабырғада эвакуациялау жоспары ілінген. Бірақ қосымша есік құлыптаулы болды, оның кілті «жауапты тұлғада» екен. Есікке оның ұялы телефонының нөмірі жазылған парақ жапсырылған. Біздің «Ал бұл адам қайда? Кілт қайда? Неге есік жабық?» деген сұрағымызға, қауіпсіздік қызметінің бастығы есікті ұрлықтың алдын алу үшін жауып қойғандарын айтты. Бірақ алаңдауға себеп жоқ екенін, кілт жандарында екеніне сендірді. Бұдан басқа, оның айтуынша, дүкеннің барлық қызметкері жұмысқа қабылданған кезде өртке қарсы нұсқаулықтан өткен.
«Pokemon» ойын-сауық орталығы
Екі қабатты ғимараттың бірінші қабаты бос тұр деуге болады, тек сәбилер үшін жақында ашылған бассейнге келушілерді ғана қабылдайды. Бірақ бассейн әкімшісі эвакуация жоспары мен өрт сөндіргіштерді көрсете алмады. Әзілдеп болсын, шындап болсын, директоры қандай жағдай болса да, өздерінде су бар екенін айтты.
Екінші қабат – ойын аймағы, мұнда тез тұтанатын материалдарға жататын батуттар, балаларға арналған машиналар мен конструкторлар бар. Залда өрт кезінде эвакуацияға арналған бірде бір көрсеткіш белгі жоқ. Қызметкерлер өрт сөндіргіштер қайда екенін айта алмады. Тек касса жанындағы үстел қасында бүкіл зал үшін бір ғана өртке қарсы құрал тұрды. Олар өрт сөндіру құралын пайдалану білмейтіндерін, жұмысқа қабылданған кезде өрт қауіпсіздігі бойынша ешқандай нұсқаулықтан өтпегендерін айтты.
Привокзальныйдағы «Мурагер» сауда үйі
Бақылау камерасынан тілшіні байқаған күзетші дирекциядан түсірілім үшін рұқсат алуымды өтінді. ЖШС директоры ғимаратта барлық қауіпсіздік талаптары сақталатынын және жыл сайын төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша оқу-жаттығулар өтетінін растады. Бірақ журналистің жұмысына кедергі келтіріп, ақыры суретке түсіруге рұқсат бермеді. Құрал-саймандары бар өртке қарсы қалқанды ақыры көре алмадық.
«Көктем» сауда үйі
Бұл жерде 2011 жылдың тамызында өрт болған еді. Бағына қарай, өрт ғимаратта бірнеше күзетші болған кезде, таңертеңгі сағат жетіде басталған болатын. Ешкім зардап шеккен жоқ. Содан бері бұл жерде тәртіпке қатаң қарайды, ғимараттың барлық бұрыштарында дабыл түймелері орнатылған, әр қабатта өртке қарсы жадынамалар, тіпті, сантехник пен электриктің телефон нөмірлері ілінген. 4-қабаттағы балалар киімін сататын бутиктің иесі төтенше өрт жағдайында баспалдақпен қалай төменге түсуге болатынын көрсетті.
Жеке кәсіпкер Бақытжамал 22 жылдан бері бизнеспен айналысып келеді:
- Бір нәрсе бола қалса, өрт сөндіргішті қолданамын. Егер сөндіре алмасам – ақшам мен құжаттарымды алып, адамдардың барлығын бутиктен дәлізге шығарып, әріптестеріме айқайлап белгі беремін. 101-ге қоңырау шалып, өрт жағдайындағы баспалдақ арқылы төменге түсеміз. Біз тіпті қарапайым лампа ауыстыру үшін де электрикті шақырамыз.
«Дина» сауда үйі
Сауда үйінің ескі ғимаратында кіріп-шығатын бірнеше есік бар. Өртке қарсы қалқан бар. Тек бүкіл залды айналып шықсақ та, эвакуация жоспарын таба алмадық. Ақыры «В» блогындағы азық-түліктер бөлімінде сатушының арқа тұсына ілінген жоспарды таптық.
Жаңа ғимараттан эвакуациялау жоспарын оңай таптық. «Авариялық есік» көрсеткіші бойынша төменге түсуге тырыстық, бірақ баспалдаққа қызыл лента керіп қойыпты, ал металл есік құлыптаулы болды.
ТЕКСЕРУДЕН ҚАЛАЙ ЖАЛТАРАДЫ?
Бейресми ақпарат көздерінен алынған ақпараттар бойынша, кейбір сауда үйлерінің басшылары өкілетті органдар тексермес үшін қулық әрекеттер жасайды екен. Мәселен, қолданыстағы мораторий бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге болмайды. Олар осы мерзім біткен кезде нысан атауын өзгертеді немесе құжаттарда қожайынның аты-жөнін ауыстырып тастайды екен. Содан соң тағы үш жыл бойына тексеруден аман қалады.
Фархат ӘБІЛОВ, Анастасия АЛЮШИНА, Тамара СУХОМЛИНОВА, Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА, Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ, Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген авторлар