- Жақында пәтерімізге 5-қабатта тұратын көршілерімізден су кетті. Сол кезде олар үйлерінде болмаған еді. Тұрба бойындағы бүкіл суды тоқтатып тастауға тура келді, нәтижесінде подъезд тұрғындары сусыз қалды. Содан бері бірнеше күн өтті, бірақ көршілеріміз ақыры келмеді, телефон қоңырауына да жауап берген жоқ, шамасы демалуға кеткен болса керек. Олардың қашан келетіні белгісіз, мүмкін бүкіл жаз бойына болмайтын шығар. Енді шынымен де біздің подъезд үнемі сусыз отырмақ па? Көп су кеткен немесе басқа да оқыс жағдай болғанда, төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет өкілдері немесе учаскелік полицейлер куәгерлердің және ПИК өкілдерінің қатысуымен есікті аша ала ма? Егер аша алса, процедурасы қандай, егер болмаса, неліктен жоқ?
Телефон арқылы
- Пәтерді тек өрт болған жағдайда оны сөндіру үшін ғана бұзып ашады. Онда да адамдар өміріне және материалдық мүліктердің бүлінуіне қауіп төнген жағдайда ғана. Басқа кезде тек құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен және тиісті құжаттар немесе пәтер қожайындарының келісімі болғанда ғана жүзеге асырылады, - деп хабарлады Атырау қаласы бойынша ТЖБ бас маманы Жәнібек САРИЕВ.
ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының кәсіби қызмет бөлімінің бастығы Ерлан РЫСҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйлер мен орынжайлардың есіктерін сол пәтерде қылмыс жасалып жатса немесе адам өміріне қауіп төндіретін басқа жағдай туындаса, есікті бұзып ашуға құқылы.
- Мұндай жағдайлар көп, - дейді Атырау ПИК қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлнар САЛИХОВА. – Бірақ ПИК бұл жағдайда дәрменсіз, өйткені учаскелік инспекторлар мұндай операцияларға қатысудан бас тартады. Ал ПИК өкілдері есікті бұзып ашуға құқылы емес. Бір сөзбен айтқанда, соңғы кездері бұл үлкен проблемаға айналған. Кейбір азаматтардың бірнеше пәтерлері бар, кейбірін жалға береді, кейбірі бос тұр. Қожайындарын іздеп табу қиын.
Сұраққа заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА түсінік берді:
- ҚР Конституциясының 25-бабына сәйкес, тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Заң тек ерекше (қылмысты тергеу, азаматтардың өмірін құтқару, апаттың алдын алу және т.б.) жағдайларда ғана үйге басып кіруге жол береді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының 38-бабына сәйкес, егер меншiк иесiнiң үй-жайынан ғана жүргiзiлуi мүмкiн ортақ мүлiктiң жай-күйiн тексеру, ортақ мүлiктi жөндеу немесе алмастыру қажет болса, алдын ала жазбаша хабар алу бойынша меншiк иесi не басқа бiр тұрушы үй-жайлардың (пәтерлердің) басқа меншiк иелерiнiң немесе кондоминиум объектiсiнiң басқару органының өкiлiн үй-жайға кiргiзуге мiндеттi. Авариялық жағдайларда немесе адамның денсаулығына, өмiрiне қауiп төндiретiн өзге де төтенше жағдайларда кiруге алдын - ала хабарлаусыз рұқсат етiлуге тиiс.
Мынадай тәжірибе қолданыста бар: апатты жағдай көзі (сумен қамту, газ, жылу) орналасқан мүліктің меншік иесі немесе тұрғыны жоқ болған жағдайда, ПИК пен қаладағы басқа коммуналдық қызмет өкілдерінің қатысуымен тұрғындар ұжымы апатты жою аясында өз әрекеттерін бейнекамераға түсіреді. Міндетті түрде тұрғындардың қолы қойылған ұжымдық актіні, сондай-ақ, мәжбүрлеп баса көктеп кіру себептері жазылған басқа да құжаттарды, соның ішінде ПИК өкілдерінің қатысуымен апат орын алған жерді тексеру актісі апат көзі мен апат себебі көрсетіліп толтырылады. ҚР Азаматтық Кодексінің 188-бабының 4-тармағында былай делінген: «Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс». Сондықтан меншік иесіне бүкіл мүлікті лайықты күйде ұстау, оған иесіз заттай қарамау, көршілерінің құқығы мен заңды мүдделерін, тұрғын орын-жайларды пайдалану ережесін, сондай-ақ, көппәтерлі үйде меншік иелерінің ортақ мүлікті ұстау ережелерін сақтау міндеттеледі. Тұрғын орын-жайынан ұзақ уақытқа кеткенде меншік иесі өзінің жоқтығы басқа пәтердің тұрғындарына теріс әсер етуі мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдіруі тиіс. Соған орай, пәтерінің кілтін сенімді тұлғаға (туыстарына немесе таныстарына) тапсырып, бұл туралы көршілеріне немесе тұрғын үй кооперативінің төрағасына хабардар еткені жөн.
Өз кезегінде ПИК-ке қызмет көрсету келісім-шартына меншік иесінің туыстарының немесе таныстарының қосымша байланыс телефондарын енгізу туралы тармақ енгізуге кеңес беріледі. Сол телефондар арқылы апатты ахуалдар туындаған жағдайда баспанаға кіруге мүмкіндік болады.