Екінші деңгейлі банктер мен кредиторлар арасындағы өзара қарым-қатынас тақырыбындағы радио хабарларының бірінде банктің ипотеканы жүзеге асыру тәртібі туралы әңгіме қозғалды. Меніңше, хабардың негізгі бөлігі «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» ҚР Заңына (әрі қарай «Ипотека туралы заң») сай келмейді. Яғни, Қазақстан халқына нақты ақпарат берілген жоқ.
Ипотека туралы Заңның 20-бабында борышқор негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы өз талаптарын:
1) ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу;
2) егер бұл заң актiлерiнде немесе ипотека шартында не тараптардың кейiнгi келiсiмiнде көзделген болса, ипотеканы соттан тыс тәртiппен өткiзу;
3) сауда-саттық өткiзiлген жоқ деп жарияланған жағдайда кепiлге берiлген мүлiктi өз меншiгiне көшiру арқылы қанағаттандыруға құқылы.
Сот тәртібімен ипотеканы өткізу мүмкіндігіне комментарий берген хабар жүргізушісі, егер банк алынған сомаға қанағаттанбаса, бұл жағдайда борышкерден қосымша қаржы өндіріп алуға болады деп мәлімдеді. Бұл пікір заңды ма және банктің заңсыз әрекеттерді жүзеге асыруына жол бермей ме?
А.К.
Сұраққа екінші деңгейлі банктердің бірінің заңгері комментарий берді:
- Соттан тыс тәртіппен ипотеканы өткізу сенімді тұлғаның ұйымдастыруымен кепілге салынған мүлікке саттық өткізу арқылы жүргізіледі. Ипотека туралы Заңның 21-бабына сәйкес:
1. Ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу кепiл ұстаушының қуынымы бойынша сот шешiмiне сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiктi сату iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен ашық сауда-саттықта сату арқылы жүргiзiледi.
2. Егер борышкер жол берген негiзгi мiндеттеменi бұзушылық аса мардымсыз болса және осының салдарынан кепiл ұстаушының қойған талаптарының мөлшерi кепiлге берiлген мүлiктiң құнына анық сәйкес келмесе, ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға рұқсат берiлмеуi мүмкiн.
Сот өндірісі туралы мәселені банк заемшы несие бережағын өтеу туралы өз міндеттемесін орындағысы келмеген жағдайда өндіріп алудың кез-келген кезеңінде бастай алады. Алайда өндіріп алу мүмкін болу үшін міндетті түрде борышкердің табыс көзі бар болуы (МЗТО ұсынған ақпарат бойынша) немесе тіркелген өтімді қосымша мүлігі болуы керек.
Сондай-ақ, сотқа жүгіну үшін төмендегідей жағдайлар негіз болуы мүмкін:
- Кепіл мүлігінің болмауы;
- Кепіл мүлігінің өтімсіздігі;
- Кепіл мүлігіне үшінші тұлғаның құқығын даулау қажеттігі;
- Кепілге салынған мүлікті соттан тыс өткізуге байланысты үшінші тұлғалардың талаптар қоюы;
- Кепіл мүлігін иелену мәселелері бойынша мемлекеттік басқарманың және мемлекеттік билік шешімдерін даулау қажеттігі;
- Үшінші тұлғаның талаптары бойынша кепіл мүлігіне салынған тыйымның болуы;
- Заемшының, /Кепіл салушының/ Гаранттың /кепілгердің және т.б. тарапынан банк талабына дауласу;
- Заемшыда өндіріп алуға болатын мүлігі бар екені анықталып, кепіл мүлігінің құнының міндеттілік сомасымен қамтылмауы (қарыз сомасын жаппаса) және т.б.
Егер банк сотқа кепілге салынған мүліктен өндіріп алу үшін шағымданса, сот ипотека затын өткізу тұрғысынан қанағаттандырмай, бережақ сомасын өндіруге ғана шешім қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайларда «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 55-бабының 4-тармағына сәйкес, борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомалары болмаған жағдайда, ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады. Яғни, бережақты өндіру тек сот шешімімен ғана реттеледі. Егер ол банктің талабын өндіріп алу арқылы өтеуді ұйғарса, бұл әдіс ең алдымен жылжымалы мүлікті (шоттағы ақшалар, көлік және т.б.), содан кейін жылжымайтын мүлікті жүзеге асыруды білдіреді.
Осылайша, банктің кепілге салынған мүлік есебінен, сондай-ақ, қарыз алушыға тиесілі басқа мүлік есебінен өз талабын қанағаттандыруға заңды негізі бар.
Өндiрiп алушының және борышкердің келiсiмiмен сот орындаушысы, мемлекеттік тіркелуге тиісті мүлікті қоспағанда, мүлiктi алдын ала бағалап, оны сатпай сол қалпында беруге құқылы.
Клиент қаржылық қиындық туындағанда уақытында кез-келген банкке хабарласқан жағдайда, ипотеканы өткізу процесіне соқпай, міндеттемені өтеу проблемасын шешу мүмкіндігі бар.