Атырау облыстық ІІД бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВ әкімдікте болған жиналыста 2017 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
2013 жылы өңірімізде 83 000 автокөлік тіркелсе, 2017 жылы 152 000-ға көбейген. Есесіне, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, көлік апатының төмендегені байқалады: 574-тен (127 адам қаза тауып, 620 адам жарақат алған) 285-ке (54 адам қаза тауып, 328 адам жарақат алған) азайған. ІІД бастығы екі жыл қатарынан облыс орталығындағы жол қозғалысын реттеудегі мәселелерді шешуге қатысты қала әкімдігіне жолданған ұсыныстардың жауапсыз қалғанын атап өтті:
-Алдағы уақытта «Береке» ықшам ауданында барлығы 29 тұрғын үй бой көтереді. Есеп бойынша, онда 3 мыңдай тұрғын тұратын болады. Ал бұл жерде жолдың инфрақұрылымы қарастырылмаған. Үйлердің бәрін тапсырғанда тұрғындар үйіне жете алмай, кептелісте ұзақ тұратын болады.
Облыс орталығында 758 бейнебақылау камерасы бар, оның 329-ы жөнделіп жатыр, бұл жұмыстар 10 ақпанға дейін аяқталады деп күтілуде. 2017 жылы бейнекамералар көмегімен 27 қылмыс ашылып, 16 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Қосымша 1410 камера орнататын жоба дайын, бұл аспаптар негізінен жаңа ықшамаудандар мен қара сыртындағы ауылдарға орнатылмақшы. Қазір қаржыландыру мәселесі шешілуде.
- Ауылдардың көбінде жарық, жол жоқ. Сондықтан бұл ықшамаудандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыс орталығынан сақшыларды жіберуге мәжбүр болып отырмыз. Өйткені, мұнда жеке адамдардың салып бастап, бітпеген үйлерінде ұрлық көп.
Қасақана адам өлтіру фактілерінің артқаны байқалады. Өткен жылы тіркелген 27 адам өлтіру қылмысының көбі ойын-сауық мейрамханаларында орын алады.
- Біз бұл бойынша депутаттарға кәсіпкерлердің жұмыс уақытын түнгі сағат 2-3 ке дейін шектеу жөнінде бірнеше рет ұсыныс жасадық. Өйткені, қазір кез келген той-отырыстар осы уақытта аяқталса, кафелер жұмысын таңғы 5-ке дейін жалғастырады.
Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз ШАЯХМЕТОВ 2016 жылы «Күмісбек» кен орнына екі май аққан ұңғыманы тастап кетіп, үлкен экологиялық шығынға ұшыратқан қытайлық үлесі бар «Құлжан-Ойл» ЖШС-ке қатысты тергеу қалай жүріп жатқаны жөнінде сұрады. Дүйсембаев ол адамдарды іздестіру жұмыстары жүріп жатқанын, нәтижесі болатынына сендірді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ облыста ахуалдың тұрақты екенін айта келіп, мұның барлығы қала тұрғындарының арқасы деген баға берді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА