Көрнекі сурет
Биыл Құрманғазы ауданы Ганюшкино поселкесінен 100 шақырым қашықтықтағы иесіз қалған екі ұңғымадан аумағы
Келтірілген залал құны 800 млн теңгеге бағаланып отыр. «Қолжан-Ойл» ЖШС Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты «Күмісбек» кен орнында мұнай өндіру жұмыстарын 2004 жылы жүргізіп бастаған болатын. Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз ШАЯХМЕТОВТЫҢ айтуынша, «Қолжан-Ойл» ЖШС бұдан үш жыл бұрын белгісіз себептермен өз жұмысын тоқтатқан. Аталмыш кен орнында тұмшаланбаған алты ұңғымамен бірге, 60 тонналық май толтырылған екі цистернаны қалдырып кеткен. Биыл екі ұңғымадан мұнай қалдығы ағып, едәуір жерді бүлдіріп тастаған.
- Бұл жерге біздің малымыз жайылады. Ал мал ауырып қалса немесе уланып өлсе, оған кім жауап береді? Жерді бүлдіріп кеткендер халықты ойламайды, қалтасын ойлайды. Жерімізді ластап отырған мекеме басшылығын неге жауапкершілікке тартпайды? – дейді жергілікті тұрғындар.
Күзде арнайы комиссия құрылып, кен орнындағы техногендік сипаттағы төтенше оқиғаның зардаптарын зерттеді. Соның ішінде жер қойнауын пайдаланушы «Қолжан-Ойл» ЖШС-нің «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» ҚР Заңының 111-бабы 2-тармағында көзделген талаптарды бұзып отырғандығы анықталды: «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар уақытша тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органмен объектіні уақытша консервациялау (жұмыстарды тоқтата тұру) мерзімдерін келіседі және жер қойнауын пайдалану объектісін консервациялау жөніндегі жұмыстарды орындауға дереу кіріседі, ал жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдалану объектісін жою жөніндегі жұмыстарды орындауға дереу кіріседі.
Өндіруді тоқтату туралы шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы оларды жою немесе консервациялау басталғанға дейін өндірістік объектілердің сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешенін жүргізеді».
Өз кезегінде Атырау облысы бойынша Экология департаменті ұңғымадан аққан көмірсутек шикізаттарының көлемі үнемі ұлғайып, кен орнындағы жер қабаты мен жерасты суларының бүлінуіне әкелгендігі туралы қорытынды акті жасады. Департамент «Күмісбек» кен орнындағы төтенше оқиға салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал көлемін 800 млн-нан астам теңгеге бағалады. Қазір экология департаменті «Қолжан-Ойл»-дың үстінен залалдың орнын толтыру туралы сотқа талап-арыз берді. Алайда, аталмыш мекеменің басшылығын іздеп табу әзірге мүмкін болмай отыр.
- Қазір «Қолжан-Ойл» ЖШС-іне шығу мүмкін болмай отыр. Телефон арқылы байланыса алмадық, сондықтан Алматы қаласындағы мекенжайына хат жолдадық, бірақ, одан да ешқандай жауап келмеді, - дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек ХАСАНОВ. - «Қолжан-Ойл» ЖШС-нің әділет органдарынан ресми тіркеуден шығарылғаны немесе сот шешімімен банкрот деп танылғаны жөнінде ақпарат жоқ.
Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары Магилан РАХИМОВ Құрманғазы аудандық ІІБ-нің ҚР ҚК 332-бабы («Жерді бүлдіру») бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Жердің бүліну оқиғасына байланысты аудандағы қоғамдық кеңестің шешіміне сәйкес, 1 қарашадан бастап «Күмісбек» кен орнында ұңғымадан мұнай төгілуіне байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Ж. Хасановтың айтуынша, қазір бір айдан бері «Ақ берен» ЖШС өз қаржысына мұнай төгілген жерлерді қалпына келтіру ісімен айналысуда. ЖШС жұмысты желтоқсан айының ішінде бітіруге күш салуда. Кейін облыстық бюджеттен олардың шығынын жабу үшін қаржы бөлінетін болады.
Бір қызығы, «Қалжан Ойл» ЖШС - қытайлық үлесі бар компания және Күмісбек кен орнындағы экологиялық талаптардың өрескел бұзылуы туралы ақпарат бұдан бұрын да кейбір БАҚ-да хабарланған.
Жер мәселесі өзекті болып отырған тұста бұл жағдай кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық: кен орны үш жыл (!) қараусыз қалған және ұңғымалардан мұнай қалдығының ағуы кеше ғана емес, жарты жыл бұрын да емес. Табиғи ресурстарға келтірілген залал көлемі орасан. Бүлінген жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары кешіктіріліп қолға алынса да, бұл жерде әлі ЕШТЕҢЕ болмайды. Егер бүлдірген кінәлілерді іздеп табу мүмкін болса, бюджет толықтырылар, экологтар өз жұмыстары атқарылды деп есеп берер, ал жердің күйі не болмақ?
Ләззат ҚАРАЖАНОВА