Атырау, 18 қыркүйек 22:55
Таңертең ашық+19, күндіз +20
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 371.86  € 433.33  P 5.46

Қытайдан келген қазақ жастары-2    

18 қаңтар 10:10


Атырау мұнай және газ университетінде оқып жатқан Қытайдан келген қазақ студенттерінің мәселелеріне нүкте қойылмай отыр. Әңгіме баяғы оқуға түсерде уәде етілген жеңілдікке қатысты. Бұл туралы біз осыдан екі жыл бұрын жазған болатынбыз. Ол кезде студенттер 1-курста оқитын.

2015 жылы Атырау мұнай және газ институтына (2016 жылы университет мәртебесін алды) Қытайдан келген 104 қазақ жасы оқуға қабылданған болатын. Қазір солардың 67-сі оқып жатса, қалғандары түрлі себептермен оқудан шығып қалған. Оларды сол кезде институтта жұмыс жасаған маман Әлия ТАЗАБЕКОВА, жұбайы – қытай тілінің маманы Нұрбақыт УӘЛІБАЙ екеуі алып келген еді. Әлия Тазабекова аталмыш оқу орнында 1998-2016 жылдар аралығында жұмыс істеді. Қазір «Жібек Жолы - бауырластар» қоғамдық бірлестігін басқарады. Мақсаты – Қытайдан келген қандастарға қолдау көрсету. Соның ішінде ықтиярхат, оралман мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алып беруге көмектесіп келеді.

Ә. Тазабекованың айтуынша, ректорат тарапынан біржылдық оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік жасалады және жатақхана тегін болады деген келісім болған. Университет ректорының қолы қойылған шақырту қағазында да шетел қазақ диаспорасының өкілдеріне жеңілдік қарастырылғандығы жазылған.

Алайда, оқуға қабылданған 1-курс студенттері ешқандай жеңілдік жоқ екенін білген кезде наразылықтарын білдіріп, жергілікті әкімдікке хат жазады, тілшілерден көмек сұрайды. Сол кезде бұл мәселеге сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН араласып, студенттер жеңілдікке қол жеткізген. Алғашқы оқу жылында олар 347 мың теңгенің орнына 270 мың теңге төлеген еді.

2-курс алдында жеңілдік тек бір жылға жасалғанын білген студенттер енді Қазақстан президенті Назарбаевқа өздеріне жәрдемдесулерін сұрап хат жазып,  көшірмелерін университет ректоры мен білім және ғылым министріне жібереді. Бұл туралы мәселе тағы да БАҚ-та көтерілген соң, студенттер тағы бір жылға жеңілдікке қол жеткізеді.

Айдынгүл ӨМІРБЕК, Атырау мұнай және газ университетінің 3-курс студенті:

- Барлығымыздың ойымыз – 25 пайыз жеңілдікті алу. Өйткені, біз оқу орны 25 пайызды береді деп үш жыл бойы үйден жасырып келе жатырмыз, жеңілдік жоқ екендігін айтпай отырмыз. Ата-анамыз «Берген уәделері қайда? Сөздеріне тұрмай ма? Сендер расымен оқып жүрсіңдер ме, жоқ сыртта қаңғып жүрсіңдер ме?» деген сияқты сұрақтар қояды ғой. Сондықтан, тағы бір рет басшылардың алдынан өтейік деген шешімге келдік.

Қазір студенттердің көбісі қысқы сессиядан соң демалысқа шығып, Қытайға кеткен. Олар сол жақта осы оқудың ақшасын жинау үшін жұмысқа тұрып, күндіз-түні еңбек ететіндіктерін айтады. Университет жатақханасы үшін жылына 20 мың теңге төлейтіні тағы бар.   

Шетелдік студенттерге 2-курстың ІІ семестрінде емтиханнан құлап, мойындарына қарыз болып қалған ақшалары қосымша жүк болып тұр.

Арай ТОЛҚЫН, Атырау мұнай және газ университетінің 3-курс студенті:

- Бізге 1-курста тілдік мәселеге орай емтихандарды ауызша тапсыруға рұқсат берді. Кейін 2-курста ректор өз аузымен бізге компьютер арқылы тапсырып көріңдер, егер одан құлап жатсаңдар, сендерді бір апта ішінде ауызша емтиханға жібереміз деді. Бірақ біз компьютер арқылы тапсырып, 30 шақты студент 2-3 сабақтан құлап қалдық. Кейін артынан емтиханды «ауызша тапсырасыңдар» деген уәде ұмытылып, біз компьютер арқылы емтихан тапсыруды жалғастыра бердік. Тағы да құладық. Жалпы менің басымда 220 мың теңге кредит бар. Менен басқа тағы 30-ға жуық баланың басында осындай «қарыз» бар. Ең төмені 20 мың теңге, ең жоғарысы - менікі. Біз оны қалай төлейміз? Оқудың ақысы, жатақхана, тамақ пұлымыз бар, ауырып-сырқаймыз.

Студенттер «Жібек Жолы-бауырластар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия Тазабековадан көмек сұрап, өтініш жазған. Өтінішке 59 студент қол қойған. Олар 25 пайыз жеңілдікті және 2-курста емтихан сұрақтарын оқи алмай, уақыттың жетіспеуіне байланысты емтихандарды ақысыз кері тапсыруға рұқсат сұрап отыр. Тазабекова өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА хат жазды. Алайда, оның орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАДАН келген жауапта «студенттер ішкі тәртіп ережелерін сақтамай келеді және оқу үлгерімі сапалары төмен» делінген.


Әлия ТАЗАБЕКОВА, «Жібек Жолы-бауырластар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі

Әлия ТАЗАБЕКОВА, «Жібек Жолы-бауырластар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Бұл мәселе қазір көтерілмей жатыр. Ал ертең студенттер мына ақшаны төлей алмаса, 4-курсқа көше алмайды. Мен балалардың өтініші бойынша облыс әкіміне хат жаздым. Бірақ, әкімнің жауабына көңілім толмайды, ол араласпады деп есептеуге де болады. Енді мәселені мемлекеттік деңгейде көтеру керек деп ойлаймын.

 «АЖ» тілшісі Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли ӘБІШЕВТЕН көтеріліп отырған мәселеге комментарий беруін өтінді. Қытайдан келген қазақ студенттерімен тікелей жұмыс жасап отырған әріптестерін жинаған ректор тілшінің барлық сұрақтарына жауап беріп, осы мәселеге нүкте қоюға тырысты. Әрине, әріптестерінің ішінде «осы мәселені неге қайта-қайта көтере бересіңдер» деп кейігендер де болды. «Бұл 67 студент емес, Тазабекованың үйінде тұрған 5-6 студенттің ғана пікірі, наразылығы» деп басып тастағысы келгендер де болды.


Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли ӘБІШЕВ


- Студенттер оқу ақысы мәселесін жыл сайын көтеріп келеді. Оқуға қабылданар алдында 25 пайыз жеңілдік болады деген уәде берілген еді ғой.  

- Мұндай уәдені 2015 жылы институтқа Қытайдан студенттерді оқуға тартуға барған Әлия Тазабекова өз тарапынан берген. Университет тарапынан ондай уәде болған жоқ.

- Шақыру қағазында жеңілдік қарастырылғандығы жазылған.

- Шақыру қағазы – ресми хат емес, ресми құжат емес, ол открытка сияқты жасалған хат, ол жерде факсимиляр жүрген, бітті.

- Қағазда сіздің қолыңыз тұр.

- Менің қолым емес, факсимилятор. Көшірме. Ресми құжат емес, ресми хат емес, ол (Тазабекованы айтады-авт.) Қытайға барғанда, балаларды үгіттегенде осындай пайыз беріледі деп осы ашықхаттарды үлестірген.

- Демек, сіз, яғни ректорат пен Әлия Тазабекованың арасында Қытайдан келген қазақ жастарына оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік және жатақхана тегін болады деген келісім болмаған ба?

- Болған жоқ, ол өзі уәде берген, сол уәдесіне тұру үшін істеп жүрген жұмысы.

- Бірақ студенттер бірнеше жерге хат жазып, бұл мәселені жыл сайын көтеріп келеді.

- Иә, балалар хат жазды және сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның өтінішінен кейін ғылыми кеңестің жиналысында осы мәселе көтерілді.  Нәтижесінде өзге елдегі алғашқы жылдары болғандықтан, ғылыми кеңестің шешімімен 1-курста 25 пайыз жеңілдік жасалды. Бірақ, 2016 жылы Білім және ғылым министрлігі тексеру кезінде бізге ондай жеңілдік беру заңсыз деп ескертті.

- Яғни, бізде заң бойынша шетел азаматтарына ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

- Шетелдік студенттерге 25 пайыз жеңілдік беріледі деген ешқандай заңда көрсетілмеген. Сол себептен мен ондай заңбұзушылыққа бара алмаймын.

- Екінші көтеріп отырған мәселелері – жатақхананың ақылы болуы. Жатақхана тегін болады деген келісімнің де болмағынан айтып отырсыз. Бұл Тазабекованың өз тарапынан болған уәдесі деп отырсыз.

- Заңды түрде жатақхана тегін берілу керек деген қағазды алып келіңіз, біз оны орындаймыз. Заңды бұзуға мен бара алмаймын.  

- Келесі сұрақ емтиханнан құлап, қарыз болып қалған студенттердің мәселесіне байланысты. Әсіресе, Арай Толқынның мойнында 220 мың теңге қарызы бар екен. Бұрын-соңды аралық бақылау сынағын ауызша тапсырып жүрген қытайлық қазақ студенттеріне компьютер арқылы тапсырып көріңдер, өтпей қалсаңдар ауызша тапсырарсыңдар деген уәде беріпсіз. Осы қарыз студенттерді қатты алаңдатып отыр.

- Біз оларға 1-курста емтиханды ауызша тапсыруға рұқсат бердік. Сосын екінші курста да рұқсат бердік, тек І семестрінде ғана. Сол себепті мүмкіндік берілмеді деген өтірік. Бұл қарызға еш қатысымыз жоқ. Мұндай жағдайда оларға жеңілдік қарастырылмаған. Олардың басқа студенттердің қай жері артық, қай жері кем? Талап бәріне бірдей. 

- Оқуға түсерде бұйрық ертерек шықсын деп Қытайдан келе жатқан студенттер оқу ақысын алдын ала төлеп, бірақ ақшалары кері қайтарылмағандығы осыған дейін БАҚ беттерінде келтірілді және Тазабекованың өзі де осы жөнінде айтты.

- Тазабекова университет Қытайдан келген қазақ студенттеріне жеңілдік беру керек деп сотқа арызданды. Сотта осы мәселе қаралды. Бірақ бұл дәлелденген жоқ. Бұл бос сөз. Бухгалтерия студент оқуға қабылданбаса, бұйрық шықпаса, ақшаны қалай қабылдайды? Оған негіз болу керек қой. Бұйрық болмай, ақша алынбайды.

Автордан: Өткен 2,5 жылда 67 студенттің 6-уы Қазақстан азаматтығын алған. Және 48-і осы елде тұруға ықтиярхат алған. Тағы 13 студент Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірген.




Айнұр САПАРОВА 

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ, Ғани САҒЫНДЫҚОВ

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

9208 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Тақырып бойынша жаңалықтар

Қытайдан келген қазақ жастары-4. Әкім нүкте қойды  1696 рет қаралды

Қытайдан келген қазақ жастары-3  2939 рет қаралды

«Мамандық алсам, осында қалғым келеді»  1413 рет қаралды

Бұлардай ешкім ән айтпайды  1531 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5