Желтоқсаннан бастап жылдың соңғы күндеріне дейін Атырау облыстық мемлекеттік кірістер басқармасында (МКБ) тағы да дүрлігіс орын алды. Халық айыппұл салынады деген қорқынышпен салық төлеуге жүгірді. Ал бұл хабар жалған болып шықты.
МКБ мамандары ахуалдың WhatsApp арқылы таратылған жалған хабарлама салдарынан ушығып кеткенін айтады. Онда хабарлама авторлары жылжымалы және жылжымайтын мүлікке салынатын барлық ағымдағы және алдыңғы жылдардың салықтары 31 желтоқсанға дейін төленбесе, 20 АЕК шамасы көлемінде айыппұл салады деп мәлімдейді. Бұл хабарлама ғимарат ішін ығы-жығы қылып жіберді. 500 адамға есептелген орынжай күніне бір жарым мың адамға дейін келушіні қабылдаған.
МКБ уақытында төленбеген көлік құралдары (КҚ), мүлік және жер салықтары үшін айыппұл санкцияларының қарастырылмағанын хабарлайды. Естеріңізге салсам: КҚ үшін төлем мерзімі - ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін, жылжымайтын мүлік және жер үшін - 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 1 қазанына дейін. Жаңа жылға дейін көлік үшін салық төлеуге үлгермесеңіз, қорқынышты ештеңе жоқ. Кешіктірілген әр күн үшін «қайта қаржыландыру коэффициентінің» негізінде өсім есептеледі. Өсімді Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан өз бетінше есептеуге болады, бірақ сомалар көп шықпайды. Егер қаңтар айының басында төлесеңіз, сіздің бюджетіңізге тиетін зиян аз болады.
- Кезекке тұрмас үшін, азаматтарға kgd.gov.kz және egov.kz сайттарын қолдануға кеңес береміз. Ол жерден өткен жылдардың қарызы туралы ақпарат алуға болады. Ал ағымдағы және өткен жылдар үшін көлік құралдары бойынша салықтарды есептеу үшін http://kgd.gov.kz/ru/calc/transports сайтын қолдану керек, - деп түсіндіреді Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Нұрбол САЛЫҚОВ.
Салықтарды екінші деңгейлі кез-келген банктерден, ал комиссиясыз Қазпоштадан төлеуге болады. Өзіңізбен бірге жеке бас куәлігі, көліктің vin-коды болуы керек.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА