Заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты мүлік және жер салықтарын төлеу мерзімі де өзгерді. Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасындағылар осы өзгерістерді қате түсіну фактілерінің орын алғанын растап, бір аптадан бері ғимараттарының табалдырығын тоздырып жүрген жандар үшін түсінік берді.
- Биыл «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске өзгерістер енгізілді. Жеке тұлғалардан жер салығын (391-баптың 1-ші және 3-ші тармақтары) және жеке тұлғалардан мүлік салығын (409-баптың 1-ші және 7-тармақтары) есептеуді салық органдары есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жүргізеді, ал бюджетке салық төлеу есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірілмей жүргізіледі. Бұл өзгеріс бойынша салық мерзімінің ішінде қожайындары өзгерген жағдайда салықты қайта есептеу жойылады, - дейді Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Нұрбол САЛЫҚОВ.
Қарапайым тілмен айтқанда, ағымдағы 2017 жылғы салық төлеуші жеке тұлғалардың дерекқоры 2018 жылдың шілдесіне қарай түгелдей түзетіледі. Ағымдағы жылы жер және мүлік салықтары үшін 2018 жылдың шілдесінен бастап 1 қазанға дейін төлеуге, яғни, 3 ай ішінде үлгеруге тиіспіз.
Көлік құралдарына салық төлеу мерзімінің өзгеріссіз қалғанын -ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін екенін қаперіңізге береміз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА