- Жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу үшін нақты бір мерзімдер белгіленгендігі туралы естідім. Ол мерзімдер қандай және жалпы ондай тіркелуден өту не үшін қажет? Ондай тіркеуден өтпеген болса, қандай келеңсіздіктер туындайды? Одан өту үшін қайда бару керек?
Клара ФАЙЗУЛЛИНА
Сауалға қалалық әділет басқармасының бастығы Айгүл УАЙСОВА жауап береді:
- Жылжымайтын мүлiкке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауы, өзгеруi немесе тоқтатылуы, сондай-ақ заңдық талаптар құқықтық кадастрда мемлекеттiк тiркеуге жатады.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңның 9-бабына сәйкес, адам құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшiн заңдық факт басталған, оның iшiнде шартты нотариат куәландырған, сот шешiмi күшiне енген, өзге де құқық белгiлеушi құжаттар берiлген сәттен бастап алты айдан кешiктiрмей мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiшпен жүгiнуге тиiс. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмдi бұзуы Қазақстан Республикасының заңында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Яғни, нотариуста келісім-шарт жасалғаннан кейін, меншік құқығын тану жөніндегі заңды күшіне енген сот шешімі шыққаннан соң, тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан және қайта жобалаудан соң қабылдау комиссиясының нысанды қабылдау барысында және жер учаскесін жеке меншікке бөлу жөніндегі шешім шыққаннан кейін, қайтарымсыз қолдану үшін міндетті түрде Атырау қаласы халыққа қызмет көрсету орталықтарының кез-келгеніне барып, заңды құқыққа ие болатын құжаттар пакетін және басқа да мемлекеттік тіркеуге қажетті құжаттарды тапсыру керек. Меншік құқығы тек заңды құқық беретін құжаттар әділет органдарында тіркеуден өткеннен соң ғана заңды болып танылады.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңға сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықты жедел тіркету (1 күн ішінде) үшін бюджетке Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен алым алынады. Әдеттегі тіркеу бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.