Атырау, 24 қараша 08:23
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақтың Катюшасы

14 464 просмотра

15 мамырда Ұлы Отан соғысының батыры Хиуаз ДОСПАНОВАНЫҢ туғанына 90 жыл толады.

РАСКОВА АРҚЫЛЫ - МАЙДАНҒА

Ол Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкиннен 30 км қашықтықта қазіргі Киров селолық округі, Зорматинск аумағында дүниеге келген. Әкесі партия қызметкері, анасы мұғалім боп жұмыс жасаған. Хиуаз Орал қаласының №1 мектебінде білім алған, белсенді, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болған, сонымен қатар, жергілікті аэроклубта ұшу дағдысын меңгерген.

1940 жылы Хиуаз мектепті үздік бітіреді. Ол ұшқыш болуды армандап, Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясына оқуға тапсырады, бірақ ондағылар қабылдамайды. Сол кезде ол Мәскеудегі Алғашқы медицина институтына емтихансыз оқуға түседі. Бірінші курсты тәмамдағаннан кейін өзінің алғашқы студенттік демалысын алып, үйіне бармақ боп жиналады. Бірақ сол сәтте соғыс өрті лап ете түседі де, Хиуаз Метростройға жұмысқа орналасады. Қыркүйекте мединституттың 2-курсының сабағы басталып кетеді, бірақ оның ойы оқуда емес еді, құрбыларымен бірге майданға медбике боп аттануды жоспарлайды. Сол кезде танымал ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Марина РАСКОВАНЫҢ әйелдер әуе полкін ұйымдастырып жатқанын естіп, ВЛКСМ Орталық Комитеті арқылы Раскованың қабылдау комиссиясына жолдама алады. Ал сол жерде Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларына лайықты түрде баға алған.

 

ФАШИСТЕР ҮШІН - МЫСТАНДАР

ПО-2 түнгі жеңіл бомбалаушылардың 588-полкі Солтүстік Кавказдан бастап, Қырымға, Украинаға, Белоруссияға, Польша мен Германияға дейінгі ұрыс жолдарынан өтті. Олардың міндеті түнгі уақытта азғана биіктіктен қарсыластарын бомбалау еді. Түнгі ұшудың  нәтижелерін келесі барлау қызметі растауы тиіс. Фашистер оларды көзсіз батырлықтары үшін «түнгі мыстандар» полкі деп атаса, қолбасшылық кейіннен оған 46-гвардиялық полкі деген атау берді.

Ғаламтордан «түнгі мыстандар» дегенді іздестіргенде, Ресей Батыры Татьяна СУМАРОКОВА туралы да мәліметтерге кез болдық. Ол Хиуаз оқыған медицина институтының студенті болған. 1941 жылдың 13 қазанында екеуі М. Расковаға барған екен. Қыздарды штурмандар тобына қабылдайды. 1941 жылдың 26 қазанында олар ұшқыштар мектебінің жеделдетілген курстары өтіп жатқан Саратов облысының Энгельс қаласына келеді. Бір қызығы, екеуі де Кеңес одағы құлағаннан кейін ресми түрде: Татьяна - Ресей Батыры, Хиуаз – Халық Қаһарманы атанады.

 

ӨШКЕНІМІЗ ЖАНДЫ

Олар 1942 жылдың мамырында майданға түседі. Хиуаз соғыс жылдарында барлығы 300-ден астам әуе шайқасына қатысып, жаудың төбесінен жасын ойнатқан. Кеңес Одағының батыры, эскадрилия командирі Марина ЧЕЧНЕВА өзінің «Менің әскери құрбыларым» деген кітабының 15 бетін Хиуазға арнаған екен. Құрбысының әскери шеберлігі жөнінде: «Доспанова әрдайым өз ұшағын бағдарға айна-қатесіз бағыттайтын» деп жазады. Кавказдағы ұрыста Хиуаз алғаш рет жараланады, бірақ бір айдан соң қатарға қайта оралады.

Екінші рет ұрыс тапсырмасын орындағаннан кейін, өлімші боп қатты жараланады. И. Ракобольская мен И. Кравцова «Бізді «түнгі мыстандар» деп атады» деген кітапта былай деп жазады: «1943 жылдың сәуірінде Краснодар маңындағы Пашковская станицасына аялдадық. Сол жерден екі ай бойына тапсырманы орындауға шығып жүрдік. 1 сәуірге қараған түні сол жерде қайғылы оқиға орын алды. Әдеттегідей, аэродромға қауіпсіздік мақсатында жарық түсірілмеген еді, жауынгерлік тапсырмамен оралған ұшақтар түн қараңғылығымен аэронавигациялық шамдарын (оң жақ, сол жақ бүйіріндегі және артқы жағындағы үш лампа ) өшіріп қонады. Бұрылыста Юля ПАШКОВА мен Катя Доспанованың ұшақтары эскадрилия командирі Полина МАКАГОН мен Лида СВИСТУНОВАНЫҢ ұшақтарымен түйісіп, екі машина да құлады. Макагон мен Свистунова бірден көз жұмды. Юляны құтқармақ болғанмен, 4-сәуірде ол да қайтыс болды. Катя Доспанованың екі аяғы сынды. Оны қайта тірілді деуге болады. Гипске салған күйі оны Ессентукиге әкелді. Біршама уақыттан кейін рентген оның сүйектерінің дұрыс бітпей жатқанын көрсетті. Гипсті сындырып, сүйегін түзеді... Кішкентай Катюшаның басына көп бейнет түсті...».

 

«ЕШТЕҢЕГЕ ӨКІНБЕЙМІН»

Үш айдан кейін Хиуаз полкіне оралып, ауруына беріспей, жауынгерлік тапсырмамен аспан төрінде қайта ұша бастады. Әскери қолбасшылық бұйрықты түрде  ұшқышты штабқа ауыстырып, полк байланысының бастығы етіп қояды. Осы әскери лауазыммен ол Берлин түбіндегі жеңісті қарсы алады. Ұлы Отан соғысындағы ержүректігі мен батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз», «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталады.

Соғыстан кейін Доспанова Алматы қаласындағы жоғарғы партия мектебіне оқуға түседі. Батыс Қазақстан облысында аудандық комитеттің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарады. Аяғынан алған ауыр жарақаты сыр беріп, 1959 жылы мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығуға мәжбүр болады. Хиуаз апа отағасы Шәку ӘМІРОВПЕН бірге ұлы мен немерелерін тәрбиелеп өсірді.

Хиуаз Доспанова Алматыда 2008 жылдың 20 наурызында дүниеден өтті. Атыраудағы Мұз сарайы мен Алматыдағы көшеге қаһарман қыздың есімі берілді. Ұлы Отан соғысының аңызға айналған ұшқыш қызының ескерткіші Жайық жағасындағы орталық көпірдің түбінде орнатылған.

2005 жылдың ақпанында Атырау өлкетану мұражайының зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері Жаннат ЖЕТПІСБАЕВА Хиуаз апаның үйінде болған кезде, диктофонына оның былай деген сөздерін жазып алыпты: «Қымбаттыларым менің, біздің жеңісімізді жақындатқан жандардың бәрі де батыр болатын. Мен өкінішсіз өмір сүрдім. Біздің төккен қанымыз текке кетпесе екен дейміз. Келер ұрпақ осыны есте сақтаса екен».

Фотосуреттер облыстық  өлкетану мұражайының мұрағатынан алынды

 

Қымбатты Катюша!

Көктем және Жеңіс мерекесімен құттықтаймын!

Көктемгі қуанышты көңіл-күй, бақыт, денсаулық және бар жақсылықты тілеймін. Наурызда  Оля Клюеваға бардым, ол жүректен қатты науқастанып жатыр екен. Аздап уайым кіре бастады.

Сүйдім Женя, Барнаул қ.

(Полктасы Евгения ГЛАДКИХТАН келген құттықтау открыткасы)

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 сәуір 2012, 18:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.