Атырау, 26 қараша 20:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Малмен соқтығысу оқиғалары жиіледі

10 382 просмотра


Атырау облысы ІІД-нің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері малмен соқтығысу салдарынан болған бес жол-көлік апаты тіркелген. Әдетте мұндай апаттар сиырлар мен жылқылар трассаға шығып кеткенде болып жатады. Ал жүргізушілер мұндай жол-көлік оқиғаларын босқа уақыт алу мен бекер әурешілік деп полицияға хабарламай жататын жағдайлар қаншама?

Естеріңізге салсақ, қаламызда 20-21 қыркүйек аралығында малдар көлік астына түсіп, үш жол апаты болған еді («Қараусыз малдар көлік астына түсті»).  Ал қазанда Жылыой ауданында осындай көлік апатынан кейін жеңіл көліктің жолаушысы ауруханаға түскен болатын («Автокөлік жылқыға соқтығысты»). Екі көлік соқтығысса немесе жаяу жүргіншіні қағып кеткен кезде, жәбірленуші кінәлі тараптан материалдық өтемақы талап ете алады. Ал көлік малға соғылса ше?

Жол бойында автокөлік қозғалысына кедергі келтірген малдар «СпецАвтоБаза» ЖШС айып қорасына қамалады. Малдардың құлағындағы сырғалары арқылы олардың иелерін анықтау жұмыстары жүргізіледі. Мал иесіне 20 АЕК көлемінде (45 380 теңге) айыппұл салынады.  Ал иесі табылмаса, мал мемлекет меншігіне өтіп, оны әрі қарай союға жібереді. Атырау қаласында иесіз малдар Атырау мөлтекауданы мен халықаралық әуежай трассасында жиі кездеседі.

Жылына малдың қатысуымен неше апат болатыны белгісіз. Өйткені полиция көліктердің малға соғылу фактілерін тіркемейді екен. Тек адамдар зардап шеккенде ғана хабарлайды. Жылыой ауданының тұрғыны Наурызбай КӨБЕСОВ әңгімелейді:

- Ағамның айтуынша, олар кешқұрым ауылыма қарай келе жатқан. Бір кезде үлкен қара нәрсе келіп, көлігіне жабысыпты. Бұл жылқы малы екен. Көліктің тоқтатқан кезде, әйелінің қан-қан болып, ал артқы орында отырған балаларының қорыққаннан көздерін жұмып отырған көрген. Дереу ес жиып, оларды көлік сыртына шығарған. Балалары дін аман, ал әйелі ауыр жағдаймен ауруханаға жеткізілді, 5 күн комада жатып, өзіне әрең келді. Қазір жағдайы жақсы.

- Ал жылқыға не болды?

- Жылқы сол жерде өлді. Кімнің жылқысы екенін білмейміз. Негізі сол жолда (Құлсары-Атырау тас жолы. - Ф.Ә.) иесіз малдар көп жүреді. Қатер аяқ астынан дегені рас екен. Есімізді енді жия бастадық. Дәстүр бойынша нәпіл садақа береміз.

Тағы да бір жапа шегуші қалалық А. (аты өзгертілді) айтуынша, көлігіне жылқы келіп түйісіп, көлігінің сау-тамтығын қалдырмаған. Шығынды да ешкімнен өндіре алмаған.

Жылқы демекші, Жылыой ауданы,  Шоқпартоғай селосында жылқы ұстайтын Болат АЙТЖАНОВ апаттарға қатысты өз ойымен бөлісті:

- Шынында да малдың көлікке соғылуы көбейіп кетті. Көбінесе жолда жайылған иесіз малдардың кесірінен болып жатады. Өзге малдарды білмеймін, жылқы - жарықты көрсе, көзі көрмей, сол жарыққа қарай бар жылдамдығымен ұшырайды. Адамдар да көздері жарыққа көрмей қалады ғой. Сонымен қатар жүргізушілердің де кінәсі бар. Айдалада жылдамдықты асырып, жан-жақтарына қарамайды. Малды көрсе алыстан белгі ( сигнал) беріп, көлігі жақындағанша мал кетіп қалады деп ойлайды.

- Осындай апаттардың алдын алу үшін не істеу керек деп ойласыз?

- Алдымен жолдың шетіне металл қоршаулар орнатып немесе төмпешік етіп топырақ үю керек. Сонымен қатар, жылқылардың үстіне көлік жарығына шағылысатын арнайы матадан жабынды тігіп, кигізу керек. Әркім өз малының амандығы үшін кигізеді деп ойлаймын.

- Өзіңіз малдарыңызды осындай апаттардан қалай қорғайсыз?

- Менде көбі - жылқы. Олардың аяқтары мен үстеріне банағы айтқан жарық түскенде жарқырайтын матаны аяқтарына орап қойдым. Ал сиырларымның мойнында қоңырау, құлақтарында- сырға. 

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор 

13 қараша 2017, 16:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.