Атырау, 23 желтоқсан 05:20
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Сақинамен ұстады - 2

4 208 просмотра


Атырау қаласының №2 соты сақина ұрлады деп айыпталған азаматтық белсенді Бекболат МҰХАНАЛИЕВКЕ қатысты үкім шығарды.

Оған пробациялық бақылау белгілеумен (жаза өтеу барысында ол тұрақты жұмыс орны мен оқуда жоқ болған жағдай да бір жылда 240 сағаттан аспайтын қоғамдық жұмыстармен айналысу белгіленеді) екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Еске салып өтсек, 2017 жылдың 21 тамызында Мұханалиев жиһаз жөндеуші болып жұмыс жасап жүріп, Балықшы поселкесінің тұрғынынан үйіндегі жиһазын бұзуға тапсырыс алады. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы пәтер иесінің қобдишасының ішінен құны 41 000 теңге тұратын алтын сақинаны жасырын алып кетеді. Кейін жәбірленуші үйінде ұрлық болғанын байқап, дереу полицияға хабар береді. Осы уақытта Жайық өзенін көпір арқылы жаяу кесіп өткен Мұханалиевты ұстау кезінде, оның құрал-саймандарға толы сөмкесінен әлгі сақина табылған.

- Атырау қаласының №2 соты Бекболат Мұханалиевті ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 1-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Алайда, сотталушы Б. Мұханалиев сот шешімімен келіспейді.  

- Сотта біздің талаптарымыздың ешқайсысы да орындалған жоқ. Мысалы, айғақ зат ретінде сақина сот ісіне тіркелуі тиіс еді. Бірақ, оның иесі сақинаны ломбардқа тапсырып қойғанын және ақшасы болмағаннан қайтарып ала алмай жүргенін айтты. Сот та ол сақинадан өте жіңішке деп танып, «саусақ ізі алынбайтынын» айтты.

Бекболат бұл қылмыстық іс тапсырыс және өзінің белсенді азаматтық ұстанымы үшін соңына түсу деп есептейді. Оның әділетті соттан үміті қалмаса да, ол бәрібір апелляциялық шағым бермек.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

2 қараша 2017, 17:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.