«АЖ» Атыраудағы тұрғын үй аулаларындағы берекетсіз құрылыстар мен соның салдарынан қала тұрғындары үшін туындаған қолайсыздықтар туралы тақырыпты жалғастырады.
1. Сәтпаев даңғылындағы №34 үйдің ауласы тұтас көлік тұрағына айналды. Бұл жерде кеңсе ғимараты салынғандықтан келушілер көліктерін үй ауласындағы алаңға қояды. Сонымен қатар жақын маңдағы балабақшаға балалар әкелетін ата-аналар да көліктерін осы жерге тоқтатады. Көпқабатты үй тұрғындары көліктерін қоятын жер таппай әлек. Көрші 32-үйдің ауласында да осындай жағдай: екі үйге арналған алақандай балалар алаңы көліктер қоршап тастаған. Бұл қиындықтың жартысы ғана. Таңертеңгі және кешкі уақыттарда Сәтпаевтағы көлік кептелісінен қашқан жүргізушілер №31, 32 және 30 үйлердің алдымен өтеді, сондықтан үйдің ауласы автокөлік жолын еске түсіреді. Әсіресе, балаларға обал.
2. Сәтпаев даңғылындағы №50 үйдің ауласы. Жақын маңда «Премьер сити» тұрғын үй кешені орналасқан, оның іргеқабатында көптеген дүкендер, кафелер мен кеңселер бар. Орын тауып, көлікті қою оңай емес.
3. Бұл арада «Премьер ситидің» тұрғындары да қиналуда. Кешеннің ауласы арқылы жүргізушілерге Сәтпаев даңғылынан Владимирский көшесіне әрі-бері өту ыңғайлы. Әрі олардың барлығы жылдамдықтарын бәсеңдете қоймайды. Бұл арада да өте қауіпті.
4. Авангард-3 ықшамауданындағы №35 және 24 үйлердің арасындағы аумақта жақын арада жаңа ғимарат бой көтермек – онысы дәл осы араға төгілген топырақ пен бетондалған алаңқайдан байқалып тұр. Құрылыс салуға үй тұрғындарының келісімдерін ешкімнің сұрамағанын айта кету керек.
5. Сол ықшамаудандағы №9 үйдің маңындағы екі қатарлы ғимарат та дәл солай салынуда. Жазда бұл жерге арнайы техника келіп, жұмысшылар балалар алаңын бір шетке ығыстыра салып, алаңды қоршап қойған. Тұрғындар бұл араға не салынатынын әлі білмейді. Көлік қоятын орын бұрыннан жетіспейтін еді, енді жаңа «көршілері» келсе, тіпті қиын болмақ.
6. Шенеуніктердің Қожақаев көшесіндегі №25 және 27 үйлердің арасынан екіқабатты ғимарат салуға рұқсатты қалай бергені түсініксіз. №25 үйдің кей пәтерлері күн сәулесін көруден қалды, өрт бола қалған жағдайда бұл жерге арнайы техника кіре алмайды; үйдің бір жанын салынып жатқан жаңа ғимарат жауып тастаса, екінші жағында жылу трассасы өтіп жатыр.
7. Азаттық даңғылы бойындағы №133Б және 131А үйлердің терезесінен көрші тұрған екіқабатты ғимарат қана көрінеді. Оған қоса жанынан тағы біреуі салынуда.
8. Махамбет көшесі, №125 үйдің тұрғындары да осындай жағдайда қалды. Олардың дәл жанынан бизнес-орталық, терезелерінің түбінен автотұрақ салынған.
9. Махамбет көшесі, №121 үй тұрғындары күн сайын терезелерінің алдынан салынған банк пен қосалқы бөлшектер ғимаратынан өзге ештеңе көрмейтін болды.
10. Махамбет көшесі, №118А үйдің ауласы үлкен тұраққа айналған. Бұл жерге «Насиха» сауда орталығына келгендер көліктерін қойып кетеді. Шаң, лас, көліктердің дауысы... Әсіресе демалыс күндері у-шу болады да жатады. «Аула емес, базарға айналғанй деп кейиді тұрғындар.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суреттерді түсірген автор