Бір кездері Атырауға алғаш рет келген менің бір құрбым қаланың кеңдігіне қайран қалған еді. Өткен жылдар ішінде қала қатты өзгерді. Шамасы жиі ауысатын әкімдер мен бас сәулетшілер тұрғын үй массивтерінің құрылыс ережелеріне әу бастан көздерін жауып келгенге ұқсайды, өйткені, үйлердің ауласы мен балалар алаңы және көлік тұратын тұраққа орын қалмаған.
Оған мына Сәтпаев даңғылы бойындағы №16 үйдің ауласы дәлел бола алады. Ауладан қалғаны асфальтталған көлікке арналған алаң және титтей ғана алақандай жер. Ал қалған барлық алаң биік дуалдармен қоршалған, қоршаудың ішінде жекеменшік балабақша орналасқан. 16-шы үйдің балалары болса көліктердің арасында өз өмірлерін қауіпке тігіп ойнауға мәжбүр.
Азаттық даңғылы бойындағы №5 үйдің ауласында көлікке және күл-қоқысқа арналған шағын ғана алаңды қалдырып, үш қабатты кеңсе ғимараты бой көтерген. Балалар үшін жер жоқ. Үйге кірер жолды таксишілер мен кеңсеге келетін машиналар басып алған. Тұрғындар бұл жерге құлыпталатын шлагбаум орнатып қойған. Алайда, тұрғындардың бұл батыл шешімі «жедел жәрдем» мен, құдай сақтасын, өрт шықса өрт сөндіру машиналарының кіріп-шығуына қиындық тудырары анық.
Атырауда жаңа ғимараттар қалай болғанда да тұрғын үйлерге тіркесе бой көтереді. Привокзальныйдағы 3 «а» ықшам ауданындағы үйлердің бірінің тұрғындары ондай ғимараттармен көрші болуға қуана қоймайды-ау деп ойлаймын.
Аталмыш аудандағы №6 және 7-ші үйлердің ауласында үлкен мейрамхана орналасқан. Демалыс күндері той-домалақ өткен түндері тұрғындардан тыныштық кетеді. У-шу, музыка, көліктердің тізбегі...
Aйтпақшы, біз бұл жерден электр желісі бағандарының орналасу ерекшелігін аңғарып қалдық. Бұдан қаншама көлік зардап шекті екен?
Алмагүл ықшам ауданындағы 16 қабатты №23 және 24-ші үйлер жанар-жағар май стансаларымен көрші. Оның есесіне осы екі үйге арналған балалар алаңына жолдың және көлікке арналған айналма алаңның ортасындағы алақандай жер ғана бұйырыпты. Аянышты көрініс.
Жанар-жағармай стансасымен көрші болу Құнанбаев көшесіндегі жаңа тоғыз қабатты үйдің болашақ тұрғындарын да күтіп тұр. Мен санитарлық ережеге көз жүгірттім. Санитарлық-қорғаныс аймағы: жүк және жеңіл автокөлік стансасы үшін жанармай станциясы – 100 метрден кем емес, көліктерге қызмет көрсету нысанысыз, жанармай құю саны тәулігіне 500-ден аспайтын бензин буын шығыршықтау жүйесімен жарақталған жеңіл көлікке арналған жанармай станциясы – 50 метрден кем болмауы керек. Алайда, үй құрылысы барысында бұл шаралар сақталмаған.
Гурьев көшесіндегі №6 үйдің ауласына жаңа бес қабатты үйді қыстыра салған. Үй балалар алаңы мен көлік қоятын орыннан айырылды. Онымен қатар тұрған Махамбет көшесіндегі №99, 101, 103 үйлерде де қош айтысты. Тіпті, барлық қолайсыздықты суретке қамтудың өзі қиынға түсті. Ал, тұрғындар оған көнуге мәжбүр.
Дәл осындай жағдай Дружба көшесіндегі бұрынғы аула алаңдарында да орын алған. Онда балалар мен тұрғындардың демалып отыруына арналған орындарына біріннен соң бірі кеңсе ғимараттары мен басқа да нысандар бой көтерген. Кейбір бос жатқан учаскелер дуалдармен қоршалған, демек, олар сатылған және көп кешікпей тағы да ғимараттар салынатыны анық. Тұрғындарға тек ішкі аула жолдары ғана қалған. Балалардың ойнайтын жері де осы.
Махамбет көшесіндегі №118 «в» және 118 «г» үйлердің тұрғындарына да адам қызығатын емес, өйткені, олардың жанына супермаркеті бар сауда орталығы, тұрмыстық тауарлар дүкені, ақылы көлік тұрағы орналасқан. Бұл нысандар тура аулаға салынған. Ішкі жолдар тұтынушылардың көлік қоятын тұрағына айналған. Таусылмайтын шу, шаң-тозаң, газдардың иісі. Бұл жерде серуендемек түгілі тұрғындар өз пәтерлерінің желдеткішін де аша алмайды.
Атамбаев көшесінде Азаттық, 95 даңғылындағы екі қабатты тұрғын үйге жанаса салынып жатқан ғимараттың құрылысы басталғанына да бірнеше жыл болды. Аула алаңынан қалғаны - құрылыстан тұрғын үйге баратын жіңішке ғана өтпе жол. Ал, №95-ші үйдің бүйір жағында коммерциялық қызмет үшін жанама құрылыс салынған. Жүргізушілердің айтуынша, бұл Азаттық даңғылынан Атамбаев көшесіне бұрылған кезде жайсыздық тудырады екен.
Азаттық даңғылындағы бұрын ерлер киімі дүкені орналасқан №71 үйге жанама салынған құрылыс нысаны жүргінші жолдың жартысын «жеп» қойған. Тұрғындардың айтуынша, дүкеннің бос тұрғанына көп болған, ал ол осы нысанның артындағы балалардың ойын алаңына қауіп тудырып отыр.
Құнанбаев көшесіндегі №1 және 3-ші үйлердің ауласында жеке коттедждер салынған. Тек жердің титімдей бөлігі ғана бос қалған. Алайда, бұл жерді де жақын арада бос қалдырмайтын секілді.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор