Атырау, 24 қараша 09:10
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әкім қала жобаларын құптады

1 452 просмотра

17 сәуірде қалалық әкімдікте облыс басшысы Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ қатысуымен облыс орталығын дамыту жөнінде үлкен кеңес болып өтті.

ӘРІ ОҚЫТАДЫ, ӘРІ ЕМДЕЙДІ

Атырау қаласының әкімі Асқар КЕРІМОВқосымша қаржыландыруды қажет етіп отырған қаланың мұқтаждықтарын санамалап шықты. Атап айтқанда, Геолог-2 елді мекеніндегі 624 орындық мектептің құрылысын аяқтау үшін 700 млн теңгеден астам қаржы керек. Үш қала мектебі апатты жағдайда және қалпына келтіруге жарамсыз. Оның екеуі – М. Отаралиев және Ы. Алтынсарин атындағы мектептер кешікпей күреледі, қазір жаңа ғимараттарды салуға құжаттар дайындалуда. Н. Крупская атындағы №18 ескі мектеп те  күрелуге кетеді екен. Барлық үш мектептің жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау және құрылысы үшін Керімов облыстық бюджеттен 1 млрд теңге сұрады. Мэрдің айтуынша, 18 мектепті келесі жылу беру маусымына дайындау үшін 372,7 млн теңге; үш (№№17, 21 және Дамбы селосындағы Амангелді атындағы) мектепті күрделі жөндеуге – 196,1 млн теңге;

№4 және Б. Нысанбаев атындағы мектепке Сарыөзектен, Новокирпичныйдан, АТП-дан, Теңдік стансасынан, №496 разъездтен, сондай-ақ, Жұлдыз, Көктем, Мирас ықшамаудандарынан балаларды тасу үшін көлік құралдарын алуға 10 млн теңге шамасында қаржы қажет. 

Атырау селосы, Жұлдыз, Геолог-2, Орталық ықшамаудандарындағы балабақшалар құрылысын жалғастыру үшін және тұрғын үйлердің бірінші қабатына 12 шағын орталықтарды орналастыру үшін 500 млн-нан астам теңге қажет болады. «АтырауБалықтың» бұрынғы балабақшасын күрделі жөндеу үшін 120 млн теңге керек. Ақжар селосына, Алмагүл, Нұрсая, Привокзальный ықшамаудандарына және Бірлік селосына ТШО, NCPOC және КТК бірнеше балабақша салмақ.

Авангард, Лесхоз және сол маңдағы Жұмыскер, Жұмыскер-2, Сарықамыс және т.б. поселкелерінің тұрғындарына арналған жаңа емхананы салатын уақыт жеткен.

- Бізде жобалау-сметалық құжаттама бар. Республикалық бюджет бекітілгеннен кейін емхана салатын боламыз. Халыққа қолайлы болу үшін ол Авангард пен Лесхоздың ортасында орналасуы тиіс, - деп хабарлады Б. Рысқалиев.

 

ТЕҢДІКТЕН ИЛЬИЧКЕ ЖОЛ

Облыс әкімінің айтуынша, Береке ықшамауданынан (бұрынғы «Память Ильича») 10 мың жер учаскесі бөлінетін болады.

- Бұдан басқа, осы жерден 5 мың отбасы үшін жаңа ықшамаудан салу туралы Самұрық-Қазынамен келісім бар, - деп хабарлады облыс әкімі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бұл ауданнан Берекені Теңдікпен жалғайтын көпір мен коттедж қалашығын салу жоспарланған.

 

ЖОЛАҚЫ МЕН ГАЗ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қала әкімінің баяндамасынан белгілі болғандай, тасымалдаушылар (ең алдымен бас тасымалдаушы – «БатысТранспортСИМ» ЖШС) жанар-жағармай мен коммуналдық қызметтің қымбаттауы салдарынан бүгінде жолақының 45 теңге болуы олардың шығындарын ақтамайтындығын айтып отырған көрінеді. Егер төлемақыны көтермесе, бас тасымалдаушы банкротқа ұшырайды екен.

Рысқалиев бұл дәйектермен келісті, бірақ жолақы бойынша қолданыстағы жеңілдікті сақтауға шақырды. Бюджет өтемақы төлеуді жалғастыра беретін болады. Ал газ тарифінің өсуі бойынша былай деді:

- Жыл сайын біз «ОблТрансГазға»  облыстық бюджеттен 500-800 млн теңге бөлеміз. Газбен қамту желілері тұрақты жұмыс жасап тұр, алайда 80-жылдары салынған тұрба құбырлары нашар күйде. Кәсіпорын оларды жөндеуден өткізуі тиіс. Сондықтан тарифті сәл ғана көтеруге тура келеді. Ол бізде онсыз да жалпы республика бойынша әлденеше есе төмен. Мың текше табиғи газдың құны біздің облысымызда 28 доллар, ал ел бойынша – 110 доллар тұрады.

СӘТІ ТҮСПЕГЕН ІС

Әсіресе облыс әкімі көгалдандыру бағдарламасы жөніндегі пікірін қатты айтып тастады:

- АМӨЗ бен «ҚазМұнайГаздың» басқа бөлімшелеріне айтарым. Өткен жылы баршасы осы жобаға қолдау көрсетті, ал биыл неліктен екені белгісіз, қаржы салудан бас тартып отыр. Бұл ортақ игілігіміз үшін қажет қой. Енді сіздермен жеке әңгіме болады. Ойланыңыздар, бір аптадан соң сіздерді қайтадан жинаймын. Сен, Асқар (Керімовке қарап), ұсақ кәсіпорындармен жұмысты жалғастыра бер, ал ірілерімен мәселені біз өзіміз шешеміз. Бюджет қаржысы желге ұшты деген әңгімені доғарыңыздар (бұл сөздің журналистерге арналғаны анық). Бейбарыс даңғылы мен әуежай трассасын көгалдандырған мерді-герлер көк тиын да алған жоқ. Олар отырғызылған ағаштардың биіктігі 2-3 метрге жеткеннен кейін ғана, ақшаларын алады деп жазылған келісім-шарт жасалған болатын.

 

КОРЕЯЛЫҚ ЖАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

Бергей Рысқалиев Керімовтің баяндамасын қалалықтар үшін маңызды хабарламалармен әлденеше рет толықтырып отырды. Атап айтқанда, Нұрсая ықшамауданын орталық жылу жүйесіне қосуға ақша бөлінеді екен, ал жұмыстарды келер жылы аяқтау жоспарланған:

- Қазір ол жерде кеңейіп келе жатқан ықшамауданның мұқ-таждықтары ескерілмей орнатылған қазандықтар жарамсыз боп қалған. Болашақта бұл жерде 45 мыңға дейін тұрғындар мекендейтін болады. Тұрғындар үшін автономды жүйеге қарағанда, орталықтандырылған жүйемен жылыту анағұрлым тиімді.

Қала шеңберіндегі жағалау нығайту жұмыстарының шығындарын облыс әкімі жеке құрылыс салушыға міндеттеуге кеңес берді:

– Жыл сайын бұған миллиардтап ақша бөлу орынды емес. Жақында элиталық баспана салумен айналысатын оңтүстік кореялық компания жағалау бөлігіне қызығушылық білдірген еді. Жер бөлінген жағдайда жағалауды нығайту жұмыстарын өз мойындарына алуға уәде берді. Сондықтан, егер жер сұрайтын болса, осы шартпен беріңіздер.

 

БАЛАЛАР ҚАЙДА ОЙНАЙДЫ?

Естеріңізге салсақ, Алмагүл ықшамауданындағы жұмыс жасамай тұрған лифтілер проблемасы «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің таяуда өткізілген көшпелі отырысында көтерілген болатын. Кеңесте де осы мәселе айтылып өтті. Бұған қатысты облыс әкімінің пікірі мынадай:

– Үйлерді тапсырған кезде және оларды комиссия қабылдағанда барлық лифтілер жұмыс жасап тұрды. Содан кейін жыл бойына оларды кепілдік бойынша ұстап отырдық. Әрі қарай оларды ұстап тұра алмадық, өйткені бюджетте  ондай бап қарастырылмаған. Неліктен журналистер Алмагүл тұрғындарының кірер есіктерді, лампаларды сындырып тастайтындығын, ал жөндегеннен кейін 15 күннен соң бұзылып қалатын лифтілерді балаларының ойыншығына айналдырғанын  неге жазбайды? Неге ПИК ештеңе жасамай отыр?

Кеңес соңындакәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Талғат БЕКЕНОВ сөз алды. Ол ашық аспан аясында балалар ойын-сауық бағын салу қажет екендігін мәселе етіп қойды. Ал қаладағы жалғыз ғана «Мир фантазий» бағының жұмыс жасамай тұрғанына бірнеше жыл болған.

– Егер қалалық әкімдік коммуникациялар жүргізілген және жақсы орыннан лайықты жер учаскесін бөлсе, көптеген кәсіпкерлер қызығушылық танытар еді, - деп ұсыныс жасады бизнесмен. Облыс басшысы бұған іле-шала жауап берді:

– Біз мұндай істі, әрине, қолдаймыз, учаске бөлеміз. Бірақ қай кәсіпкер мұны қолға ала қояды? Бәлкім, сіз аларсыз?

Бизнесмен абыржып үнсіз қалды. Ал кеңес қорытындысы бойынша Бергей Рысқалиев қаладағы барлық жобаларды дерлік құптады деуге болады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА,

суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

19 сәуір 2012, 15:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.