- Супермаркеттерде ақша қайырғанда көбінесе сіріңкелер береді, бірақ олар чектерге соғылмайды (бұл қайтарылған ақша есебінде ғой дейді). Әлі күнге дейін 1 қорап сіріңкенің қанша тұратынын түсіне алмай келемін. Кейде оны 2 теңгенің, кейде 5 теңгенің орнына береді. Ал бір күні маған қайтарылатын ақша ретінде тауық бульонының кубигін берді. Бұл сұранымсыз тауарды өткізу ме сонда? Мен бір күні кассирге ұсақ ақшаның орнына сіріңке бермек болдым, олар бізбен осылай есептеседі ғой. Бірақ олар мені түсінген жоқ.
azh.kz сайтынан
Сұраққа «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ комментарий берді.
– Қала дүкендерінен қайтарылатын ақшаның орнына сіріңке алу қандай да болмасын ауыртпалық немесе міндет емес, бұл сатып алушының өз құқығы.
«Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» ҚР Заңының 12-бабында, тұтынушының азаматтық айналымнан алынып қоймаған немесе айналымы шектелмеген тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, өзіне ыңғайлы уақытта еркін таңдауға құқығы бар екендігі қарастырылған.
Оның үстіне, осы заңның 28-бабында сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының өзiне ыңғайлы уақытта тиiстi сападағы тауарды (жұмысты, көрсетiлетiн қызметтi) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимiн ескерiп, еркiн таңдауын қамтамасыз етуге мiндеттi екендігі белгіленген. Тұтынушыны тиiстi емес сападағы тауарды (жұмысты, көрсетiлетiн қызметтi) өзiне қажетсiз мөлшерде және (немесе) ассортиментте сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
Бұдан шығатын қорытынды өзіңізге қажет емес тауарды, мейлі ол қайтарылған ақшаның орнына берсе де, алудан бас тартуға құқылысыз. Яғни, сатушының әрекетін белгілі бір тауарды (сіріңкені, тауық бульонын және т.б.) алу ұсынысы ретінде бағалауға болады. Егер бұл тауар қажет болмаса, одан сатып алушы толықтай бас тартуға құқылы. Сатушыдан сізге ақшаны тиісті түрде қайтаруды талап етіңіз. Сатушы мұны жасауға міндетті.