Атырау, 24 қараша 09:00
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көршіден көрген құқай

2 038 просмотра

Волгоградская көшесіндегі №10 үйдің тұрғындарына (Жилгородок) көршілерінің қоқыс орнынан қоқыр-соқыр жинауға деген әуестігінің салдарынан бірнеше жыл бойына антисанитарлық жағдайда өмір сүруге тура келіпті. Көршілерінің пәтерінен тараған қара-құрым тарақандар тұрғындардың пәтерлеріне де толып, әл бермей кеткен.

УЧАСКЕ ИНСПЕКТОРЫ ДА ДӘРМЕНСІЗ

Осынау бейберекет пәтерде жалғызбасты егде тартқан ер адам тұрады. Ол қоқыс контейнерлерінен пәтеріне бұзылып кеткен азық-түліктер мен ескі-құсқы нәрселерді тасиды екен.

- Пәтерін ретке келтірсе деп, біз онымен әлденеше рет сөйлесуге әрекеттенген едік. Бірақ бұл сұмдық жалғасып келеді, – дейді тұрғындардың бірі. – Бір күні пәтеріне кірген едім, үй ішіндегі тарақандардан аяқ алып жүре алмадым, адам төзгісіз иіс мүңкіп тұрды.

Дегенмен, жүрек айнытатын иіс пен қызғылт түсті тарақандар осы үйдің бүкіл тұрғындарының пәтерлерінде өріп жүр. Жәндіктерден уақытша құтылу үшін тұрғындарға әсері күшті умен улап, баспаналарынан бірнеше күнге кетіп қалуға тура келеді.

- Удың әсері әлсіз екені рас. Бірер апта өткен соң тарақандар қайтадан шығады, – деп шағымданады сол пәтерден бір қабат төменде тұратын жас әйел. – Біз балаларымыз үшін қорқамыз. Үйге қонақ шақыруға да ұяламыз. Содан соң, асүйге тамақтанып отырып, қабырғада өрмелеп бара жатқан тарақандарды көріп отырғанның несі жақсы?!

Тұрғындардың айтуынша, олар учаскелік инспекторға шағымданыпты. Ол салақ көршілеріне ықпал ете алмайтынын мойындаған. Сондай-ақ, қалалық мемлекеттік санэпидқадағалау басқармасына оның пәтеріне дезинфекция жасау өтінішімен шығыпты. Бірақ өтініштердің бәрінен нәтиже болмаған.

 

ЗАҢДЫ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Біз басқа да көптеген қала тұрғындары бетпе-бет келуге мәжбүр болатын осы проблеманы шешудің заңды жолын табуға тырыстық.

ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВА, тұрғындарға ұжымдық хатпен санэпидқадағалау органдарына шағымдануға кеңес берді:

- Егер дезинфекциялық жұмыстар жүргізу барысында көршілері қарсылық көрсететін болса, тұрғындардың учаскелік инспекторды шақыруға құқылары бар.

Дегенмен, Гүлназира Мұхтарованың бұл кеңесін облыстың бас санитарлық дәрігері Тимур СУКАШЕВ қолдамады:

- Көппәтерлі үй мен әр пәтер жеке алып қарағанда жеке иеліктегі үй боп табылады. Осы нысандардың санитарлық ахуалына бақылау жасау мемлекеттік санэпидқадағалау органдарының құзырына кірмейді. Сондай-ақ, біз дезинфекциялық өңдеу жұмыстарымен айналыспаймыз. Мұндай қызметті жеке компаниялар көрсетеді. Тұрғындарға көршілерінің тілін тауып, орынжайды өз есептерінен дезинфекциялаулары керек.

 

ТЕК СОТҚА!

-Пәтері тарақандар мен тышқандардың ұясына айналған, сондай-ақ, қолайсыздықтар туғызатын иттер мен мысықтарды жақсы көретін салақ көршілерден жылдар бойына ымыраға келместен зардап шегуге болады, – дейді заңгер Дмитрий ВИНЮКОВ.– Мұндай көршіге ықпал етудің ең ұтымды тәсілі – оны сотқа беру. Бұл жағдайда пәтер қожайыны «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 4-бабының 2-тармағын бұзып отыр. Бапта «тұрғын үйдi пайдалану оның бұзылуына немесе бүлiнуiне әкелiп соқпауға, басқа тұрғындардың тұру жағдайларын бұзбауға, қоршаған ортаға залал келтiрмеуге тиiс» делінген. Егер сотта шынымен де бүліну фактілері анықталып, дәлелденетін болса, басқа тұрғындардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келген болса, онда ол пәтердегі көршілері заңда қарастырылған жауапкер-шілікке тартылады. Бұдан басқа, оны заң бұзушылықты, оның салдарын жоюды және басқа тұрғындарға тигізілген зиянды өтеуге міндеттейді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

18 сәуір 2012, 17:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.