Атырау, 24 қараша 09:08
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кәсіпкерде сұрақ көп

3 057 просмотра

Дәстүрлі «Кәсіпкер күні» Атырауда көптен бері өткізілмеген болатын. Осы уақыт ішінде бизнесмендерде көп сұрақтар жинақталып қалған еді. Сондықтан 4 сәуірде облыстық Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы ұйымдастырған мемлекеттік органдардың өкілдері мен бизнесмендердің кездесуі негізінен «Сұрақ-жауап» тұрғысында өтті.

 

СЫРҒЫҒАН СТЕРИЛИЗАТОР

Тексерулер мен санитарлық нормалар жөніндегі жаңалықтар туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ (суретте) әңгімеледі.

Ең маңызды сәт: тексерулерді шектеуге байланысты санитарлық дәрігерлер қоғамдық тамақтану нысандарына жылына 1 реттен көп бармайды, алайда «Халық денсаулығы туралы» Кодекс бойынша кәсіпкерлердің жауапкершілігі көбейді. Олар өз күштерімен өндірістік бақылау жүргізулері тиіс. Екіншіден: бүгінде көп жерлерде өнімдер салу нормасын жетік білмейтін Өзбекстан азаматтары жұмыс жасайды. Енді өндірісте міндетті түрде дипломы бар технолог болуы тиіс. Үшіншіден: барлық азық-түлік дүкендері айына бір рет мерзімі өткен тауарлардан арылу үшін, түгелдей тазалау жұмыстарын, дезинфекциялау және басқа да процедуралар жүргізу үшін санитарлық күн ұйымдастыруы тиіс.

- Бізді өз кезегінде заңсыз тексерулерге қатысты прокуратура тексеріп отырады және олардың бізге қойып отырған талаптары жоқ, - дейді Т. Мұсағалиев. – Тексерулер кемітілгеннен кейін мерзімі өткен өнімдерді сату және нысандардағы антисанитарлық жағдайларға қатысты тұрғындардың шағымдары әжептәуір көбейіп кеткенін айтпасқа болмайды. Оның не айтатыны бар, өздеріңіз де білесіздер,  бізде үш шаштараз салоны үшін бір стерилизатор бар. Бір салонды тексеруді аяқтап болып жатсақ, сіздер осы аппаратты келесісіне алып кетесіздер. Ал бізде ВИЧ жұқтырғандар, С гепатитіне шалдыққандар бар ғой. Гепатитпен сырқаттанатын жандардың бірі қаладағы салондардың бірінен педикюр жасату кезінде осы кеселді жұқтырып алғанына сенімді.

 

45 МЫҢҒА БАҒАЛАНҒАН «ҚАТЕЛІК»

Салық органдарына сұрақтар мен талаптар көп болды.

Бухгалтерлер бірнеше теңге бережақ болғаны үшін есеп-шоттарды жауып тастайтындығына наразы. Бұл ретте кәсіпорынның интернеттегі «жеке кабинетіне» салық органының хабарламасы кешігіп келеді, ал мерзімі өткені үшін салық төлеушінің өзін жазалайды екен. Үнемі осы жағдайға тап болатын адамдардың санына қарағанда бұл мұқият тексеруді қажет етеді. Салық қызметкерлері «жақсы қорғаныс – шабуыл жасау» деген принциппен «жеке кабинеттегі» хабарламаның бар-жоғын өздері тексермейді деп бухгалтерлерді кінәлай бастады. Бірақ кейіннен «жекелеген жағдайларда техникалық қателіктер болуы мүмкін» деп мойындады. Есеп-шоттардың жабылуына келер болсақ, Салық кодексі бойынша осы шара үшін кез-келген бережақ сомасы негіз бола алады екен.

– Біздің кәсіпорын қағаз түрінде есеп береді. Соңғы рет бізден есепті қабылдап, мөр қойды. Ал содан кейін құжатта кіріс нөмірі жоқ деп, 45 мың теңге мөлшерінде айыппұл салды. Бірақ кіріс нөмірін сіздің қызметкерлеріңіз салады ғой! – деді бухгалтерлердің бірі ашуланып.

- Салық кодексіне сәйкес, егер қағаз құжатқа мөр соғылған болса, есеп қабылданған деп саналады. Бұл жағдайда, бәлкім, жай ғана қателік, адам факторы шығар,– деп жауап берді салық қызметкерлері.

 

ҮЙІҢІЗГЕ ЖЕТКІЗЕДІ

Артықшылықтары үнемі айтылып жүрген Кедендік одақ бір шетін бассаң, ұшы өзіне тиетін нәрсе боп шықты. Біздің бағалар ресейлік бағадан да шарықтап кетті – бірыңғай кеден кеңістігінде тауарлар құнын теңестіру керек қой. Ал бұрын қазақстандық кәсіпкерлердің жай ғана бизнес-серіктестері болған ресейлік бизнесмендер енді біздің аумағымызда дербес ойыншылар ретінде бой көрсетіп жүр. Ренішті-ақ, бірақ өзіңе ренжімесең, кімге ренжисің. Алыпсатарлыққа әбден беріліп, өндірісті дамытқан жоқпыз. Бүгінде Кедендік одақ жағдайында біздің ресейліктерге қарсы қояр ештеңеміз жоқ. Олар бұрын Ресейден қазақстандықтар әкелетін азық-түліктерді енді Қазақстанға өздері әкеліп жүр.

– «Бизнестің жол картасы 2020» – бұл «жеңіл» (зор пайыздары жоқ – З.И.) ақшаға қол жеткізіп, өз өндірісіңді ашуға берілген нақты мүмкіндік. Бағдарламаның мақсаты осы. Осы мүмкіндіктен айырылмау керек. Ал бізде, керісінше, кәсіпкерлерден келіп түсетін өтініштер азайған үстіне азайып бара жатыр, - деп таң қалысын білдірді облыстық Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА.

 

ТЫЙЫМ САЛДЫ. ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?

Ондаған кәсіпорындар өз қызметтерін тоқтатуы тиіс, жүздеген адамдар жұмыссыз қалып, бюджетке түсетін түсімдер азаяды, көлік иелері өз көліктерін тұрғын үйлердің аулаларында жуатын болады, жабылмайтын кәсіпорындар заңсыз жұмыс жасайды - өндірісте тазартылған суды пайдалануға салынған тыйымның салдары осыған әкеп соқтыруы мүмкін. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің барлық меншік түріндегі мекемелерге қойып отырған аумақты көгалдандыру жөніндегі талабына қатысты да осыған ұқсас жағдай орын алады. Бәрі де ағаштар мен гүлдер отырғызуға дайын-ау, бірақ оларды немен суармақ?

- Бұл тыйым тығырыққа тіреді. Баламалы таңдау жасасаң, жабылуың керек немесе үрей мен тәуекелге бел буып, жұмыс жасауды жалғастыру керек, бірақ онда біз заңды белден басатын боламыз. Қалыптасқан жағдайға біз кінәлі емеспіз. Жалғар едік, бірақ қалада техникалық су желісі жоқ қой, - дейді көлік жуу орындарының қожайындары.

- Біз ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдадық, сонымен қатар, қалалық әкімдікке техникалық су үшін сорғы орнату жөніндегі ұсыныспен шықтық. Бұл мәселені шешу керек және біз осы жағдайдан шығатын жолды іздейтін боламыз, - деп уәде берді облыстық әкімдіктің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Роза БАЙСАЛЫХОВА.

 

СӘУЛЕТ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДЕЛДАЛДАР

Қалалық сәулет бөліміне де қойылған сұрақтар аз болмады.

- Мәселен, нысанды пайдалануға қабылдау актісі заң бойынша 15 күн ішінде қаралуы тиіс. Іс жүзінде бұл процесс айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Бірнеше айдан бері қалалық сәулет бөліміне, мәселен, қайта жобалауды заңдастыру үшін жиі барып жүрміз, бірақ әр келген сайын №6 терезеге табан тірейміз. Сондықтан құжаттарды рәсімдеу жөніндегі өз қызметі үшін 500 доллар сұрайтын «делдалдар» көбейіп кетті, - деп кәсіпкерлер өз проблемаларымен бөлісті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 сәуір 2012, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.