Базардағы сатушылар өз пайдаларын жасырады, мұндай шешімге салықшылар сауда қатарларын мұқият тексергеннен кейін келді.
Әңгіме сауда үйлеріндегі («Насиха», «Көктем» СҮ және басқалары) бутиктер туралы емес, әдеттегідей сауда үйлері маңына орналасқан базарлардағы сауда қатарларына (ет, жеміс-жидек және түрлі ұсақ-түйектер) қатысты қозғалмақ. Базардағы сатушылар заңды тұлға ретінде емес, бір реттік талон бойынша жұмыс жасайды (мұны жалға алынған орын үшін төленетін ақымен шатыстыруға болмайды, контейнерлер үшін орташа алғанда 500 теңгеден, ашық сөре алаңы үшін 300 теңге төлейді). Бір реттік талон ақысы жергілікті бюджет есебіне аударылса, жалға төленген ақы – жеке қожайындарға төленеді. Бір реттік талонды базарда сатушыларға күн сайын «Қалалық бір реттік талон беру жөніндегі бөлім» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері береді. Оның құны сататын тауар түріне байланысты болады: киім сататын сатушылар күн сайын 270 теңге, көкөніс пен жеміс-жидек сататындар – 70 теңге төлейді.
Тексеру барысында 635 мың теңге сомасындағы бір реттік талон берілмей қалған 247 факті анықталған, бір реттік талон бағамдарының 4,9 мың теңгедей сомаға төмендетілгендігін көрсететін 24 факті, сондай-ақ, 421,6 мың теңгедей сома болатын бір реттік талондардың дұрыс толтырылмаған 2 196 жағдайы (сатушының СТН, аты-жөні және сомасы жазумен көрсетілмеген) белгілі болды.
Тексеру кезінде бюджетке түскен түсім 8 млн теңгеге артты (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда).
- Атырау қаласы аумағында 10 базар жұмыс жасайды. 2012 жылдың қаңтарындағы орташа күндік түсім 390,2 мың теңгені құрады, ақпанда – 338,8 мың теңге, ал, тексеру кезінде түсімдер кенет 957,4 мың теңгеге дейін өсіп кетті, демек, бір күнде 567,2 мың теңге болды. Ал, бұл бюджетке бір реттік талондарды сатудан жылына орташа есеппен алғанда 335 млн теңге түсу тиісті екендігін білдіреді, – дейді Атырау облысы бойынша салық комитетінің өндірістік емес төлемдер және өкілетті органдармен жұмыс басқармасының бастығы Ербол ЖҰМАБЕКОВ.
Бюджеттің осы жылдың қаңтар-ақпан айларында қанша қаржы жоғалтқандығын есептеп шығару қиын емес (тексеру 2 наурызда басталды), шамамен алғанда 35 млн теңге. Бұл ақшаға, мәселен, жылыжай салдыртуға немесе балабақшаны күрделі жөндеуден өткізуге болады.
- Бір реттік талондардан түсетін жеке табыс салығы түсімінің артуы тек тексеру барысында ғана байқалды, ал, қалған уақыттарда түсімдер ең аз мөлшерлерге дейін төмендеп кетеді, - деп атап өтті Жұмабеков.
Бұл алақолдылық байқап қарасаңыз бағаға еш әсерін тигізбейді. Бір реттік талондардың бағасы өздігінен өзгеріп отырады. Мұндай жағдай 2010 жылдың желтоқсанында тексеру кезінде болды. Салықшылардың есебі бойынша сол кезде жергілікті бюджет жоғалтқан қаржы көлемі 53 млн теңгені құрады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА, суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ