Атырау, 24 қараша 09:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кеңеюдің келешегі қандай?

2 168 просмотра

ТШО-ның Болашақ Кеңею Жобасының қоршаған ортаға әсер етуін алдын-ала бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

13 сәуірде ТШО-ның Болашақ Кеңею Жобасының қоршаған ортаға әсер етуін алдын ала бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Компания өкілдері ең алдымен жаңа жұмыс орнын құру секілді оның әлеуметтік маңыздылығына сілтеп, жобаға айтылған негізді сыни пікірлерді құлақтарына ілмеді.

Өйткені, жұмыссыздық проблемасы Қашаған

жобасындағы ауқымды қысқартуларға байланысты жергілікті халық пен билік үшін қазір ең өзекті мәселе болып отыр.

БІР МӘРТЕЛІК ЖҰМЫСТАР

ТШО залындағы құрметті орындар жылыойлық ақсақалдарға (суретте) ұсынылды, олардың ішінен кейінірек тек біреуі ғана сөз сөйледі. Компания менеджерлері, соның ішінде ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Линси КРЕЙН құрметті ақсақалдарды бұл орындарға өздері отырғызды.

-  Сен қазақша амандасудан басқа, ештеңе үйренбегенсің бе? Үй-жайымды сұрамадың ғой, – деп олардың бірі Крейн ханымға өзіне тән мақаммен ескерту жасай бастады. Ал ол аудармашы жүгіріп келіп, ақсақалдың талабын аударғанша, абыржи күлімсіреп тұрды.

Академик Мұфтах ДИАРОВ қатарлардың біріндегі шеткі орынға жайғасты.

Кеңею жобасын жүзеге асырудан Қазақстан үшін келелі экономикалық және әлеуметтік пайданы сипаттаған ТШО өкілдерінің баяндамасынан кейін, бірінші болып «Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВ сөз алды. Жоба шеңберіндегі барлық жұмыстар бір мәртелік сипатқа ие және таңдалған модульдік құрылыс принципін қосқанда мұнай өндіруші компаниялардан шығындардың аз кетуіне бағытталғаны анық. Атап айтқанда, Хакимов ТШО-ға Атыраудан Теңізге дейінгі уақытша жүк жолының орнына теңіз жағалауынан кенішке дейін өзіндік бөгет болатын биік жол салуды ұсынды:

-  Каспий теңізінің деңгейі тұрақты емес. Мұндай жолды салудан ең алдымен кәсіпорынның өзі ұтады: үйілген топырақ бөгеті су таратқышының, электр тарату жүйесінің және ТШО мұнай құбырларының суға кету мүмкіндігінен қорғайтын болады.

 

ҮКІМЕТТІҢ КӨЗІН БОЯДЫ

Мұфтах Диаровтың баяндамасынан қоршаған орта үшін алаңдаушылық білдіргені байқалды:

-  ТШО жұмысты лас жасайды. 1993 -2011 жылдар аралығында олар атмосфераға 1 млн тоннадан астам улы заттар шығарды. Өндірілген 1 тонна мұнайда 2-2,5 кг нормамен 4,3 кг қалдық шығарылады. Бүгінгі баяндамаңызда сіз 2011 жылы шығарындылар жобалық көрсеткішке – 2,28 келіге жеткенін айттыңыз. Бірақ бұл мұнай өндіру басталғаннан кейін тек 20 жылдан соң ғана орын алды. Компания: «доллар бәрін шешеді» деген принциппен жұмыс жасайды. Осы кеніш бойынша алғаш және соңғы рет қоршаған ортаға әсерді бағалау осыдан 15 жыл бұрын ұсынылған еді. Ал содан бері қарай шығарындылар деңгейі әлденеше есеге өсті. Алайда қоршаған ортаға әсер етуді бағалау содан кейін жүргізілген жоқ. Ендеше неліктен ТШО қоршаған ортаны қорғау министрлігінен өз қызметі үшін рұқсат алып отыр? Шамасы, белгілі бір шарттармен амалын тауып, қоршаған ортаға әсерді бағалаусыз-ақ рұқсат беріп отырған шығар.

Тағы бір жайт – шығарындылардың 40 пайызы оның акваториясына түссе де, ТШО Каспий теңізінің жағдайын мүлдем зерттемей отыр. Соңғы жылдары сырқаттану деңгейі 10 есеге көтеріліп кетсе де, Құлсары халқының денсаулық жағдайын зерттеген жоқ, халықты сақтандырумен және оңалтумен айналыспайды.

Өкінішке орай, Артығалиев мырзаның (жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджер  Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ (суретте), Құлсарының тумасы – Л.С.) делдалдық етуінің арқасында біздің депутаттар ТШО-ны күкіртті сақтағаны үшін салынатын жыл сайынғы бәленбай миллиардтаған айыппұлдан құтқарды (заңдағы қабылданған түзетулер туралы айтылып отыр, соған сәйкес, өндіріс қалдықтарынан түзілген күкірт тауарға айналды -   Л.С.).

Оның оларды қандай шарттармен көндіргенін мен білмеймін.

Диаров ТШО ұсынған әдістермен мұнай табысы жылына 36 млн тоннаға дейін көбейген жағдайда, экологиялық апат тәуекелі үш есеге артатынын мәлімдеді.

- Бұған қалай жол беруге болады? Неліктен біздің үкіметіміз бұлай жасап отыр? Өздеріңіз ойлап көріңіздер, - деп, академик сөзін аяқтады.   

 

КАДР ҚАЛАЙ ІРІКТЕЛЕДІ?

– Қанеки реалист болайық. Жұртшылықтың наразылығына қарамастан, тіпті егер біз алаңға 100 мың адамды шығарсақ та, бұл жоба жүзеге асырылатын болады, - деді өзінің эмоцияға толы сөзінде «Демос» ҮЕҰ жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВА. - Ал біз оларды шығара алмаймыз. Ақыр аяғында оларды Жаңаөзендегідей атып тастауы мүмкін. Мәселе басқада: бұл жобадан бізге, жергілікті халыққа не түседі? Мұнай сорып отырған осындай жобалардан кейін халыққа не қалады? Біз ақыры жауабын алған жоқпыз. Енді компанияға кадрлар іріктеудің ашық еместігіне келейік. Бұл ТШО-ның ішкі ісі емес, өйткені қазір әңгіме білім мен тәжірибе алуға болатын соңғы жоба туралы болып отыр. Мен біліктілікті қажет етпейтін жұмыстарға іріктеп, жоба аяқталғаннан кейін таратып жіберетін 15 мың адам туралы айтып отырған жоқпын. ТШО-ға кадрлар іріктеудің ашық емес жүйесі біздің мүлдем көңілімізден шықпайды. Оның анық-қанығын білу үшін компанияға сауал жолдадық. Ал жауап алғаннан кейін одан да көп сұрақтар туындады.

Қизатованың қызуқандылықпен айтылған сөздерін, әсіресе, Жаңаөзен туралы айтылғаннан кейін тыңдауға төрағалық етіп отырған, жұртшылыққа облыстық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі және Жайық-Каспий Орхусс орталығының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мағауия ШЫРДАБАЕВ әлденеше рет бөліп тастады.

 

ЕҢ АҚЫЛДЫ КІМ?

Кадрларды іріктеу тақырыбын Атырау тұрғыны Дарын ШАБДИРОВ жалғастырды. Ол Алматыдағы физика-математика мектебін және Қазақ-Британ техникалық университетін үздік бітірген, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Шотландияда оқыған қызын Теңізшевройлдың жұмысқа алудан бас тартқандығын әңгімеледі. 

– ТШО-ның позициялардың біріне кадрлар іріктеу жөніндегі құлақтандыруы бойынша хабарласқан қызым барлық тестілер мен сұхбаттасудан жақсы өтіпті. Нәтижесін 2 аптадан кейін хабарлауға уәде берген. Бірақ 2 күн де өтпей, өзін таныстырмастан, бір қыз бала қоңырау шалып, қызымның қабылданбағанын айтты. Оның не үшін өтпегенін, қай кезеңде қателік жібергенін түсіндірмеді. Біз компанияға сауал жолдағанбыз, ол жерден қызымның білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз деген жауап келді. Алайда тіпті құлақтандыруда бакалавр дәрежесі мен жұмыс тәжірибесі міндетті емес екендігі көрсетілген болатын. Бүгін осы жерде компания өкілі Шолпанмен сөйлестім («ТШО» ЖШС-нің адам ресурстарын басқару бөлімінің бас менеджері Шолпан АЛТЫБАЕВА – Л.С.). Ол маған:  өз қызыңызды ең ақылды деп есептейтін болғаныңыз ғой деді. Егер қызым физмат пен ҚБТУ-ды үздік бітіріп, Шотландиядағы магистратураны үздік аяқтаған болса, әрине, қызымды ақылды деп санаймын. Әңгіме тек ол туралы ғана емес, ол жұмыссыз қалмайды. Бірақ оның білімі ТШО үшін жеткіліксіз болса, алда, біздің мұнай және газ институтының студенттерінің жұмысқа орналасу мүмкін-діктері қандай болмақ?   

Әрі қарай тыңдауға қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар болмады. Шамасы, аударма маңызды болмады немесе тыңдауды ұйымдастырушылар нашар дайындалды, болмаса тыңдауды ұйымдастырушылар тікелей жауап бергісі келмеді-ау деймін.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

18 сәуір 2012, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.