Атырау, 6 қазан 12:36
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Бұта түбіндегі күкірт және балкондағы төрағалар

3 773 просмотра

Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінде Атырау қаласын көгалдандыру және санитарлық тазарту бойынша кеңейтілген кеңес болып өтті.

Мұнда қалалық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың бастықтары, селолық округтардың әкімдері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, шетелдік фирма өкілдері және т.б. жиналды. Залдың іші лық толы болды, адамдар тіпті балкондарға орналасты. Соның салдары болар, жиналыс театрландырылған көрініске енгендей болды. Дегенмен, сахнада шынайы әңгімелер айтылды.

 

«БІЗ ОСЫНДАМЫЗ!»

Қала әкімі Асқар КЕРІМОВ бірінші боп сөз алды. Ол бір кездері Атырауды «ұшатын пакеттер қаласы» деп атаған 90-жылдарды еске алды:

– Қазір де дәл солай айтуға болады. Қоқыс контейнерлері лық толған, жағалау бөтелкелер мен пакеттерден көрінбейді. ПИК қайда?

– Біз осындамыз, – деді оң жақ балконнан ПИК төрағалары бірауыздан.

– 7 сәуірде жалпықалалық сенбілік өтеді. Ал 21-інде тазалық жұмыстарымен қатар көшеттерді жаппай отырғызу жүргізіледі. Жаңа «Зеленстрой» КМК әлеуметтік нысандар үшін 2 мың бейімделген көшеттер бөліп отыр. Олардың бір бөлігі сіздерге берілетін болады. Тұрғындарға бөліп беріп, іске кірісіңіздер.

Есептеулер бойынша, көңін сатып алумен қатар 100 көшетті отырғызудың өзіндік құны – 50 мың теңге екен. А. Керімовтің пікірінше, көпшілігінің аулалары жасыл желекке малынып тұрмаған қала мектептерінің мұндай шығындарға күші жетеді. Ал қалалық балабақшалар шетелдік фирмаларға бекітілген. Олардың өкілдеріне ұзын-сонар тізім бойынша түгендеу жүргізді. Бәрі залда бар боп шықты және бәрі де 21 сәуірдегі көгалдандыру акциясына қатысатындықтарын растады.

 

АҒАШ ЕГЕРМІЗ-АУ...

Асқар Керімов көшеттерді суару үшін ауыз суды пайдаланбауды ескертті.

- Бұл ысырапшылдық қана емес, ол сумен өсімдікті суармаған жөн, өйткені оның құрамында хлор бар.

Зал іші күңкіл сөздерге толып кетті. Енді немен суармақ? Қалада су құбырының суару жүйесі нашар дамыған. Кейінірек мектеп директорлары өз аумақтарын көгалдандырғылары келетінін, бірақ суарма сусыз оның еш мәні жоқ екенін айтқан еді.

Кеңестен кейін «Зеленстройдан» жаңа суарма құбырын пайдалануға беру мерзімін сұрадым.

– Ол бекітілу кезеңінде жатқан Көгалдандыру жобасында қарастырылған. Ал ескі су құбыры жұмыс істеп тұр, бізде 11 сорғы стансасы бар, оның 6-уын өткен жылы жөндеуден өткіздік, - деп хабарлады маған.

Облыстық табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВ қоршаған ортаны қорғау министрлігіне екі жыл бойына үндеу-хат жолдағаннан кейін Экологиялық Кодекске өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, табиғат пайдаланушылар сол жерлерде табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндеттелді.

– Бұрын бұл жоспарлар аймақтың алдыңғы кезектегі қажеттіліктері ескерілмей, Астанада мақұлданатын. Енді біз осы жерде-ақ облыс орталығындағы көгалдандыру жөніндегі шараларды өз жоспарларына енгіздіре аламыз, - деп түсіндірді Қуанов.

 

КҮКІРТ ҚАЙДАН КЕЛГЕН?

«Зеленстрой» КМК директорының орынбасары Геннадий ЦОЙ (суретте) жиналыста қаланың 10 көшесіне 14,7 мыңнан астам ағаштар мен бұталар отырғызуды жоспарлап отырғандарын айтып берді. Кейінірек мен оған бірнеше сұрақтар қойдым.

– Бейбарыс даңғылы мен әуежай трассасын көгалдандыруға тырысқан сіздің ізашарларыңыз іс жүзінде сәтсіздікке ұшырады ғой.

– Біз осынау сәтсіз тәжірибені ескереміз. Республикалық ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлерінің көмегімен жергілікті жағдайға бейімделген көшеттер технологиясын жасақтадық. Біздің жағдай, әрине, күрделі, топырағымыз тұзды. Бұдан басқа, топырақ құрамының анализі оның құрамында күкірт бар екенін көрсетті. Оның қайдан келгенін біз білмейміз, бірақ оны бейтараптандыру шараларын жасақтап шығардық.  

– Сіз қалалық билік құрылымындағы жаңа тұлғасыз. Қай жақтан келдіңіз?

– Мен және біздің директорымыз – Виктор ТОМЕЙЧУК – Астанаданбыз. Ол еліміздегі үздік мамандардың бірі, Астананы көгалдандыруға қатысқан.

– Сіздердің тәлімбақтарыңыз қайда орналасады?

– Алмалы маңында. Қазір ол жерде қоршаулар салу, электр желілері мен сумен қамту желілерін жүргізу, сондай-ақ, ағаштардың алуан түрлерінің тұқымдарын себуге дайындық жүргізілуде.

Бейбарыс даңғылы мен әуежай трассасын көгалдандырумен айналысқан алматылық қосалқы мердігер компанияларға келер болсақ, қалалық әкімдіктегілер хабарлағандай, келісім-шарт міндеттемелерін орындамағандықтан олар бюджеттен төлемақыларын алмағандығын және істі соңына дейін жеткізбейінше, алмайтындығын хабарлады.

 

МИКРОФОН АЛДЫНДАҒЫ КЕЗЕК

…Жиналыстың соңы «12 орындық» шығармасындағы семсер мен соқа одағына жәрдем жинау көрінісін еске түсірді, бірақ, әлбетте, тек жақсы жағынан. Микрофонға бірінен соң бірі қалаға танымал кәсіпкерлер, кәсіпорын директорлары жақындап, қаланы көгалдандыру ісіне қосатын өз үлестері туралы айта бастады. «УС-99» директоры Аркадий КИМ кәсіпорынның №9 (СМП-163) мектепті қамқорлығына алатынын айтты:

–Ол жердегі учаскені игеру қиын. Сондықтан көшеттерді сатып алудан басқа, біз суаруды да ұйымдастыратын боламыз.

«ОблТрансГаз» КМК директоры Бауыржан ТҰХПАТОВ кәсіпорынның екі интернат пен Қарттар үйінің аумағына 500 көшет отырғызатындығына уәде берді. «Сайпем» компаниясының өкілі компанияның №43 балабақша аумағын көгалдандыруды және күтім жасауды өз еркімен қолға алатынын мәлімдеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

11 сәуір 2012, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.