Атырау, 28 наурыз 18:06
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Шетелдіктерге арналған жәрдемақы

2 270 просмотра

– 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей, Белоруссия және Қазақстан арасында жасалған Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі заң күшіне (одан әрі – Заң) енді.  Осы заңға сәйкес Ресей, Белоруссия және Қазақстан азаматтары қайда тұратынын, қай жерде білім алатындығын, еңбек ететіндігін өз еркімен таңдай алады. «Көшіп - қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» келісімнің айтарлықтай артықшылықтары бар: осы Келісім шеңберінде көшіп-қонушы еңбекшілерді тартуға байланысты қызметті жұмысқа орналастырушы мемлекеттің жұмыс берушілері ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей жүзеге асырады, ал көшіп-қонушы еңбекшілердің Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаттар алуы талап етілмейді. Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағына келген күнінен бастап 30 тәуліктің ішінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің уәкілетті органдарында тіркелуден (келген жері бойынша есепке қоюдан) босатылатындығы  да айтылады. Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелерінің Ресейде уақытша болу мерзімі көшіп-қонушы еңбекшінің жұмыс берушімен жасасқан еңбек шартының қолданылу мерзімімен айқындалады. Еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, көшіп-қонушы еңбекші 15 күннің ішінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда, оның ішінде басқа жұмыс берушімен жаңа еңбек шартын жасасуға құқығы бар.

Заң толық заңды күшіне енді ме? Үш елдің азаматтары бір елде жұмысқа тұру барысында тең құқылы ма? Жұмыс берушілер бұл заңнан хабардар ма? Салық салу мәселесі шешілді ме? Егер адам  Ресей азаматы бола тұра, өзінің еңбек қызметін Қазақстан аумағында жүзеге асырып отырса, оның  салық төлеу процесі қалай жүзеге асырылады? Бұл жағдайда ҚР-да толық құқықты жұмыс істеуі үшін кез-келген елдің азаматында міндетті түрде жұмыс істеуге рұқсаты немесе ҚР-да тұрақты мекен-жайға тіркеу негізінде берілетін мекендеу  қағазы болуы керек,  ал, ол  құжаттар өз кезегінде СТН және ӘЖК  (жұмысқа қабылдау барысында кез-келген жұмыс беруші сұрататын құжаттар) алуға құқық береді.

Егер әйел адам РФ азаматшасы бола тұра ҚР аумағында (мекендеу қағазымен) жұмыс жасап, мекендеу қағазынан бас тарта отырып, декреттік демалысқа дейін ҚР аумағында жұмыс жасауын жалғастыра берген жағдайда  оның босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі, сондай-ақ, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақыны  қай ел төлеуге тиісті?

Құрметпен, Сәуле.

Халықты әлеуметтік қорғау және мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы Атырау облыстық филиалының заңгері Рысты ҚАЛИЕВА түсінік береді:

- Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісім (одан әрі - Келісім) заңды күшіне 2011 жылдың маусым айында енді. Заңның 17-бабына сәйкес, көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағындағы еңбек қызметі нәтижесінде тапқан табысына жұмысқа орналастырушы мемлекеттің салық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес салық салынуға тиіс. Осы заңның 4-бабына сәйкес, көшіп-қонушы еңбекшілердің жұмыс берушімен еңбек қатынастары жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ осы Келісіммен реттеледі және еңбек шартын жасасу арқылы ресімделеді.

Еңбек шартын жасасу үшін көшіп-қонушы еңбекші жұмыс берушіге жұмысқа орналастырушы мемлекеттің еңбек заңнамасында көзделген құжаттарды, сондай-ақ көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында тұруының заңдылығын растайтын құжатты (құжаттарды) ұсынады.

Сондай-ақ, аталмыш заңның 1-бабына сәйкес, еңбекке жарамсыздық жағдайындағы және ана болуға байланысты, өндірістегі бақытсыз жағдай мен кәсіби сырқаттардан міндетті әлеуметтік қорғау, міндетті медициналық сақтандыру болып табылады.

Заңның 11-бабына сәйкес, көшіп-қонушы еңбекшілерді зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырылуға тиiстi адамдар: жұмыс iстейтiн зейнеткерлердi қоспағанда, қызметкерлер, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында табыс келтiретiн қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақтандырылуға тиiс. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы заң талаптарына сәйкес, жүктiлiгiне және босануына байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін өтінішке мына құжаттар қоса жалғанады: 

1) жеке басын куәландыратын құжат; 

 2) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер (азаматтарды тiркеу кiтабының көшiрмесi не мекен-жай бюросының анықтамасы, не ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң анықтамасы); 

 3) еңбекке жарамсыздық парағы; 

 4) салық төлеушiнiң куәлiгi; 

 5) әлеуметтiк жеке код берiлгенi туралы куәлiгi;

 6) жұмыс орнынан әлеуметтiк қатердiң басталуы алдындағы соңғы күнтiзбелiк он екi айдағы табысы туралы белгiленген үлгiдегi анықтама қоса берiледi. 

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемнiң тағайындалуы үшін берілетін өтінішке жалғанатын құжаттар:

1) жеке басын куәландыратын құжат; 

2) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер (азаматтарды тiркеу кiтабының көшiрмесi не мекенжай бюросының анықтамасы, не ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң анықтамасы); 

3) баланың (балалардың) тууы туралы куәлiгiнiң көшiрмесi, сондай-ақ оларды салыстыру үшiн түпнұсқалары; 

4) салық төлеушiнiң куәлiгi; 

5) әлеуметтiк жеке код берiлгенi туралы куәлiк; 

6) отбасы құрамы туралы мәлiметтер қоса берiледi. 

Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру ережесіне сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының, тұратын жерiне қарамастан, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары болуы керек.

Адамның жеке басын куәландыратын құжаттар:

1) Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты;

2) жеке куәлiк;

3) шетелдiктiң Қазақстан Республикасында қоныстану ықтияр хаты;

4) азаматтығы жоқ адамның куәлiгi;

5) босқын куәлiгi.

Сондықтан да жүктілігіне және босануына байланысты, бала бір жасқа толғанға дейінгі жағдайда төленетін әлеуметтік төлем тағайындау үшін ҚР-да шетелдік азаматтың  мекендеу қағазы және тұрақты мекен-жайға тіркелуі міндетті түрде талап етіледі.

11 сәуір 2012, 17:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.