Біздер, журналистер, өз өміріне риза адамдарды сирек кездестіреміз. Негізінен, редакция телефонына торыққан, ызаланған, уайымшыл адамдар жиі хабарласады.
ҮЙДЕГІ МҰРАЖАЙ
Қала тұрғыны Мария КЛИНЧЕВА (суретте) – өзімен және қоршаған ортамен үндестікте өмір сүре алатын сирек жанның бірі. Маған пәтерінің есігін ашар-ашпастан бұл әйел мені өзінің шуақты әлеміне енгізіп жіберді: есімді жиып үлгерместен, біз бір-бірімізді «сен» деуге көштік. Құрмамен шай ішіп, мен оған өзімнің сол күнгі бастан кешкендерімді әңгімелеп отырып, журналистік қызмет бабымен келіп отырғанымды айттым: Марияның керемет қолөнер шебері екенін естіп келген едім.
Оның шағын ғана пәтері қолдан жасалған керемет бұйымдардың мұражайы секілді, мен тіпті, оның аурасы туралы айтып отырған жоқпын. Бір бұрышта саз ойналып жатыр, ал көктемгі шуақтың жарығы әр жерде әдемі бұйымдар мен әшекейлер ілінген бұрыштарға тараған. Әр зат өз орнында, үйлесім тауып орналасқан.
Мария жоқ нәрседен, яғни, сіз бен біз ешқашан көңіл аудармайтын заттан әсемдік жасайтын жан екен.
– Адамдар өздерінің күйбің тірліктерімен жүріп, қуаныш әкелетін қарапайым заттарға мән бермейді, - дейді ол. – Ең болмағанда бір рет бәтеңкеңіздің тұмсығынан көзіңізді алып, жоғарыға қараңызшы. Керемет әдемі ғой, солай емес пе? Ошаған көгеріп, ағаштардағы бүршіктер бөртіп жатыр, ал көзің мен жан дүниеңді қуантатын ғажайып жасауға болатын айналада заттар қаншама! Шиенің құрғақ бұтағынан торшерге арналған абажур, қабығынан мысырлық ваза жасадым.
Осыдан бес жыл бұрын осы пәтерге қоныстанған кезде өз қолыммен әр нәрселер жасағым келетін ықыласым оянды. Менде бұрын пәтерлерді ауыстыру секілді хобби болатын: бірін сатып, екіншісін сатып алатынмын... Бірақ осы жерден... өзім қалаған нәрсенің бәрін таптым. Тыныштық, жайлылық, өз гүлдерімді отырғыза алатын кішкентай бақшам, сүйікті ісім үшін көп уақытым бар.
ӨМІР КӨЗ ЖАСЫНА СЕНБЕЙДІ
«Мәскеу көз жасына сенбейді» деген фильмдегі кейіпкердің сөзін («егер сол кезде қатты аузым күймегенде, менен ештеңе шықпаған болар еді») қайталаған Мария өмірде ештеңенің де тектен тек болмайтынына сенімді.
– Кім-кімнің де басында болатындай, менің басымнан да қиын кезең өтті. Күйеуімнің опасыздығынан кейін титтей үш баламен жалғыз қалдым, - деді ол, бірақ дауысында еш күйініштің белгісі білінбеді. – Жалғыз болған сондай қиын еді. Бірақ мен шынымен де өмір осымен біте ме, шынымен де түкке тұрмайтын болғаным ба деп ойладым. Содан соң, өзімді сабырға шақырдым!
Ол отқа да түсіп, суға да түсіп, пәтерін сатып, екі кішкене жұпыны үй сатып алады. Біреуіне өзі қоныстанып, екіншісінен кафе ашып алыпты. Қазір ауызға айту оңай, бірақ сол кезде ештеңенің орайы келмей, амалы құрыған күндері де болыпты. Бірақ ол беріспеген.
Содан кейін Мария өзінің нағыз сыңарын кездестірді. Бақытының шегі болмады, бірақ тағдыр оған тағы да соққы берді: күйеуі кенеттен қайтыс болды. Алайда қайғы-қасірет оны қажыта алмады, оны керісінше мықты етті.
Ерлі-зайыптылар тұрған үйді өгей шешесін ұнатпаған өгей баласы алып қояды. Марияға өз құқығын қорғауына болар еді, өйткені үй ортақ ақшаға салынған болатын. Бірақ...
– … Қажеті қанша? – дейді әйел. – Бақытты боп сол үйде тұра берсін.
МАРИЯНЫҢ ШУАҒЫ
Келесі тосын әрекетті Марияның өзі жасаған. Бірден-бір табыс көзі боп отырған кафені жауып тастапты.
– Маған олай қарама. Мен сол кезде бәрін жақсылап ойландым, – деді күліп жіберген Мария. – Ол жерде қаншама адам ішкілікке салынып кетті? Қаншама отбасы ойран болды? Мен өз кінәмді сезіндім. Сөйтіп, бірінші қабатта орналасқан кафе жас отбасы тұратын пәтерге айналды. Жалға берген төлемақы менің өміріме, бояуларыма, желіміме, тамағыма жетеді.
Желім туралы айта кетелік. Мария дәмді тағамдардың рецептілері бар сарғайған газет қиындыларын, өзінің ересек балалары мен немерелерінің ескі фотосуреттерін, қыздарының кішкентай кезде қолдан жасаған цирк билеттерін, патефонның ескі пластинкасын тауып алып, осының бәрінен сағат жасапты. Қазір олар залда тық-тық соғып тұр.
Оның қолдан жасаған бұйымдарын – тырбиған ағаштан жасаған ақша ағашын, қуыршақ-жылытқыны, кафел сынықтарынан жасалған мозаика мен басқа да қызықты нәрселерді қызыға қарап, неліктен адамдардың оған тартылатынын, күнді айналған ғаламшарлар секілді айналасынан неліктен шықпайтынын түсінгендей болдым. Оның тартылыс күші де маған әсер еткенін байқадым. Егер оның ықыласы бар болса, одан әлдебір сектаның керемет жетекшісі шығар еді.
– …Ал жазда жаңа саяхатқа шығуды жоспарлап отырмын, – дейді ол. – Мен Германияда, Францияда, Үндістанда болдым… Ақшаны қайдан алды дейсіз бе? Мен үнемдей аламын әрі қыздарым да көмектеседі.
Үндістанда болған кезде сол жердегі тұрғындардың ақ пейілдеріне таң қалдым. Бір үнділіктің көзіне көзің түсіп, сәл ғана назарыңды тоқтатсаң, оның жүзі сол сәтте жымиып, алақанын беттестіріп, сәл иіліңкіреп: «Намасте!» - «Сәлематсыз ба!» дейді. Содан кейін осы мейірбандықтан қуат алғандай боласың.
Марияның пәтерінен мен де осындай әсермен шықтым. Әрине, одан кейін әдеттегі күйбің тірлік басталып кетті, бірақ оның жымиған жүзі жанымды әлі жылытып жүр.
Анастасия ПАСТУХОВА, суретті түсірген автор