Атырау, 10 қазан 15:38
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Тестiдегi түйсік

6 080 просмотра

Кезекті онлайн-конференция қонағы облыстық білім беру бастығының орынбасары  Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА (суретте).

 

ҰБТ БИЫЛ НЕДАЙЫНДАП ОТЫР?

- Биылғы жылғы түлектерді ҰБТ бойынша қандай жаңалықтар тосып тұр?

- 2012 жылы ҰБТ маусым айының  1-нен 15-не дейін (мерзім 5 күнге ұзартылды) жүргізіледі. Қабылдау комиссиясы мүшелерінің саны 11 адамнан 5 адамға дейін қысқарды. Және тағы бір жаңалық - ҰБТ жүргізу барысын білім сапасын тексеру жөніндегі аймақтық департамент қызметкерлері тексеретін болады.

ҚР «Білім туралы» заңына  үкіметке ҰБТ өткізіп алған жағдайда биылғы жылы жоғары оқу орнына түсуге немесе орта білімнен кейінгі білім беруді ұйымдастыруға мүмкіндік беруші талаптарды жүзеге асыруға жол беретін маңызды өзгерістер енгізілген. «Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 27 ақпандағы № 261 қаулысы қабылданды. Бұл құжатта жалпы орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылар ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған жағдайда мемлекеттік бітіру емтиханы нысанында қорытынды аттестаттаудан өтуге және оқуын бітіретін жылы орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін оқу орындарына кешенді тестілеу арқылы түсуге мүмкіндік беретін мынадай жағдайлар айқындалды:

1) денсаулық жағдайы;

2) жақын туыстарының қайтыс болуы (ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілілер мен апалы-сіңлілер, ата, әже);

3) төтенше жағдайлар, сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары.

Бұл жағдайлардың барлығының бірдей құжатты дәлелі болуы тиіс. Тиісті құжаттары бар мектеп түлектері мемлекеттік  бітіру емтихан формасында қорытынды аттестаттаудан өте алады және оқуын бітіретін жылы орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін оқу орындарына кешенді тестілеу арқылы түсе алады.

- Бізге белгілі болғанындай, ұлттық бірыңғай тестілеуге логикалық тапсырмалар енгізілді. Оның көздеген мақсаты қандай?

- Биылғы жылы математика бойынша сауалдардың әрбір нұсқасында бір логикалық сипаттағы сауал қарастырылған. Логикалық тапсырмалар мектеп бітірушілердің алған білімдерін қабылдау мүмкіндігін, оның ойлау және талдау қабілетін анықтау үшін енгізілген.

- Қандай жағдайларда дұрыс апелляциялық шешімдерге қол жеткізуге болады және олардың берілу мерзімі қандай?

- Қандай жағдайларда дұрыс апелляциялық шешімдер шығарылатындығына қатысты нақты нұсқамалар жоқ. Өтінішті тестілеуге қатысушының өзі апелляциялық комиссия төрағасының атына жазады. Тестілеу тапсырмаларының мазмұнына және техникалық өңдеуге қатысты талаптар тестілеу қорытындысы жарияланған күннің ертесіне сағат 14.00-ге дейін қабылданады және оны апелляциялық комиссия бір күннің ішінде қарайтын болады. Шағымданушының жеке басын куәландыратын құжаты мен ҰБТ қатысуға берілген рұқсатнамасы болуы тиіс.

- Өткен жылы ҰБТ өткізілетін қосындарда ұялы байланыс дыбыстарын өші-ретін қондырғылар туралы мәселелер көтерілген болатын, бірақ, ондай аппаратураларды сатып  алуға қаржы тапшы болып шықты. Биылғы жылы мұндай «сөндіргіш» құралдарды сатып алу жоспарланып отыр ма?

- Ұялы байланыс дыбыстарын өшіретін қондырғыларды сатып алуға қаржы бөлу мәселесі әкімдіктердің құзырында, әзірге бұл мәселе шешіле қойған жоқ.

- Аптасына бар-жоғы 4 сағат қана математика пәнін оқитын жалпы білім беретін мектептің оқушысы күшейтілген бағдарлама (математикадан аптасына 7-8 сағат) бойынша оқитын техникалық гимназия, қазақ-түрік лицейі және «Дарын» мектептерінің түлектері секілді  неліктен ҰБТ-ны бірдей талаптар бойынша тапсырады?

- Білім берудің мемлекеттік стандарты барлық мектептер үшін бірдей. ҰБТ үшін тапсырмалар мемлекеттік стандарттар аясында жасақталады, жалпы білім беретін мектеп және нақты бір пәндерді тереңдетіп оқытатын оқу мекемелерінің шәкірттері үшін жекеленген тестілердің болуы мүмкін емес.

 

ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАР

- Облыстық білім беру басқармасының сайтынан балабақша кезегіне тұру үшін электронды кезекті тауып алуға тырысып көрген едім. Ол кезек қашан пайда болады?

Ангелина

- Мектепке дейінгі мекемелерге жолдама беру үшін мектеп жасына дейінгі балаларды (7 жасқа дейін) электронды тіркеу 2012 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Бұл порталға тіркелуге ниет білдірушілер халыққа қызмет көрсету орталығынан міндетті түрде электронды-цифрлық қолтаңба және кілт алуға тиісті. Кейін  www.e.gov.kz сайтында «мемлекеттік қызметтер» сілтемесіне енеді. Республика бойынша бұл жүйеге тек 4 қала ғана қосылған, оның ішінде Атырау да бар.

- Балабақшалардағы тәрбиешілердің жетіспеушілігі ақылға қонымсыз. Біріншіден, топтағы баланың саны 50-ге жетеді. Екіншіден, екі тәрбиешінің орнына балалармен күні бойына бір ғана тәрбиеші жұмыс жасайды. Әрине, сөзсіз бұл жағдайда тәрбие сапасы төмендейді. Оған №6 балабақшадағы орын  алған жағдай, баланың жанарынан айырылғандығы дәлел болды. Балалар үшін қатты қорқып отырамыз. Бір топтағы бала саны қанша болу керек және олардың сәйкестігі жиі тексеріліп отыра ма?

- Балабақшадағы балалар санының шамадан тыс болуы басты түйткілдердің бірі. Балалар мен жасөспірімдерге тәрбие, білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша мектепке дейінгі мекемелердегі топтағы балалар саны 20-дан 25 балаға дейін болуы тиісті. Бұл сәйкестілікті жоспарлы тексеру барысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары тексеретін болады. Заң бұзушылықтар орын алған кезде әкімшілік жазалар салынады. Бүгінгі күні қала балабақшаларындағы топтарда  шын мәнінде балалар санының шамадан тыс  көптігі байқалады. Дегенмен, барлық балабақшалардағы балалардың күнделікті келуі  шамамен 70% құрап отырғандығы бұл жағдайдан құтқарып келеді.

5 күндік жұмыс аптасы барысында топтағы балалардың 10,5 сағат болуымен екі тәрбиеші жұмыс істеуге тиісті. Егер бір топта бір ғана тәрбиеші жұмыс істесе, демек, бұл жағдайда балабақша әкімшілігінің келісімі бойынша тәрбиеші қосымша төлем алу арқылы атқарып отырған болады.  

- Санитарлық ереже және нормалар бойынша балабақшалардың кіші тобында 20-25 баладан болуы тиіс. Қазіргі мен жұмыс жасап жатқан топта 45 бала бар. Тәрбиешілер мен бала күтушілеріне жүктеме жұмыстарына байланысты неге қосымша ақы төленбейді?

-«Білім беру туралы»заңның 52-бабына сәйкес,мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мекемелерінің мектеп алды топтары, білім беру ұйымдарының мектеп алды сыныптарының педагогикалық қызметкерлерінің айлық еңбекақысы аптасына 24 сағаттан аспайтындай көлемде белгіленеді.

Мектепке дейінгі ұйымдардың әкімшілігі  тиісті мемлекеттік мекемені несиелік берешегінің болмауы барысында қаржыландыру жоспары бойынша ұстау үшін қарастырылған қаржыны үнемдей отырып және нақты салалық келісім, ұжымдық шарт бойынша қызметкердің лауазымдық айлықақысына ынталандыру сипатындағы үстемелер мен сыйақылар және материалдық көмек тағайындауға құқылы. Осылайша, қаржының болуына қарай балабақша директоры сізге жүктеме жұмысыңызға орай жалақыңызды көбейтуге тиісті және көбейте алады.

- Менің екі балам да балалардың церебральды сал ауруына шалдыққан, мүгедек. Атырауда мұндай сырқаты бар балаларға оңтайландыру орталығынан басқа баратын жер жоқ. Ал, оның өзіне бару үшін күні бұрын жазылуға тура келеді. Атырауда неліктен коррекциялық орталықтар ашпайды, онда балалармен психологтар, логопедтер, дефектологтар жұмыс істеген  болар еді.

Алмагүл САТЫБАЛДИЕВА

- Бұл мәселе білім беру басқармасының бақылауына алынған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мамандандырылған балабақша ашу «Балапан» (2015-2020 ж.ж.) бағдарламасының екінші кезеңінде қарастырылған. Бүгінгі таңда қалада және барлық аудандарда психо-медициналық, педагогикалық кеңес беру қызметтері жұмыс жасайды. Онда мамандар коррекциялық және білім беру қызметтерін көрсетеді.

- Тұрғын үйлердің бірінші қабатынан балабақшалар ашу қай мөлтек аудандарда көзделіп отыр?

- «Балапан» бағдарламасы бойынша қалада Алмагүл және Нұрсая мөлтек аудандарындағы тұрғын үйлердің бірінші қабатынан 730 орынды шағын балабақшалар ашу жоспарланып отыр. Әзірге мерзімдері белгісіз.

- «Балапан» бағдарламасында қарастырылған мемлекеттік- жеке серіктестік аясында жұмыс істеуге ниет білдірушілер бар ма? Жаңа балабақшалар құрылысын бастауға немесе уақытша жұмыс жасамай тұрған балабақшаларды қайта қалпына келтіруге, сондай-ақ, алға қарай мемлекетке сату мақсатымен балабақшалар құрылысына байланысты қала әкімдігімен келісімдер қарастырылған ба? 

Нұржамал БАҚЫТ

- Әзірге мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жұмыс істеуге ниет білдірушілер жоқ. Негізінен жеке үйлерін балабақша үшін сатқылары келетіндер көбірек хабарласып жатады. 

- Таяу арада қандай мекемелер ведомстволық балабақшалар ашуды жоспарлап отыр?

- Облыста әзірге тек 280 орынға арналған АМӨЗ ведомстволық балабақшасы ғана бар. 2011 жылы осы балабақшаға қосымша 100 орындық құрылыс басталған болатын. Нысанды тапсыру 2012 жылға жоспарланды. Бүгінгі күні «ҚазТрансойл» АҚ 250 орынға арналған балабақша құрылысын бастау мәселесін қарастыруда. Теңізшевройл өз қызметкерлерінің балалары үшін 350 орындық балабақша құрылысына биылғы жылы-ақ кірісуді жоспарлап отыр.

- №11 «Таңшолпан» балабақшасының маңында көлікті қоюға еш мүмкіндік жоқ. Дәл осындай жағдай Авангардтағы №6 балабақшада да орын алып отыр.

 Марал ТОҚСАНОВ

- Балабақшалар маңында көлік қоятын орынды жасақтау қарастырылмаған.

 

ЖӨНДЕУГЕ АҚША СҰРАЙДЫ

- Биылғы жылы бізде тұңғыш президент мектебі ашылады деп айтылып жатыр. Бұл қандай мектеп болады – техникалық па, әлде гуманитарлық па? Бұл оқу мекемесіне қай сыныптан соң өтініш беруге болады? Оқуға қабылдау қашан басталады? Қандай емтихандар тапсырады?

Раушан КҮБЕЕВА

- Бүгінгі күні Атырауда химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Мектептің ашылуы 2012 жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр. Оқушыларды қабылдау 7 сыныптан басталады. Мектепке қатысты барлық ақпаратты Назарбаев Зияткерлік мектебі ресми сайтынан  (www.nis.edu.kz) ала аласыздар.

- Өткен жылы қызым Алматыдағы қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне емтиханын жақсы тапсырған еді, алайда, оқу бағасы бір жылға 8 мың доллар болғандықтан, біз оны жібере алмадық. Оның осы лицейге тапсырған сертификаты бойынша «Дарын» немесе Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылдана ма?

- Дарынды балаларға арналған облыстық мектептің оқушыларды қабылдау жөніндегі өз жарғылары мен ережелері бар. Сондықтан да ол сертификат бойынша аталмыш мектептер баланы қабылдай алмайды.

- Әрбір көктем сайын балабақшалар мен мектептерде ата-аналардан сыныптар мен топтардың жөндеу жұмыстары үшін ақша жинайды. Егер біз бұған наразылық білдіріп, сөйлей бастасақ болды, ренжіп, өз жағдайларын алға тартады: егер ата-аналар ақша бермесе, оларға жөндеуді өз ақшаларына жасауға тура келеді екен. Балабақшалар мен мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен ақша не себепті бөлінбейді?

 Ермек С.

- ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің 2009 жылғы 27 сәуірдегі №4-02-4/738 хатына сәйкес, мектеп әкімшілігіне ақша, оның ішінде түрлі жөндеу жұмыстарына жинауға қатаң тыйым салынған. Егер ақша ата-аналардың бастамасымен жиналған болса, ол үшін мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым жауапкершілікке тартылмайды. Жыл сайын әрбір білім беру мекемесіне облыс бюджетінен ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлініп отырады. Мәселен, айталық, өткен жылы бюджеттен 135 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

- Кейбір мектептерде 25-27 оқушы бар сыныптар қазақ сыныптарында орыс тілін оқыған (және керісінше) кезде, сондай-ақ, информатика мен шет тілі пәндерінде неліктен топтарға бөлініп оқытылмайды?

- Осы оқу пәндері бойынша оқыту сабақтарын ұйымдастыру барысында қалалық жерлерде сыныпта бала саны 25  және одан көп болған жағдайда; селолық жерлерде сыныпта бала 20 немесе одан асса, екі топқа бөлініп оқытылады. Егер ол талаптар орындалмай жатса, онда қалалық немесе аудандық білім бөлімдеріне жолығулары керек. 

- №17 мектеп-лицей қашан күрделі жөндеуден өткізіледі?  

Ата-аналар

- Биылғы жылы Каспий тұрбақұбыры консорциумының демеушілік қаржысына бірнеше мектептер күрделі жөндеуден өткізілмекші, олардың қатарында №17 мектеп-лицей де бар. 

 

ШЕБЕРЛЕР МЕКТЕБІ

- Колледждерге түсу емтихандарын айтып берсеңіз екен?

- Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан оқушыларды қабылдау азаматтардың өтініші бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады. Конкурс ҰБТ сертификаттарындағы балл негізінде; еліміздің жоғары оқу орындарына түсу үшін кешенді тестілеу формасында өткізілген түсу емтихандарының қорытындылары бойынша берілген сертификаттардың баллдары негізінде; білім беру ұйымдары өткізген тестілеу формасы немесе пәндер бойынша түсу емтихандарының нәтижелерінде алынған баллдар (бағалар) негізінде жүргізіледі. 

Оқуға тапсыру бойынша  конкурсты өткізу барысында ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификатында көрсетілген үш пән бойынша жинақтаған балл мөлшері ескеріледі.

Оқуға түсу байқауына мыналар жіберілмейді:

1) негізгі жалпы білімі бар, екі пәннен 20 баллдан кем жинағандар; 2) білім беру мамандықтары бойынша, құқық, экономика, медицина және фармацептика бойынша екі пәннен кем дегенде 25 балл жинаған; 

3) жалпы білімі бар үш пәннен 30 балл жинаған;

4) білім беру мамандықтары бойынша, құқық, экономика, медицина және фармацептика бойынша үш пәннен кем дегенде 35 балл жинаған.

- Айтыңызшы, мемлекеттік колледждерде аз қамтылған отбасынан оқып жатқан студенттер үшін қандай жеңілдіктер бар?

Құдас МАХУТОВ

- Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде ақылы негізде оқып жатқан аз қамтылған отбасының балаларын оқытуға жеңілдіктер облыс әкімінің 2009 жылғы 1 сәуірдегі №113-р «Оқу ақысына берешегі бар жоғары оқу орындары мен орта оқу орындары оқушыларына жергілікті бюджет қаржысы есебінен қаражат бөлу жөніндегі облыстық комиссияны құру туралы» өкімінде қарастырылған. Комиссияның жұмысшы органы Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы болып табылады. Ондай комиссиялар оқу мекемелерінде де бар, оларға да жеңілдіктер тағайындау бойынша жолығуға болады.

- Жақында ғана әкімдік, орта арнаулы оқу мекемесі және ірі фирмалармен арада үш жақты келісім-шартқа қол қойылды. Фирмалар КТЛ және колледж оқушыларын тәжірибеден өтуге, егер жұмыста өзін көрсете білсе, оларды кейін жұмысқа алуды өз міндеттеріне алды. Менің білуімше, жұмыс берушілерді қызметкерлерді дайындау және қайта дайындау сапасы қанағаттандырмайтын секілді. Оған не себеп? Бәлкім, кәсіптік –техникалық білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нашар болғаны ма?

Мұхтар АСАН

- Қазір техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі даму деңгейінде. 2010 жылы олардың материалдық-техникалық базаларын нығайту үшін 346 млн теңге бөлінді. Табиғат пайдаланушылардың әлеуметтік бағдарламалары есебінен шеберханалар үшін 2 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Оқу зертханалары мен шеберханалары үшін құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 46 млн теңге бөлінді.

Компаниялармен бірлесе отырып, халықтың ересек бөлігін дайындау және қысқа мерзімді курстарда құрылыс саласы бойынша 9 мамандық, мұнай-газ саласы бойынша 4 мамандық, қызмет көрсету саласы бойынша 2 мамандық бойынша біліктілігін көтерудің жаңа оқу бағдарламалары бекітіліп, қайта қаралды.  Олар жұмыс берушілер талабына жауап береді деген сенімдеміз.

- Бұдан бұрынғы мектеп бітіруші түлектер мен техникалық және кәсіптік білім алған адамдарға жоғары оқу орындарына кешенді тестілеуден өту барысында қалай дайындалу керек?

-Жаңа ережелер бойынша осы жылдан бастап техникалық және кәсіптік білімі бар тұлғаларды қабылдау ұқсас мамандықтарды қысқартылған мерзім бойынша ақылы негізде жоғары оқу орындарында оқыту кешенді тестілеу қорытындылары бойынша жүзеге асырылады. Бұрын олар жоғары оқу орындарына әңгімелесу бойынша түскен болатын. Кешенді тестілеу оқуға түсушінің қалауымен қазақ немесе орыс тілінде  орта білім беру бағдарламасы бойынша төрт пәннен: мемлекеттік немесе орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы және таңдаған мамандығының бағытына қарай таңдаған пәні бойынша жүргізіледі. Кешенді тестілеу аясында тапсырылған пәндердің біреуінен 4 баллдан кем  алған жағдайда тұлғалар ақылы оқуға жіберілмейді.

 

ҰСТАЗДАР САУАЛЫ

- Биыл жыл сайын мұғалім-дер өтіп отыратын дәрігерлік тексерулер қаржыландырыла ма?

С. Әмірова

- Меншік формасына қарамастан жұмыс берушілер  қызметкерлерді дәрігерлік тексеруден дер кезінде өтуін өз қаржылары есебінен жүргізеді. Облыстық, қалалық, аудандық педагогтар дәрігерлік тексеруден бюджет есебінен өтеді. 

- Облыс орталығы және аудандардың ұстаздары үшін байқаулар үнемі бір мектептерде ғана өткізіліп отырады. Осы шараларды ұйымдастыруға дайындық неге екені белгісіз мұғалімдер есебінен жүргізіледі. Мұндай байқаулар өткізу үшін қаржы неге бюджеттен бөлінбейді?

Бір топ ұстаздар

- Облыстық байқауларды өткізуге қаржы облыстық бюджеттен бөлінеді. Облыстық шаралардың өткізілетін орны оның тақырыбы мен білім беру ұйымының мүмкіндіктеріне байланысты болады.

- Жоғары білімі бар, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемейтін педагог жоғары және 1-ші дәрежелі санатты алуы мүмкін бе?

Бақытжан САҒАДАЕВ

- Білім беру мекемелерінің педагогикалық қызметкерлері штаттық кесте бойынша белгіленген және еңбек шартында көрсетілген лауазымы бойынша аттестаттаудан өте алады. Білімі туралы дипломда бір біліктілік ретінде көрсетілген пән оқытылған жағдайда аттестаттау негізгі лауазымы бойынша жүргізіледі. Егер педагогикалық қызметкер қосымша тағы бір пәннен беретін болса, (дипломда көрсетілген мамандығы бойынша емес) онда ол курстарды оқығанда алған сертификаты негізінде аттестаттаудан өтеді. Бірінші дәрежелі санаттан екінші біліктілік санаты бар  және педагогикалық еңбек өтілі бір жылдан кем емес, аудандық (қалалық) деңгейдегі кәсіби байқаулардың жеңімпазы болып табылатын, сондай-ақ, пән олимпиадалары мен шығармашылық байқаулардың, аудандық (қалалық) ғылыми және спорттық жарыстарға қатысушыларды дайындаған тұлғалар өте алады. Ал, жоғары санаттан бірінші санаты бар, оған қоса пән олимпиадалары мен шығармашылық байқауға, облыстық, республикалық немесе халықаралық деңгейдегі ғылыми және спорттық жарыстарға қатысушыларды дайындаған және өздері облыстық, республикалық немес халықаралық біліктілік байқауларының жеңімпаздары болған, аттестаттау аралығында ғылыми дәрежелер – ғылым кандидаты (докторы) немесе академиялық магистр дәрежесін, философия докторы, біліктілігі бойынша доктор атағын алған ұстаздар үміткер бола алады.

- Бірнеше уақыттан бері облыстық және қалалық пәндік олимпиадалар мен басқа да байқаулардың қорытындылары жазылған бұйрықтарды мектептерге тарату тоқталып қалды. Ол бұйрықта жүлделі орындар ғана емес, оқушыларды дайындау барысында жіберілген қателіктер де көрсетілетін.  Ал, бұл мұғалімдер үшін қателіктерден қорытынды шығаруға мүмкіндік беретін.

- Облыстық білім беру басқармасы бұрынғысынша облыстық олимпиадалар өткеннен соң қорытындысын баяндалған бұйрықтарды өз ұсыныстарымен бірге қалалық, аудандық білім бөлімдеріне жолдап отыр. Қалалық және аудандық олимпиадалардың қорытындысы педагогикалық ұжымға таныстыру үшін мектептерге жіберіледі.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

11 сәуір 2012, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.