Біздің облысымызға іссапармен келген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Алик АЙДАРБАЕВ (суретте) «Ақ Жайық» газетіне Жаңаөзендегі трагедиядан кейін өзінің алғашқы сұхбатын берген еді.
49 жастағы Алик Айдарбаев «ҚМГ БӨ» АҚ бас директорының лауазымына Жаңаөзендегі оқиғадан кейін осы креслода отырған Асқар БАЛЖАНОВТЫҢ орынына тағайындалған болатын. Меншігінде компанияның акциясы жоқ. Еңбек қызметін 1985 жылы «Жетібаймұнай» МГӨБ-де өндіру операторы қызметінен бастаған. «Торғай-Петролеум» АҚ, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-на басшылық еткен.
БАРЛЫҒЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ
– Алик Серікұлы, Жаңаөзен-дегі оқиғадан соң «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалында не өзгерді? Жаңа кәсіпорындар құру және адамдарды жұмысқа орналастыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жарияланған 20 млрд теңге күрделі шығындар жеткілікті болды ма?
– Күні кешеге дейін жұмыстан босатылған ереуілшілердің барлығын жұмысқа орналастырдық деп мақтана алмаған едік. Әрине, олар жұмысқа қабылданып, жалақы ала бастады. Бірақ олардың көпшілігі жұмыспен қамтылмаған еді. Бүгінде бұл процесс те аяқталды. Екі мың адамды жұмысқа орналастыру үшін «ҚМГ БӨ» компаниясы екі жаңа сервистік кәсіпорын құрды. «ӨзенМұнайГазға» арнайы техниканың 100 бірлігі келді, енді сәуірдің ортасына дейін қалған техниканың барлығы жеткізі-летін болады. Заманауи технологиялармен жарақталған автожөндеу сервис-орталығы, турбина базалары, өшіру сұйықтығын дайындау тораптары және т.б. секілді жаңа 5 жобаны игерудеміз. Әсіресе жаңа автоорталықты ерекше атап өткім келіп отыр. Өйткені кәсіпорын арнайы техника мен автокөліктеріне қазірге дейін ескі әдіспен, ыңғайсыз орын-жайда, қалыпты еңбек жағдайынсыз қызмет көрсетіліп келген.
Қаражанбас пен Қаламқас кеніштерінде 2 вахталық поселке мен 2 өндірістік базасының құрылысы толықтай жүріп жатыр. Мен бұл бөлімшелердің бізге жерасты жөндеу сапасының жаңа деңгейіне, заманауи экологиялық стандарттарға шығуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Жұмысшылар да енді нашар еңбек жағдайына аз шағымданатын болады. Болашақта мұнай өндіру көлемін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Компанияның шығындары бойынша айтарым, уақыт бәрін өз орнына қояды. Әзірге сол жобалы 20 млрд теңге толықтай игерілген жоқ.
– Ақтаудағы қаңтарда болған баспасөз конференциясы кезінде адамдардың басшылыққа жоғалтқан сенімін қайтаруға тырысатыныңызды мәлімдедіңіз. Қалай ойлайсыз, бұған қол жеткіздіңіз бе? Ереуілге шыққан мұнайшылар сіздің әрекетіңізге риза ма?
– Біз қазір қызметкерлермен жұмыс мәселесін толықтай қайта құрдық. Өзім де өндіріс басына жиі барып тұрамын, адамдармен кездесемін. Айтып өткенімдей, басшылыққа жоғалтқан сенімді қайта қалпына келтіре аламыз. Бізге қатысты оң пікірлер айтылып жатыр. Адамдар жұмысымызды көріп отыр, олардың бізді қолдайтыны да сезіледі. Ұжымда ескіре бастаған ауызбіршілік, бір-бірін құрмет тұту қайта орын алып келеді. Жұмысқа орналастыру бойынша олардың басшылыққа қоятын талаптары жоқ. Қазір олар көбіне болып жатқан сот процестері әділетсіз өте ме деп алаңдаушылық білдіріп жүр. Бұған қоса әлсін әлі жұмыссыздық, қала құрылысы секілді басқа өзекті проблемаларды көтеріп отырғанда, әрине бәріне толықтай риза деп айта алмаймыз.
ЖАЛАҚЫ ӨСПЕЙДІ
– Ал олардың еңбекақы бойынша қойған талаптарына қатысты өзгерістер бар ма?
– Жоқ. Біз еңбекақыны көтермейміз. Біздің бүгінгі күнгі еңбекақымыз үлкен болмаса да, басқа аймақтар мен кәсіпорындармен салыстырғанда бәсекелесе алатындай жағдайда. Әрине, біз жыл сайын ұжымдық келісім-шартқа сәйкес еңбекақыны индекстейміз. Бұдан басқа, компанияның өте салмақты әлеуметтік пакеті бар, сондықтан біздің еңбекақыны көтеретін жоспарымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ.
– Менің білуімше, жаңа кәсіп-орынды құру кезінде «ҚаражанбасМұнайдың» 300 мұнайшысы өздерінің жұмыссыз тұрған уақыты үшін өтемақы төлеуді талап етіп, жұмысқа орналасу ұсынысынан бас тартты. Жаңаөзендіктерде де осындай талаптар болды. Мұнайшылардың бұл талаптары орындалып жатыр ма?
– Сол кезде олардың саны 300 адам болды, қазір 73 адам қалды.
– Сонда әлі де наразы адамдар болғаны ғой...
– Бұл адамдар 7 ай тұрып қалғаны үшін өтемақы тиесілі деп есептейтін кейбір адамдардың ықпалында жүр. Біз бұл мәселе үкіметте талқыланып, «ешқандай өтемақы болмайды, себебі ол талап ешқандай заң шеңберіне кірмейді» деген шешім қабылданды. Олар басқалар секілді Еңбек Кодексінің 54-бабы бойынша, яғни, жұмыста 3 және одан көп сағат болмағаны үшін жұмыстан босатылған.
АҚТАЛҒАНДАРДЫ ҚАБЫЛДАЙМЫЗ
– Жаңаөзендегі оқиғаға қатысушыларға қатысты сот процесінде «ҚМГ БӨ» мүддесін қорғаған адвокат Рашид СӘУЛЕБАЕВ 37 сотталушының 18-і – ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабы бойынша жұмыстан шығарылған «Өзен-МұнайГаздың» бұрынғы қызметкерлері екенін мәлімдеді. Олар сотта айыпсыз деп танылған жағдайда кері жұмысқа алынуы мүмкін бе?
– Біз бәрін де қабылдадық, егер оларды ақтап шықса, оларды да қабылдаймыз. Біз қазір мынау жақсы, мынау жаман деп бөлмейміз. Біз үшін олардың барлығы бірдей. Олардың жұмыстан босатылуына негіз бірдей болды, ендеше қабылдау шарты да бірдей болмақ.
ӨФ ОРНЫНА АҚ
– Қаңтардың аяғында «ҚМГ БӨ» баспасөз релизінде бөлімшелердің дербестігін көтеру үшін өндірістік филиалдардың акционерлік қоғам боп қайта құрылатындығы туралы хабарланды. Бұл ретте акцияның 100 пайызы «ҚМГ БӨ» АҚ-на тиесілі болады. Тәжірибе жүзінде бұл қалай болмақ?
– Өндірістік филиал мен акционерлік қоғам деген не? Өндірістік филиал – «Барлау Өндірудің» бөлімшесі ғана. «БӨ» өзі бүгінде жер қойнауын пайдаланушы боп табылады және өз бетімен бүкіл шаруашылық қызметін жүзеге асырады. Ал «ӨзенМұнайГаз» бен «ЕмбіМұнайГаз» АҚ қайта құрылған соң жер қойнауын пайдаланғаны үшін мемлекет алдында жауап беретін болады және толықтай өз беттерінше шаруашылықтарын жүргізетін болады. Ал «БӨ» тек акцияны ұстаушы және бас кеңсесі болады.
Қазір «ӨМГ» бен «ЕМГ» ӨФ базасында акционерлік қоғам құру өз кезегімен жүріп жатыр. Олардың меншігіне берілетін мүліктерге бағалау жүргізілуде. Олар АҚ ретінде тіркеліп те қойылды. Осы кезең аяқталғаннан кейін ұйымдық құрылымдарды ауыстырып, адамдарды тағайындайтын боламыз. Содан соң екі филиал да дербес жұмыс жасайды.
АППАРАТТАҒЫ ҚЫСҚАРТУЛАР ЖАЙЫНДА
– Таяуда «ҚМГ» ҰК АҚ орталық аппараттың 47,8 пайызға дейін қысқаратындығы туралы хабарлады. Бұл тұрғыда «ҚМГ» БӨ» АҚ-да қандай өзгерістер болып жатыр?
– Біз Астанадағы кеңсені 50 пайызға қысқартамыз. Қазір қызметкерлердің 25 пайызы қысқартылды.
– Бұлар топ-менеджерлер ме, әлде қарапайым клерктер ме?
– Бұлар түрлі адамдар. Астанадағы кеңседе 400 адам жұмыс істесе, енді тек 200 адам қалады. Егер өндірістік қызметпен айналыспайтын болсақ, бізге осыншама адамды ұстаудың қажеті қанша?
ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕРДІ ҚАМАУ ТУРАЛЫ
– Бас прокуратура Жаңаөзендегі оқиғадан кейін компанияның бірқатар басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғады. «БӨ» АҚ-ның бас директорының бірінші орынбасары Владимир МИРОШНИКОВ және «Компания Мұнай Экология» ЖШС президенті Серік БАЙМҰХАНБЕТОВ 335 миллион теңгені жымқырған деп айыпталуда. «ӨМГ» ӨФ бұрынғы директоры Киікбай ЕШМАНОВ, оның орынбасары Қалдыбай МАРҚАБАЕВ «Бұрғылау» ЖШС директоры Таңмағамбет СЕЙТМАҒАМБЕТОВПЕН сөз байласу арқылы 127 млн теңге жымқырған деп күдіктеліп отыр. Бұл адамдар қазір қамауға алынды ма?
– Бұл жөнінде бізде ешқандай мәліметтер жоқ. Біз анықтамақ болғанмен тергеу құпиясына сілтеме жасалып, «тергеу кезінде олар лауазымдарынан шеттетілуі тиіс» деген стандартты ескерту хат алдық. Соған сәйкес олар жұмыстан босатылды. Сот шешімін күтіп отырмыз.
– Алайда әңгіме миллиондаған қаржылар туралы болып отыр ғой. Осыған қатысты компанияда қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді ме?
– Бәрі құпия болғандықтан, тіпті, қызметтік тексеруді қай бағытта жүргізу керектігін де біле алмай отырмыз. Яғни, әзірге қолымыздан келетіні тек күту.
МҰНАЙ ЭКСПОРТЫ
– Сіз «Руханият» партиясының бұрынғы көшбасшысы Серікжан МӘМБЕТАЛИННІҢ «Откровения нефтетрейдера» деген мақаласын оқып көрдіңіз бе? Оның «ҚМГ БӨ» өндіретін мұнайдың қалай шетел асатыны жайлы егжей-тегжейлі ақпарлары хақында не айта аласыз?
Айдарбаев Мәмбеталиннің мақаласын оқымаған екен, бірақ мақаланың төркінін білген соң, қысқа ғана жауап қайырды:
– «ҚМГ БӨ» өндіретін мұнайды экспорттаумен «ҚМГ – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ айналысады. Сондықтан олар оны кімге және қандай сызбамен сататындығын біз білмейміз.
АҚТАУҒА КӨШУ
–Өткен жылы ереуіл кезінде Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, шамасы, шиеленісті бәсеңдеткісі келген болар, «ҚМГ БӨ» орталық аппаратын Ақтауға көшіру қажет-тігі туралы мәлімдеген еді. Ереуілшілердің өздері де осындай талапты қойған болатын. Бұл идеяны Астанада қалай қабылдады?
– Заңды тұрғыда бұл негізсіз қойылған талап. Кешікпей олардың аймағында өздерінің акционерлік қоғамдары пайда болады, «Барлау Өндіруді» ол жаққа көшірудің қажеті жоқ. АҚ аймақтағы бүкіл мәселені өздері шешетін болады.
– Өткен айда «Самұрық-Қазына» Қорының басқарма төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВ сұхбаттарының бірінде «Қаз-МұнайГаздың» еншілес «ҚМГ БӨ»-мен бірігуі мүмкін екендігін тұспалдап жеткізген еді. Бұл жерде «Барлау Өндіруді» толықтай тарату туралы меңзеп отырған жоқ па?
– Ол Шөкеевпен болған әңгімеге қатысқан ресейлік газет журналисінің жеке бөліп алған сөздерінен туып отыр. Бірақ бұл ықтимал нұсқалардың бірі ғана. Әдетте компанияның келешегі жайлы әңгімелер кезінде түрлі нұсқалар талқыланып жатады емес пе? Бары сол.
КЕНІШТІ ЖАБУ ХАҚЫНДА
– «ЕмбіМұнайГазда» қоры сарқылып жатқан төмен рентабельді кеніштер көп. Қанша кеніш консервацияланбақ және босатылған жұмысшылар қайда кетеді?
– «ЕмбіМұнайГаз» бойынша консервацияға жатады делінген 12 кеніш белгіленген. Ол жерде барлығы 132 адам жұмыс істейді. Бірақ бұл жұмыстар кезеңмен жүргізіледі. Мәселен, бізде Мақат пен Ескенені консервациялау туралы Директорлар кеңесінің шешімі бар. Осы екі кеніште 13 адам жұмыс істейді. Біз оларды жұмысқа орналастыру үшін ұңғыларды жөндеу жөнінде қосымша бригада құрамыз. Келесі кезеңде бізде Бекбике мен Доссор тұр, онда12 адам жұмыс істейді. Адамдарды далаға тастамаймыз, оларды міндетті түрде жұмысқа орналастырамыз. Бұл міндетті түрде болатын процесс, бір кездері Теңізді де консервациялауға тура келеді.
КОМПАНИЯНЫҢ ЖОСПАРЛАРЫ
– «ҚМГ БӨ» Қазақстаннан тыс жерде өз қызметін кеңейте ме?
– Шетелде бірнеше жобалар бар. Олардың бірі Солтүстік теңіздегі Уайт Беар құрылымы, ол жерде «Бритиш газбен» бірлескен барлау жұмыстары жүргізілуде. Кешікпей бұрғылау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз.
– Компанияның Қазақстандағы геологиялық-барлау жұмыстарына салған қаржы салымдары туралы әңгімелеп берсеңіз.
– 2012 жылы операциялық шығындарды қосқанда, геологиялық-барлау жұмыстарының жалпы шығыны 341 млн долларды құрайды деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, бұрынғы сатып алынған геологиялық-барлау активтерін инвестициялау жалғасып келеді. Компания 2011 жылдың мамыры мен желтоқсанында компания ұсынған1,9 млрд теңге мөлшерінде бірнеше траншпен берілген қарыз түрінде «Ural Group Limited» компаниясына қосымша инвестициялар аударды.
Қазір «ҚМГ БӨ» Лиман, Тайсойған, Р-9, Қаратон-Сарықамыс, Темір, Теріскен, Жарқамыс, Восточный-1, Батыс Новобогатинск, Федоровский, Солтүстік Карповский учаскелеріне, сондай-ақ, Өзен және Қарамаңдыбас кеніштеріне іргелес учаскелеріне барлау жүргізіп жатыр. Әрине біздің геологтарымыздың басты мақсаты мұнай және газ қорын арттыра түсуге үлес қосу.
-Әңгімеңізге рахмет.
Сәния ТОЙКЕН