Индустрия және жаңа технология министрлігі ТШО-мен бірігіп, қазақстандық құрамды дамыту жөніндегі жұмыс комиссиясын құрды. Теңізшевройл қазақстандық тарапқа Теңіз кенішіндегі үшінші кезек үшін қажетті жиынтық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жиынтығының толық тізімін ұсынбақ. Бұл туралы «NADLoC» жергілікті құрамды дамыту жөніндегі Ұлттық агенттігінің директорлар кеңесінің төрағасы Жандарбек КӘКІШЕВ (суретте) 6-шы аймақтық мұнай-газ технологиялық конференциясында айтқан болатын.
НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫЗ, НЕ ҚАЛАЙМЫЗ?
Қазіргі кезде ірі шетелдік инвесторлардың жер қойнауын пайдалану келісім-шартындағы қазақстандық құрамдағы үлесі 7-15 пайыздан аспайды, ал шикізат қорларына бай басқа елдерде бұл көрсеткіш орташа алғанда 50-ден 80 пайызға дейін жетеді.
– Теңіз кенішіндегі үшінші кезек бойынша екі отырыс өткізілген, мамырдың басында үшіншісін өткіземіз, - дейді Кәкішев. – Онда ТШО құны 20 млрд доллар болатын осы ірі жобаға қажетті жиынтық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жиынтығының толық тізімін ұсынуы тиіс.
Жиынтықтау 3 блокқа бөлінген. Бірінші блокқа біздің Қазақстанда өндіретін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер кіреді. Екінші блок – Қазақстан өндіре алмайтын және оған үміткер болмайтын тауарлар. Бірақ осы жерде де біз сервис пен жөндеу жұмыстары бойынша өз қызметтерімізді ұсына аламыз. Үшінші блокқа - бүгінде біз жасамайтын, бірақ жасай алатын тауарлар жатады. Жандарбек Кәкішевтің айтуынша, қазір Қазақстанда модульді блоктарды шығаратын (СП типі бойынша) зауыттар салу туралы мәселе қарастырылуда:
– Бұл зауыттардың барлығы «балалар конструкциясы» принципі бойынша жұмыс істейді: модульдердің блоктары бір елде дайындалады, содан кейін бөлшектеліп, бізге әкелінеді, осы жерде қайта құрастырылады. Қазір корейлік компаниямен осындай зауытты салу туралы келіссөздер жүріп жатыр, араб, канадалық компаниялар өз ұсыныстарын енгізді. Бірақ қалай еткенде де бұл дүниежүзілік бренд болады және міндетті түрде таңдауды ТШО жасайды, - деп атап өтті Кәкішев.
Кәкішевтің айтуынша, мемлекеттік қолдау туралы заң отандық өндірушілерге белгілі бір артықшылықтарға кепілдік береді.
ИРАК ПЕН ЛИВИЯ ОЛАРҒА ЖАҚЫНЫРАҚ
Шетелдік инвесторлардың ниетін тендерлік комиссияға тәуелді емес дипломаттар анағұрлым еркін жеткізді.
Мәселен, Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігінің Каспий аймағының энергетика мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ангус МИЛЛЕР Еуропа үшін Жерорта мен Таяу Шығыстағы мұнай-газ кеніштерін дамыту үлкен маңызға ие боп отырғанын айтты. Бұл жерде де Қазақстанның бәсекелестері болуы мүмкін екен:
– Теңізге шыға алмайтын Қазақстан дәстүрлі және дәстүрлі емес көздерді игеруде жаңа бәсекелестікке тап болады. Бұл тұрғыда Қазақстанға шығысқа бет бұрып, қытай нарығының өскелең мүмкіндігін іздеп, пайдалану қажет шығар.
Кеңесші, басқа еуропалық әріптестері секілді жобадағы қазақстандық құрам үлесінің көбеюі салдарынан инвестициялық климат нашар жағына өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан британдықтың «шығысқа бет бұруға» берген оғаш кеңесін Қытайға мүдделес болып отыр деп түсінбеу керек. «Өздеріңнің қазақстандық құрамдарыңмен қытайларға барыңдар, келісім-шартты бұзамыз деп қоқан-лоқы жасасаңдар да, бізге оны таңа алмайсыңдар» - міне, ол осыны айтқысы келген болуы мүмкін.
«БАТЫЛЫРАҚ РЕТТЕҢІЗДЕР»
Өз сөзінде Қазақстандағы Нидерланд елшісі Питер Ванн ЛЮВЕН жаңаөзендік оқиғадан сабақ алуға кеңес берді:
– Біз де Қазақстан секілді Қашағаннан коммерциялық мұнай өндіруді тағатсыздана күтіп жүрміз. Шамасы, бұл биылғы жылдың аяғында басталатын шығар, - деді ол. – Біздің бағалауларымыз бойынша дүние жүзіндегі саяси ахуалды ескерсек, мұнай бағасы жоғары боп қалады. Батыс Қазақстан ел бюджетіне түсетін негізгі салық көзі боп қалмақ. Бұл тұрғыда әл-ауқатты бөлу, пайда ағымын пайдалану және бақылау мәселесі маңызға ие болады. Жаңаөзен қаласындағы оқиғадан белгілі бір сабақ алған жөн. Өкінішке орай, бүгін біз корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін өте төмен түсінетінін көріп отырмыз. Үкімет осы компания жұмыс істейтін аймақтарда тұратын адамдардың өмір сүру жағдайларына қатысты кәсіпорындардың іс-әрекетін реттеуі тиіс деп ойлаймын.
Сондай-ақ, елші Қазақстанның іскер ортаның болжамды және келісім-шарттың дербес құқықты екендігіне, атап айтқанда экономиканы әртараптандыру процесіне көп назар аударғаны жөн дегенді қосып айтты.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА