Атырау, 24 қараша 07:26
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Уәде құны 5 млрд

2 207 просмотра

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының бас директоры Алик АЙДАРБАЕВ Байшонаста болды

Сәуірдің  4-і күні Мақат ауданындағы Байшонасқа (өткен сандардан оқыңыз: “Депутаттық дабыл”, “Байшонас бұрқ етті”, “Шыдамның шегі”) көптен күткен «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру»  компаниясының аса  жоғары шенді десанты  келді.

 Расын айту керек «ҚМГ» БӨ» компаниясының бас директоры Алик АЙДАРБАЕВТЫ   байшонастықтар  жылы қарсы алды. Алайда ауылдың ескі мектебінде өткен кездесуде компанияның басшысы Байшонастың қашан көшетінін нақты айта алған жоқ. Оның айтуынша, бұл бірден шешілетін мәселе емес. Оны алда болатын акционерлер кеңесінде талқыға салып, ауылды көшірудің қажеттілігін дәлелдеуім керек деген уәж айтты.

-Мен мұнда жағдайды өз көзіммен көру үшін келіп отырмын. Ауылдың тозған кейпін дәлел ретінде суретке  түсірту  үшін фотограф та алып келдім. Бірақ біздің компанияның 40 пайызы шетелдік инвесторлар қолында екенін білесіздер ғой, - деді ол. -  Көзіммен көргенімді дәйекті түрде айтып, оларды көндіре алуым керек.

Айдарбаев мырзаның қа-сында жүрген компания менеджерлерінің бірінің сөзіне сүйенсек,  Байшонасқа кететін шығынның сметасы жасалып та қойыпты.  Оған шамамен 5 миллиард теңгеден аса  ақша жұмсалмақ.

-Адам басына тұрғын үй  жайлы заңда ескерілгендей 18 шаршы метрден есептеп отырмыз. Қаржы шаршы метр  құны соңғы үкіметтік  өзгеріс-ке сәйкес 112 500 теңгеден деген бағаға сай есептеліп отыр. Компания оны бөлер-ау, бірақ ол өз орынымен жұмсалса..,- деп екіұштылау  түсінік берді.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ «АЖ» тілшісіне  «біз бюджеттен инфрақұрылымын салып береміз, газ, жарық жүргіземіз» деп қысқа қайырды.

Бірақ облыс әкімінің орынбасары тіпті  шамамен байшонастықтардың  қаланың қай ауданынан қоныс тебуі мүмкін екендігі туралы да  ештеңе  демеді.

-Байшонас, Ескене елді мекендерін көшіру туралы облыс әкімі тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, барлық құжаттары дайындалу үстінде. Қаржы мәселесі шешілсе  біз сіздерді  Атырауға көшіруге дайынбыз,-деумен шектелді.

Ал жиынға келген байшонастықтар мәселені төтесінен қойды.

- Біз жағдайымызды айтып шаршадық. Бізді көшіруді, оның өзінде тек Атырау қаласына көшіруді талап етеміз. Себебі, ауылдағы адамдардың  балаларының көбі жергілікті  мұнай-газ басқармасына жұмысқа кіре алмағандықтан, қаладан  тентіреп жүріп жұмыс істейді. Олар пәтер жалдап тұрады. Табыстары тек соған кетеді,-деді ауыл адамдары бір ауыздан.  

Еске сала кетсек, қысы-жазы су мен жолдың, газ бен ауыр тұрмыстың  азабын әбден тартқан  байшонастықтардың өздерін көшіруді  сұрап дабыл қаққанына 8 жыл болды. Наурыздың  14-інде әбден шаршаған халық тіпті  жергілікті әкімшілік алдына  жиналып наразылық акциясын да өткізген еді.

Аудандық мәслихат депутаты, мұнайшы Жандарбек ЕРМҰХАНОВТЫҢ  айтуынша, ауылдағы үйлердің басы 1922 жылы, соңы 1960 жылдары салынған.

-Ескі клуб, аурухана жабылғалы 15 жыл өтті. 1993 жылы мұнайшылар күшімен салынған моншаның есігі де тарс жабық. Доссорға дейінгі 37 шақырымның  17-сі 1991 жылы  асфальттанған еді. Қалған 20 шақырымын келесі жылы салынады деп жүргенде 20 жыл өтті, алдыңғы асфальттан із де жоқ,- деп тізбеледі мұнайшы.

Ауыл тұрғыны Сәуле БЕКІШЕВАНЫҢайтуынша, көшеді деген әңгіме жергілікті билікке жақсы желеу болған.  Мақат ауданының әкімі тіпті тазалыққа қарауды қойған. 

- Қаңтардан бері  қоқыс үшін үзбей ақы төлеп келеміз. Тым құрымаса  ауыл неге тазаланбайды қоқыстан?  Ата-анамыз еңбегі сіңген мұнайшылар болса да қазіргі  мұнай компаниясының маңына жолай алмаймыз, неге?  «Доссормұнайгаз» басқармасына жұмысқа неге  қарапайым адамдар кіре алмайды?- деді жұмыссыз әйел.

Сонымен, байшонастықтар қайтадан өздерінің ескі лашықтарына тарқасты. Бірақ олардың бәрінің жүзінде  қуаныш лебі тұрды.  Өйткені сең қозғалды.  Билік пен мұнай компаниясының  басшылары бері қарай бастады десті олар.

 Байшонас, Ескене елді мекендерін тарату туралы Атырау облыстық мәслихатының шешімі 2011 жылы 19 желтоқсанда қабылданған.

Байшонаста 2042 адам, 516 отбасы тұрады.  Ал Ескенеде  66  түтін бар.

Айтпақшы, осы Ескенеде “Болашақ” кешенді мұнай және газ дайындау қондырғысы құрылысын қарқынды  жүргізіп жатқан Аджип ККО көшіруге неге  үлес қоспайды? Әлде бұл туралы  билік олардан талап етуге қорқа ма? Түсініксіз.

 Сәния ТОЙКЕН,

суретті түсірген автор.

11 сәуір 2012, 16:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.