Атырау, 24 қараша 07:42
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бұйрықтың қауқары үш астанаға ғана жетті

1 870 просмотра

25 наурызда республикалық табиғи монополияларды реттеу агенттігі мұнай өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағаларын белгілеу ережесін қолданысқа енгізді. Осылайша, мемлекет отын нарығындағы бағаға ықпал ету құқығын нығайтты.

Агенттіктің баспасөз релизінде айтылғандай, шекті бағаларды бекіту кезінде «мұнайға дүниежүзілік баға белгілеу, еліміздің отын нарығына ресейлік ықпал ету факторы және мұнай өнімдерінің бағасына қатысты қазақстандық ерекшелік» ескерілетін болады. Бағалар кестесін мұнай және газ министрлігі жасақтап, ай сайын агенттікке ұсынып отырады.

Мұнай және газ министрлігінің баспасөз хатшысы Абзал НҰРҚАСИМОВТЫҢ айтуынша, айрықша ештеңе болмаған. Үкімет мұнай өнімдерінің шекті бағасын ереже бекітілгенге дейін бекіткен, қазір бұл процесс тек заңдастырылыпты.

6 сәуірде табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің төрағасы Марат ОСПАНОВ мұнай өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағаларын бекіту туралы бұйрыққа қол қойды.

Шекті бағалар мынадай (қосылған құн салығы есебімен): Аи-80 – литрі 91 теңге, Аи-92 – литрі 112 теңге, дизель отыны – литрі 95 теңге. Естеріңізге салсақ, сол мұнай өнімдерінің бұрынғы шекті бағалары өткен жаздан бері өзгерген жоқ, тиісінше бір литрі 86, 106 және 90 теңге құрады.

Ал отын компаниялары мұнай өнімдерінің нарығын мемлекеттік реттеу туралы не ойлайды? Біз «Гелиос» компаниясының маркетинг және сату блогының бөлім бастығы Анна ШИБАНОВАДАН бірнеше сұрақтарға жауап беруді өтінген едік.

- Жанар-жағармайдың шекті бағаларын белгілеуге қалай қарайсыз?

- Жанар-жағармайдың шекті бөлшек бағаларын реттеу практикасы нарыққа қатысушылардың мүдделеріне сай келмейді. Ақылға сыймайтын ахуал қалыптасқан кезде, біз мұны өз басымыздан өткеріп көрдік. Бізге сатып алу бағасынан төмен  баға бойынша отынның реттелетін түрін сатуға тура келді. Мұндай тәжірибенің неге әкеп соққанын көріп отырмыз – жанар-жағармай бекеттерінің көпшілігі жабылуға мәжбүр болды. Нарықта сапасы нашар отын көлемі көбейді, үнемі тапшылық туындайды, тұтынушылар мұнай өнімдерін еркін сатып ала алмайды.

«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес, ҚР Мұнай және газ министрлігі бізге ҚР Үкіметі бекіткен бөлшек бағадан 87 пайыз деңгейіндегі баға бойынша бөлінген көлемдер алуға мүмкіндік береді. 13 пайыз баға дәлізі бізге кәсіпкерлік қызметті зиянсыз жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Мұнай өнімдерінің құнындағы біздің шығындарымыз мынадай: көлік-экспедиторлық қызметтер – 3,5%, мұнай базасынан қабылдау-сақтау-босату – 2,8%, несиелер бойынша пайыздар – 0,5%, жанар-жағармай стансаларының операциялық шығындары – 10,8%, жанар-жағармай стансаларынан мұнай өнімдерін өткізу акцизі – 0,3%, есепке алынатын және есептелген қосылған құн салығының арасындағы айырмашылық – 1,4%. Сонда шығынсыз қызмет үшін баға дәлізі 19,3 пайыз болуы тиіс болып шығады.

- Ал Қазақстан бойынша ахуал қандай? Отын компаниялары агенттік қаулысын орындап жатыр ма?

- Астанада, Алматыда, Атырауда шекті бағаны бүкіл жанар-жағармай стансаларының бүкіл тораптары ұстанады. Ал Ақтауда, Таразда, Қызылордада, Қарағандыда, Көкшетауда, Семейде, Өскеменде, Оралда шекті баға сақталмайды, отын бағасы бекітілген деңгейден едәуір жоғары.

- Қазақстандық нарық ресейлік жанар-жағармай жеткізілімімен қалай байланыста болады?

- Қазақстан маусымға байланысты Ресейден әкелінетін жоғары октанды бензиннің есебінен ішкі қажеттілігін 30-40 пайызға жабады. Қазіргі уақытта Қазақстан нарығы ресейлік жеткізушілер үшін қызығарлық емес. Өйткені бұл жердегі баға Ресейге қарағанда 20-30 пайызға төмен. Сондықтан жоғары октанды бензиннің жетіспейтін көлемдері нашар отынмен жабылады. Ал ол қоршаған ортаға залал келтіреді және көліктер үшін зиянды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 сәуір 2012, 16:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.