Атырау, 24 қараша 06:25
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Мен де мұрагермін»

2 109 просмотра

Қалалық сотта өзгеше іс қаралды: әкелігін анықтау фактісі ықтимал әкесі қайтыс болғаннан кейін жүргізілді. Ал баланың жасы бұл кезде 25-ке толған еді. Сот құжаттық дәлелсіз, куәгерлік жауаптардың негізінде оны марқұмның заңды ұлы деп таныды. Алайда, марқұмның жесірі мұнымен келіспеді...

 

МҰРАҒА КЕЗЕККЕ ТҰРДЫ

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Наталья Георгиевна (барлық есімдер өзгертілді) мұралық істі рәсімдеуге асықпады. Ол мұны тек жарты жылдан кейін ғана жасау керек деп естіген-тұғын. Оның үстіне кішкентай бір бөлмелі пәтерді бөлісетін ешкімі де жоқ еді. Бір шаңырақ астында өмір сүрген жиырма жыл ішінде олар ақыры бала сүйе алмады. Ал бірінші некеден туған қызы бөлек тұратын. Нотариусқа барған кезде өзіне дейін марқұм күйеуінің қарындасы келіп, мұраны өзіне рәсімдеп алғысы келгенін білген кезде қатты таң қалды. Нотариус оған бірінші кезекте ата-анасы, балалары мен жұбайы мұраға ие болатынын түсін-дірген. Алайда қайынсіңлісінің көңілі жайланбай, нотариусқа өзін марқұмның ұлымын деп таныстырған жас жігітті ертіп келеді. Туыс екендіктерін растайтын ешқандай құжаттарын көрсете алмаған, әкесінің аты да, фамилиясы да мүлдем басқа еді. Нотариус алдымен туыс екендіктерін сотта дәлелдеп, содан кейін ғана мұралыққа үміткер бола алатындығын айтып, кеңес берген. Сол кезде Наталья Георгиевна қайынсіңлісінің ағасының қайтыс болғандығы туралы куәлікті уақытша бере тұруын әлденеше рет табандап сұрағанын, бірақ не үшін қажет екендігін жарытып түсіндіре алмағанын есіне түсірді.

 

ӘКЕЛІГІНЕ КУӘГЕРЛЕР

Сол кезде сот материалдарына сәйкес, жас жігіт Костя ГОЦМАН сотқа әкелік фактісін анықтау туралы арыз береді. Онда 1984-1986 жылдары оның анасы мен марқұм Василий БАНЩИКОВ азаматтық некеде болғанын, содан кейін олардың ұлдары Костяның дүниеге келгенін растаған. Ата-анасының некесі тіркелмегендіктен, туу туралы куәлікте анасының фамилиясы көрсетіліпті. Рас, содан кейін ол азаматтық әйелін тастап кеткен. Бірақ кешікпей қайтадан қарым-қатынастарын қалпына келтіріп, жігіттің айтуынша, тірі кезінде оны ұлым деп танып, тіпті туыс екенін ресми түрде рәсімдегісі келген, бірақ көп ұзамай оның әкесінің өзі қайтыс болыпты.

– Костя – Василийдің ұлы, – деп растайды Костяның анасы Инна ГОЦМАН.– Оның жұбайы да күйеуінің баласы бар екендігін білді. Мен Костяның әкесімен бірге тұрғым келмеді. Жалғызбасты ана ретінде жәрдемақы алдым. Өзім табыс таптым, оның көмегіне зәру болған емеспін. Ұлым әкесі тірі кезінде одан еш көмек алған жоқ, ең болмағанда ол өлгеннен кейін өзіне тиесілі мұраны алсын...

Атырау қалалық соты арыз беруші Костя Гоцманның түсініктемесінің және оның анасының, олардың көршілерінің, сондай-ақ, марқұмның қарындасы мен тәтейінің куәлік жауаптарының негізінде әкелік фактісі расталды деп есептеп, 2012 жылдың 17 қаңтарында тиесілі шешім шығарды. Сот оның өзі мұраға үміткер деп, Наталья Георгиевнаның жауабына сын көзбен қарады.

 

ӨСИЕТ ХАТ ҚАЛДЫРМАСА – ДЕМЕК…

– Наталья Георгиевнаның өзі мұраға үміткер деген не сөз? Шындығында ол бірден-бір мұрагер, ол өзінің заңды құқығын қорғап отыр. Ал үміткер ретінде жас жігіт шағымданып отыр, - деп есептейді оның қорғаушысы адвокат Татьяна СУТЯГИНА.

Оның пікірінше, куәгерлер – жас жігіттің анасы, бастапқыда пәтерді өзіне рәсімдеп алғысы келген қайынсіңлісі және тәтейі бұл жағдайда мүдделі тұлғалар боп табылады. Ал егер марқұм кімде-кімді заңды баласы деп танығысы келсе, онда оны тірі кезінде жасар еді. 2003 жылы ол тубдиспансерде есепте тұрған, 2011 жылы өкпесінің ыдырау кезеңі басталыпты. Бұл туралы тубдиспансердің анықтамаларында жазылған. Яғни, ол өз денсаулығы туралы көптен біледі және қажет болған жағдайда мұрагер деп тану туралы шаралар алған болар еді.

 

ХАТ ТА, ФОТОСУРЕТ ТЕ ЖОҚ

2 наурызда Атырау қаласы прокурорының міндетін атқарушы Асет Бекназаров қалалық соттың шешіміне өз қорытындысын шығарды. Прокурордың пікірінше, жас жігіттің сөзі расталмаған, атап айтқанда, үй кітабы жоқ, ортақ шаруашылық жүргізгендігі туралы мәліметтер болмаған. Тұлғаға өзінің әке екенін растайтын нақты фактілер - баланы өзінің баласы деп атаған оның хаттары, сауалнамалар (балабақшаға, мектепке), ашықхаттар, аудио және бейнежазбалар, фотосуреттер болуы мүмкін. Бұл дәлелдер іс материалдарында жоқ. Сот К. Гоцманның қойған талаптарын қанағаттандырып, негізінен арыз берушінің түсініктемесін басшылыққа алып, ол ұсынған куәгерлерге сауал қоюмен шектелген.

Үстіміздегі жылдың 6 наурызында Атырау облыстық сотының апелляциялық сот алқасы қалалық соттың 2012 жылғы 17 қаңтардағы шешімін бұзып, істі жаңа сот қарауына жолдады.

– Іске ақырғы нүкте әлі қойылған жоқ. Біз жаңа сот ісіне дайынбыз, - дейді К. Гоцманның адвокаты Гүлсім САБИРОВА.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 сәуір 2012, 19:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.