Атырау, 7 қазан 10:09
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Бұрынғы әкімнің құпия ісі – 2

5 063 просмотра

№2 Атырау қалалық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің «Өзінше билік ету» деп аталатын 327-бабының 3-тармағы бойынша айыпталған екі ауданның және Атырау қаласының бұрынғы әкімі, кейін облыс әкімінің орынбасары болған, ал қазір Аджип ККО-дағы қазақстандық өкілдіктің қызметкері С. НАҚПАЕВТЫҢ ісі (өткен нөмірді қараңыз) бойынша сот отырысы аяқталды. Ресми түрде процесс жабық деп жарияланбаса да, сот отырысына журналистер жіберілген жоқ.

ҰШПАЙ-АҚ, АҚШАНЫ ТАБЫС ЕТКЕН БЕ?

Осынау қылмыстық істің хикаясы, енді ғана белгілі болып  жатқандай, өткен жылдың қарашасында басталған екен. Алматыдан шақырылған Нақпаевтың адвокаты Шамет ЖАЙЛАУБАЙ оның мән-жайын былай деп түсіндіреді:

Полицияның бұрынғы қызметкері Нұрбол ӨТЕНОВ өз арызында 2010 жылы Сәлімжан Нақпаев пен оның көмекшісі (Нақпаев Атырау қ. әкімі боп тұрған кездегі – С.Т.) Қалибек ХАЙРУЛЛИН ол арқылы Астана қаласында тұратын ІІМ қызметкері Дулат ӘМІРХАНОВҚА 600 000 доллар беріп жібергенін көрсетіпті. 3 айдан кейін «ақша адресатқа толықтай жетпеген» деген желеумен Нақпаевтың «тапсырмасы бойынша» әлдебір адамдар Өтеновті тауып алып, одан кейбір құнды заттарын тартып алыпты. Өтеновтің арызы облыстық прокуратура мен ІІД-де қаралып, 2011 жылдың 3 қарашасында Нақпаев пен «басқа анықталмаған тұлғаларға» қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оларға адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған, яғни 327-баптың 3-тармағы бойынша екi жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатын әрекет жасады деп айып тағылды.

Адвокаттың сөзі мен сот материалдары бойынша ақша алушы Д. Әмірхановтың өзі жауап алу кезінде өзінің Нақпаевпен таныстығын жоққа шығарып, онымен ешқашан байланыста болмағанын мәлімдепті.

– Бұдан басқа,біздің сауалымызға берген «Эйр Астана» басшысы Питер ФОСТЕРДІҢ жауабынан белгілі болғандай, жапа шегуші Өтенов 2010 жылдың 10 тамызында Астанаға ұшпаған, - дейді адвокат. – Сондай-ақ, тергеу барысында Өтенов ІІД басшылығы мен облыс прокурорынан Нақпаевқа ешқандай талап қоймайтынын, арызын қайтаруды екі мәрте өтінген. Алайда оған әр барған сайын құқық қорғау органдарына жаңа арыз жазуға мәжбүрлеген.

Қылмыстық іс қозғау туралы қаулыны алған С. Нақпаев сотқа шағымдануды ұйғарыпты. №2 Атырау қалалық соты Нақпаевқа қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы өкім шығарған. Кейін Атырау прокурорының наразылығы бойынша іс апелляциялық алқада қайта қаралады. Алайда облыстық сот қалалық соттың шешімін күшінде қалдырып, прокурордың наразылығын қабыл алмапты.

 

ЕКІНШІ АЙНАЛЫМДА

– Апелляциялық алқаның шешімі заңды күшіне енгеннен кейін тергеуші, заң бойынша, қылмыстық істі тоқтатуға міндетті еді, - дейді адвокат. – Алайда 2012 жылдың 10 ақпанында Нақпаевқа қатысты сол негізде, ҚР ҚК 327-бабының 3-тармағы бойынша қайтадан қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің қайта қозғалғандығы туралы қаулымен менің қорғалушымды 14 ақпанда кешкі сағат 20-дан кейін таныстырды. Ал келесі күні іс облыстық прокуратураға жіберіліп, 16 ақпанда сотқа жолданды. Біз тіпті ІІД-не арыз бен өтініш дайындап үлгермей қалдық.

Қысқаша айтқанда, С. Нақпаевты қорғау ұстанымы мен дәйектері осындай.

Мен осы істі әуел бастан жүргізіп келе жатқан Атырау облыстық ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхтар БЕКТҰРҒАНОВПЕН кездесіп, қылмыстық істі қайта қозғау заңды ма деген бір ғана сұрақ қойдым.

– Сот шешімі заңды күшіне енсін, содан соң бұл заңды ма, жоқ па, шешетін боламыз, содан кейін сіздің сұрақтарыңыздың барлығына жауап беремін, - деді ол кездескен кезде, осы іс бойынша әзірге толық комментарий беруден бас тартып.

 

ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ

Адвокат Ш. Жайлаубай маған Қазақстан президентінің атына ІІД бастығы мен облыс прокурорының әрекетіне шағымданып жазған Сәлімжан Нақпаевтың хатының көшірмесін көрсетті. Оның үстіне, ол Назарбаевқа оны «соттап, содан кейін, менің сенімді дереккөздерімнен алған барлық мәліметтерім бойынша, қоғамнан оқшаулатып, мүлде  жоқ қылғысы келеді» деп  жазған.

Президентке жазған өз хатында бұрынғы шенеунік арыз иесі Н. Өтеновті жағымсыз сипатта көрсететін кейбір фактілер туралы жазады. Бұдан басқа, Нақпаев ол әлденеше рет «барлық құқық қорғау органдарының басшыларына, халық қалаулыларына, Қауіпсіздік кеңесіне хабарластым, алайда аталмыш лауазымды тұлғалардың бірде-бірінен тиісті реакция болған жоқ, халық қалаулыларынан да жауап жоқ» деп шағымданған.

 

ҮКІМДІ КҮТІҢДЕР!

30 наурызда Нақпаевтың ісі бойынша соңғы сот отырысы болып өтті. Судья Айгүл ҚАЛИМҰҚАШЕВА «АЖ» тілшісіне сотқа қатысуға рұқсат етпеді.

– Біз Жоғарғы соттан жаңа нұсқаулық алдық, енді журналистер екі жақтың дауына қатыспайтын болады. Біз оларды тек үкімді жариялауға ғана шақырамыз, - деп түсіндірді облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВ.

Сонда, енді еліміздегі барлық сот процестері жабық бола ма? Дәлізде сот отырысының бітуін күтіп отырғанымда, Нақпаевтың ісі сот процесінің апта сайынғы кестесіне де енгізілмегендігі таңқалдырды.

 

МЕТЕОРОЛОГИЯ БАҒЫТЫ

– Неліктен Сәлімжан Нақпаевты шекарадан ұстап алды? Ол шынымен де елден кеткісі келді ме? Егер сіз растап отырғандай, ол адам кінәлі болмаса, неден қорқады? – деп сұрадым мен алматылық адвокаттан.

– Жаза мен заңсыздықтан қорықты. Өз өмірін басқаша қалай құтқарар еді? Ол кетуге мәжбүр болды. Егер ол іс жүзінде кінәлі болса, оны өткен 5 ай бойына неге қамауға алмады?

– Сонда оның жазасын кім бергісі кеп жүр?

– Мұны сізге ешкім де айта алмайды, бірақ желдің қайдан соғып тұрғанын бәрі іштей сезеді.

Заңгерлер өз тәжірибелерінде әдетте метафораларды пайдаланбайды. Алайда адвокаттар сөз оралымдарын таңдауда анағұрлым еркін. Қалалық сот пен облыстық соттың апелляциялық алқасының шешімдеріне қарағанда, 2011 жылдың қарашасында жел бір  жақтан соққан. Ал 2012 жылдың ақпанында кенеттен  бағытын мүлде қарама-қарсы жаққа өзгертіпті.

 

ТҰМАН ЫДЫРАҒАН ЖОҚ

2 сәуірде №2 қалалық сот (судья Айгүл Қалимұқашева) Сәлімжан Нақпаевты ҚР ҚК-нің 327-бабының «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған, не ауыр зардаптарға әкеп соққан өзiнше билiк ету» деген 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, жалпы режимдегі колонияда 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Оның бұрынғы көмекшісі Қалибек Хайруллин сол бап бойынша 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Тергеу барысында топтағы басқа қатысушылардың жеке бастары ақыры анықталған жоқ.

Үкімді жариялау кезінде судья жапа шегуші Нұрбол Өтеновтен алынған заттай айғақтардың тізімін: қолхаттар, оның жауаптары жазылған бейнекассета, ұялы телефон бойынша кейбір әңгімелердің жазбаларын санамалап шықты, олар іс материалдарында сақталады.

Бір қызығы, сөз соңында судья: «20 мың АҚШ доллары Н. Өтеновте қалдырылсын» деді. Осымен сот отырысы тәмамдалды. Алайда экс әкімнің ісі айқын бола түсудің орнына одан сайын бұлыңғырланып бара жатқанға ұқсайды. Сот баспасөзді осы істің желісімен таныстырмады. Біз тағы да толық, айқын ақпарат ала алмадық. Мәселен, қандай 20 мың доллар туралы әңгіме болып отырғаны және оның неліктен Өтеновке берілуі тиіс екендігі туралы сауалдар жауапсыз қалды. Нақпаевтың адвокаттары да «АЖ» тілшісіне тек өздерінің қорғалушыларын жұртшылық алдында ақтайтын істің детальдарын ғана әңгімелеп, көп нәрсені бүгіп отырған шығар.

Судьяның хабарлауынша, айыпталушы тарап сот шешімін тек 5 күн өткеннен кейін ғана ала алады. Әлбетте, Нақпаевтың адвокаттары одан әрі шағымданбақ.

Сәния ТОЙКЕН

4 сәуір 2012, 18:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.