Атырау, 24 қараша 06:44
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бау баптаған бағбандар өз тәжірибелерімен бөліседі

36 919 просмотра

Қаланы көгалдандыру жөніндегі ірі жобалардың барлығы сәтсіздікке ұшыраған кезде, Исмағолла НҰҒМАНОВ пен жұбайы Айғаным (суретте) іс жүзінде қаламызды бау-бақшаға айналдыруға болатынын дәлелдеп берді. Қала болмаса да, өз аулаңды немесе терезе түбіндегі учаскеңді гүлдендіруге әбден болады екен.

– Он жерден «Зеленстрой» құрылса да, өзіміз отырғыза бастамасақ, қаламыз жасыл-желекке айналмайды, - дейді Исмағолла аға.

Өткен жылы үздік жасыл аула байқауында бірінші орынды иемденген ерлі-зайыптылардың көз жауын алған бау-бақшасы туралы газетіміз жазған болатын. Бұл жолы олардан тәжірибелік кеңестерімен бөлісулерін өтіндік. Өйткені, ағаш отырғызатын уақыт келіп те қалды.

 

ҚЫЛҚАН ЖАПЫРАҚТЫЛАР МАСАҒА ЖАУ

– Бұл істі жаңадан қолға алушылар үшін тек әдемі боп қана қоймай, пайдалы болу үшін нені және қайда отырғызу керектігі басты проблема болып отыр.

– Ағаш отырғызбас бұрын адам оны не үшін отырғызғысы келетінін түсінуі тиіс. Біз алдымен өз немерелеріміз туралы ойладық. Үйге жақын, терезе түбіне микробтарды жойып, ауаны тазартатын ағаштар отырғызған жақсы. Біз арша, боз арша мен жұпаргүл отырғыздық. Жазда желкөзді ашамыз да, таза ауамен тыныстаймыз. Содан соң қылқан жапырақтылар шыбындар мен масаларды үркітеді. Немерем жаз бойына бесік арбада боз аршаның түбінде жайбарақат ұйықтайтын еді.

– Біздің климатымызға қылқан жапырақтылар қиындықпен жерсіне ме?

- Егер шырша, қарағай туралы айтар болсақ, олар өте қиын өседі. Қылқан жапырақтылардан бізге арша лайықты. Дегенмен, аршаның машақаты көп. Оларды бес жыл отырғызып, өсіре алмадық. Бойларында өз топырақтары бар көшеттерді алуға тырыстық. Қылқан жапырақтыларға арналған арнайы тыңайтқыштарды сатып алдық. Дайын «тірі топырақ» қостық, өзіміздің топырақпен араластырдық, осындай «қоспалар» нәтиже берді.

Содан соң оны қандай адам отырғызғаны да маңызды. Оларға ықылас, көңіл аудару керек. Отағасы күнде таңертеңгісін келіп, олармен әңгімелесіп, сипап, өсуге талпындырып, кешкісін суарып жүрді. Содан кейін бірі бой алып кетті, кейін оған басқалары да қосылды.

Қылқан жапырақтылардан біздің климатымыз үшін ең жақсылары – шетен, терек, үйеңкі ағаштары. Олар күй талғамайды және тез өседі. Қарағаш та солай. Бірақ мен қарағашты аулаға отырғызуға кеңес бермеймін. Ол жері шамалы болса да қаулап өсетін арамшөп секілді қаптап кетеді.

- Қала тұрғындарының көпшілігінің терек мамығына аллергиясы бар ғой...

– Теректің мамықтанбайтын түрін таңдау керек. Меніңше, міндетті түрде терек болуы тиіс. Оны өнеркәсіптік аймаққа не үшін отырғызады деп ойлайсыз? Ол ауыр металдарды жұтып алады. Атыраудың ауасы ластанғанын ескерсек, бізге терек өте қажет. Жапырақты ағаштардың барлығын ауланың периметрі бойынша отырғыздық.

– Ал үйеңкіге қатысты отағасы екеуміз үнемі дауласамыз. Иә, ол тез өседі, бірақ тез көбейеді, өсінділері қаулап кетеді. Оны үнемі отап отыру керек. Аула ішіне жеміс ағаштарын отырғызуға болады. Мәселен, бізде тіпті жаңғақ та бар. Оған жеті жыл болды. Рас, әр қыс сайын тоңып қалмас үшін оны «киіндіреміз». Алма ағашынан лимонка (бірақ оларды құрт жейді), петровские деген түрлерін таңдауға болады. Жүзімнің шарап жасайтын түрін өсіреміз. Бірақ біз шарап үшін емес, оны тірі ағаш шарбақ ретінде пайдаланамыз (көлеңкелі саяжол 12 сотық көлемдегі бүкіл аула арқылы өтеді – С.Т.). Саяжолда балалар велосипед теуіп жүреді. Бізде шетен, долана өседі. Долананың нәрсуы жүйке жүйесі үшін өте жақсы.

 

ГАЗОН – БАЛАЛАР ОЙЫНЫНА АРНАЛҒАН

– Газонның қандай тұқымын қолдандыңыздар, шөп қалай жерсінуде?

– Біз газонның «спорттық» сұрыпын қолдандық. Оның тұқымы біздің климатымызға анағұрлым төзімді. Біздің газонымыз құмсалғыш, баскетбол шеңбері, шведтік дуалдар мен әткеншектері бар балалардың спорттық алаңына төселген.

– Ал бұл менің ойлап тапқаным, - дейді Исмағолла аға, көгалға айналдыра отырғызылған жас ағаштарды көрсетіп. – Бұлар киіз үйдің пошымын қайталайды. Бұл жерде ағаштардың түрі бар: қызылтал, тал, катальпа, айленд, ақүйеңкі. Мен ұшар бастарын біріктіргім келеді, ішінде балалар күннен қорғанып, ойнай алатын болады.

– Газонның топырағын қалай дайындауға болады?

– Учаскені толықтай қоқыстан, ең алдымен, ағаш тамырларынан тазарту керек. Содан кейін бесжылдық көңмен тыңайтып, қайта қопсытып, тегістеген абзал. Тырмауышпен атыздар жасап, тұқымдарды шашып тастау қажет. Әрине, дайындық жұмыстарын күзде жасаған жақсы.

Ал газонды отырғызар алдында суару жүйесін ойластырған жөн. Бізде 50 метрдей жерде саяжайымыз бар. Сол жерден тұрба тарттық, суды Жайықтан тартып аламыз.

Газонды көктем мен күзде тыңайту керек. Оған арналған арнайы құралдар бар, олар түйіршіктермен сатылады.

 

РАУШАН ДА ЖЕРСІНЕДІ

– Гүлдердің бізде 20 шақты түрі бар. Олар әдемі, бірақ көп күтімді қажет етеді. Сондықтан мен үнемі көпжылдық түрлерін таңдаймын. Бізде беседка мен саяжолдың жанында бірнеше «раушан» алаңқайы бар. Жұпаргүлдер өсіп тұр, сарыгүлдер күй таңдамайды, ол топырақты құнарландырады, дәстүргүлдер – тез көбейеді, түрік қалампыры да күй талғамайды.

 

КӨШЕТТЕРДІ ТАҢДАЙМЫЗ

– Көшеттерді қалай таңдау керек?

– Көшеттерді сатып алу кезінде олар тірі ме, жоқ па, қарау қажет. Шыбығы жасылдау, бүршіктері быртық болуы керек. Ең бастысы – тамыр жүйесі жақсы болуы тиіс. Тамырымен бірге топырағы болған жөн. Көшеттерді отырғызу кезінде химиялық тыңайтқыштарды қоспау керек. Олар тамырды күйдіріп тастайды. Көңді (үшжылдық, бесжылдық түрін) немесе қара топырақты қолданған жақсы. Біз химияны мүлдем пайдаланбаймыз.

 

ТОПЫРАҚТЫ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК?

– Біздің Атыраудың жері ауыр, тұзды. Біз жаңадан отырғыза бастағанда, ауладағы топырақ іргетас үшін пайдаланылды. Біз ұсақталған бақалшықты, құмды, жоңқаларды, көңді әкеліп, бәрін араластырамыз, қопсытамыз. Жерасты сулары тайыз орналасқандарға құмды немесе ұлутасты көбірек пайдалануға кеңес береміз.

 

ОТЫРҒЫЗУ УАҚЫТЫ

– Қазір аулада жұмыс көп. Бірақ отағасы екеуміз жұмысты бөліп алғанбыз. Шырын жүрудің алдын алу үшін кесу жұмыстарын бастап кеттік. Мен бұталарды кесем, отағасы ағаштарды кеседі, өйткені ол жерге ер адамның күші қажет.

– Қай уақытта отырғыза бастау керек?

– Бір аптадан кейін, сәуірдің басында. Біз «мектептердегі» көшеттерді отырғыза бастаймыз. Алғашқы жылы өте жас көшеттерді қалың етіп бір қатарға отырғызамыз. Бұл да өзіндік жерге бейімделу кезеңі. Бір жылдан кейін олар біздің жерімізге жерсінеді де, біз оларды алдын ала жоспарланған жерге қайта отырғызамыз. 

ЖИДЕДЕН БАСТАУ КЕРЕК 

«Экостройстандарт» ЖШС тәлімбағының директоры Берікбай ӨМІРОВ әуесқойларғаісті жергілікті ағаштардан бастаған жөн деп есептейді.

– Атырауда ағаштардың экзотикалық түрлері сәнге айнала бастады. Сіз қандай кеңес берер едіңіз?

– Иә, қазір көпшілігі декоративтік түрлерін, мәселен, боз аршаны, самшитті, шыршаны отырғызуға тырысады. Бірақ олар біздің климатқа қиын жерсінеді. Әрине, өсіруге болады, бірақ  әуесқойлар үшін оңай емес. Содан соң бұл ағаштар табиғи дренажы бар жағалауда жақсы өседі. Немесе топырақты арнайы дайындау, көтеру керек, ТШО алдындағыдай тұғырын жасау қажет. Бұл кәсіби біліктілік пен көп шығынды қажет етеді.

Жаңадан қолға алушылар үшін біздің климатымызға бейімделген ағаштарды: қарағашты, жидені таңдау керек. Әрине, олардың сыртқы түрі қораш көрінгенмен, жақсы өседі. Шетенді отырғызуға болады, бірақ ол ұзақ өседі, алғашқы үш жылда ештеңе байқалмауы мүмкін. Үйеңкі еш қиындықсыз өседі. Жеміс ағаштарынан гүлдейтін сұрыптарды таңдауға кеңес беремін. Жабайы алма ағаштары күй талғамайды, жеміс бермейді, есесіне көктемде әдемі гүлдейді, шиелер де солай. Жеміс ағаштарының көшеттерін жергілікті саяжайшылардан сатып алған жөн.

– Көпшілігі астрахандық және оралдық көшеттерді мақтап жатады ғой…

– Кезінде оралдық көшеттерді Әлиев даңғылына екі рет отырғызды, шыққан жоқ. Оралдық көшеттер бізге кеш әкелінеді, оларда қыс ұзақ болады. Ал бізде бұл кезде күн жылып кетеді. Алайда кез келген өсімдікті еңбектеніп, дұрыс күтім жасап, өсіруге болады. Кейбіреулері, неліктен екені белгісіз, ағашқа күтім жасаудың қажеті жоқ, отырғызса жеткілікті деп есептейді. Ал оларға бөлме өсімдігі секілді күтім керек, әлсін әлі қоректендіріп, өңдеп отыру керек. Қалада бойлары үш метрге серейіп өскен, әрі қарай өспей, тырысып қалған ағаштар көп.

– Аулада газон өсіру жүзеге аса ма?

– Бізге адамдар көмек сұрап жиі келеді. Бірақ ең алдымен суару жүйесін көрсетуді сұраймын. Егер су жоқ болса, ағаш отырғызам деудің қажеті жоқ.

–  Жайық суына қолдары жете алмайтындар, су құбырынан ағатын суды суару үшін зиянды деп есептейді...

– Су құбырының суы зиян емес, ол қымбатқа түседі. Мұндай газонның сізге қаншаға шығатынын есептеу керек. Бүкіл қаланы суаратын су құбырын ағызып қоюға болар еді. Бұл қиын емес қой. Біз арқылы Қазақстан бойынша көлемі жағынан үшінші орын алатын өзен ағып жатыр. Бұл тұрғыда Ақтау бізден анағұрлым жақсы. Олардың сулары соншалықты қымбат болса да, азғана өсімдіктерінің өзі жақсы бапталған.

– Сіздерде көшеттер қанша тұрады және қайсысын таңдаған жөн?

– Көшеттердің бағасы биіктігіне байланысты болады. 30-50смболатын біржылдықтар  300 теңгеден бастап, ең биіктігі 2,2 метр болатын көшеттер – 1 200 теңге шамасында. Бірақ биіктері қиын жерсінеді, отырғызу үшін 1,5 метрден аспайтынын таңдаған дұрыс.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

4 сәуір 2012, 18:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.