Атырау, 20 сәуір 04:57
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Балаларды тіркеуге тиіс

2 310 просмотра

– Жұбайымыз екеуміздің төрт баламыз бар. Жарбосынов көшесіндегі үйде тұрамыз. Кенже екі қызымыздан басқамыз осы жерге тіркелгенбіз. Құзырлы органдар қыздарымызды - төрт жастағы Алтынгүл мен бір жарым жастағы Аружанды мекен-жайға тіркеуден бас тартып отыр. Оларды тіркеу үшін алдымен үйді менің атыма аудару керек, өйткені ол иесіз дейді. Бірақ бұрын әжемнің иелігінде болған осы үйде тұрып келе жатқаныма 20 жылдан асты. Қайтыс болардың алдында ол сол үйдің есебінен шыққаннан кейін бізді осы үйге есепке тіркеді. Әжеміз үйді ешкімге мұраға қалдырған жоқ, сондықтан бізді ауызша келісіммен тіркеді. Заң бойынша үйді өз атыма ауыстыра алмаймын.  Қыздарымды тіркеу үшін және үйді өз атыма рәсімдеу үшін не істеу керектігін білмей жүрмін.

Қанатбай МҰХАМБЕТОВ

Сұраққа «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ түсінік береді:

– Сұрақтан марқұм болған әжесінің өсиет қалдырмағаны байқалады. Бұл жағдайда заң бойынша мұраға қалдыру туралы нормалар қолданылуы тиіс. Қолданыстағы заңнамаларға, атап айтқанда ҚР Азаматтық Кодексінің 1061-бабына сәйкес, заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ, мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады.

Мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады (ҚР АК 1067-бабы). Мұра ашылғанға дейiн немесе мұра қалдырушымен бiр мезгiлде қайтыс болған заңды мұрагердiң үлесi ұсыну құқығы бойынша оның тиiстi ұрпақтарына, яғни, осы жағдайда арызданушыға, сондай-ақ, егер бар болса, басқа немерелеріне өтедi.

Осылайша, егер арызданушы қайтыс болған әжесінің бірден бір туысқаны боп табылса, онда оның аталмыш үйді мұра бойынша алуға және қандай да болмасын қиындықсыз қыздарын ол үйге тіркеуге толық құқығы бар.

Қалай болғанда да оның қыздарын мекен-жайға тіркеуден бас тартып отырған аталмыш өкілетті органдардың әрекеттеріне шағымдануына құқығы бар. Өйткені «Бала құқығы туралы» ҚР Заңының 25-бабының 1-тармағына сәйкес, бала өз ата-анасымен немесе басқа заңды өкілдерімен бірге тұруға құқылы.

28 наурыз 2012, 19:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.