Атырау, 5 қазан 14:03
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жұмысты теңіз жақтан күт

2 967 просмотра

Саша Денисовтің коллажыТаяуда өткен бос орындар жәрмеңкелері туралы жарияланымнан кейін редакцияға наразы болған қала тұрғыны хабарласты. Бірнеше ай бұрын ол жұмыссыз қалып, рекрутингтік фирмаларға түйіндемесін тапсырып тастаған екен. Ал таяуда оның ұялы телефонына 150 000 теңгеге жұмысқа орналастыру ұсынысымен осындай компаниялардың бірінен қоңырау шалыпты.

ТАҢЕРТЕҢ АҚША, КЕШКЕ ҚОҚАН-ЛОҚЫ

- Түрлі нөмірлерден қоңырау шалды. Бірден Қашағанда жұмыс істейтін бірнеше компанияны таңдауды ұсынды. Қажетті мамандыққа сай келу міндетті емес екен. Егер ақша берсем, ертеңгі күні теңізге жұмысқа жібермек. Барлық қажетті сертификаттар олардың өз қолдарында. Бірақ, бастысы ештеңеге кепілдік бермейді. Адам бірер ай жұмыс жасайды да, содан кейін қысқартуға ұшырайды. Немесе менің туысқанымның басында болған жағдай орын алады: ол осындай фирмаға 250 000 теңге төлеген. Ал оны екі күндік курстарға жіберіпті. Ол курсты аяқтады, бірақ оны жұмысқа алған жоқ. Ол осы фирмаға барған екен, ондағылар таң қалған. Ақшасын қайтарып алғысы келгенде қоқан-лоқылар жасапты. Егер осындай әдістер пайдаланатын болса, ол жерде жай адамдар отырған жоқ қой, - дейді наразы болған ер адам.

Біз сол адамға қоңырау шалған екі ұялы телефон нөмірлері бойынша фирма өкілдерімен байланысуға әрекет жасадық. Қоңыраулар барып жатты, бірақ ешкім тұтқаны көтермеді. Компанияның қалай аталатынын, өкінішке орай, ер адам білмеді. Содан кейін ол бізге қоңырау шалған жоқ. Сондықтан мұның не екенін – рекрутингтік компанияның немесе оның жекелеген қызметкерлерінің арамза әдістері ме, анықтау мүмкін болмады.

Жұмысқа орналасуға қатысты айла-шарғылар - Атыраудағы ең көп талқыланатын мәселелердің бірі. Менің сұхбаттасушыларымның бірінің айтуынша, осыдан бір жыл бұрын мұнай өңдеумен айналысатын қаладағы тұрақты кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналасу үшін кадрлар бөліміне бір айлық жалақысын беру жеткілікті болған екен:

- Бір ай тегін жұмыс жасайсың, есесіне кейін тұрақты жұмысың болады. Ал қазір осы рекрутерларға немесе ірі жобалардағы мердігерлердің кадрлар бөліміне ақшасын төлесең де, ол жерде ұзақ уақыт жұмысқа қалатыныңа ешкім де кепілдік бермейді.

 

ПӘЛЕ БОП ЖАБЫСАДЫ

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар бүгінгі күні Атырау бойынша жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың саны туралы есептемелерді оларға рекрутингтік 12 компанияның ұсынатынын хабарлады.

- Олар Еңбек министрлігі бекіткен форма бойынша есеп беруге міндетті. Олардың қызметіндегі заң бұзушылықтарды анықтау – құқыққорғау органдарының жұмысы, - деп мәлімдеді басқармадағылар.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы әжептәуір ақыға жұмыссыздарды ірі мұнай компанияларына жұмысқа орналастыруға уәде берген рекрутингтік «Самғау» агенттігіне қатысты атышулы оқиға орын алған еді.  Кейінірек сотқа жүгінген тоғыз жұмыссыз агенттікке жалпы алғанда 800 мың теңгеден астам ақша төлеген. Ал осы компанияның қызметінен 200-дей адам жапа шеккен. Айтпақшы, прокуратура клиенттерді алдаған тағы үш рекрутингтік компания туралы хабарлады. Ал рекрутингтік компаниялардың этикалық принципі оларды жұмыс іздеушілерден жұмысқа орналасқанға дейін ақша алмауға міндеттейді деп есептеледі.

 

ҮШ ПРИНЦИП

Мамандардың есептеулері бойынша, көршілес Ресейдің өзінде жыл сайынғы рекрутинг нарығының айналымы 75-100 миллион долларға бағаланады екен. Бізде Қазақстандағы рекрутингтік компаниялардың табысы анағұрлым аз – жыл сайын орташа алғанда 20 пайызға өскенде 0,5-тен 1 млн долларға дейін. Негізгі мақсаттары жұмысқа орналастыру екендігіне қарамастан, компаниялар жұмыс принциптері бойынша өзгешеленеді. Мәселен, кадрлар агенттігі үшін іздеуші (жұмыссыз) клиент боп табылады. «HR АТЫРАУ» кадрлар агенттінің менеджері Жансая ОСПАНОВАНЫҢ айтуынша, агенттік үміткерлердің түйіндемелерін ашық бос орындар бойынша компанияларға жолдайды екен. Ал жұмыс беруші сұхбаттасуға (немесе тесттен өткізуге) іздеушілерді өздері шақырады. Бұл жағдайда іздеуші мен кадрлар агенттігінің арасында келісім-шарт жасалады. Жұмысқа орналасқан жағдайда іздеуші кадрлар агенттігіне алғашқы еңбекақысының 40 пайызын төлейді.

Рекрутингтік компаниялар басқа принцип бойынша жұмыс істейді. Тапсырыс беруші ретінде жұмыс берушінің өзі шығады. Әдетте, бұлар ірі компаниялар болады. Бұл жағдайда мамандарды іздеу шығындарын жұмыс беруші өз мойнына алады. Орташа алғанда рекрутингтік компаниялар жұмысқа орналасқан әр маманнан оның жылдық еңбекақы қорынан 10-нан 25%-ына дейінгі мөлшерде табыс табады.

Осындай принциппен Атырауда мұнай саласына қызмет көрсетуші бірнеше ірі рекрутингтік компаниялар жұмыс істейді: бас кеңсесі Лондонда орналасқан «Болашақ-Атырау» ЖШС, «Фиркрофт» және т.б.

Кадрлар бизнесінің тағы бір түрі – рекрутингтік компаниялар айналысатын «уақытша қызметкер» іріктеу жөніндегі қызметтер. Қызметтің бұл түрі Атырауда кеңінен таралуда. Технологиясы мынадай: ресми түрде қызметкер рекрутингтік компанияның штатында саналады, ал шындығында тапсырыс берушіде жұмыс жасайды. Бұл жағдайда фирма өз қызметі үшін (бухгалтерия жүргізу, қызметкермен заңды қарым-қатынаста болу және т.б.) қызметкердің еңбекақысының 5-8%-ын алады. Ал тапсырыс беруші осы ақша үшін қызметкер алдындағы барлық жауапкершіліктен босайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге жарамсыз қызметкерден құтылу қиын болмайды. Жұмыс берушіні рекрутингтік компаниялардың қызметіне жүгінуге мәжбүрлейтін тағы бір жайт – бұл шетелдік мамандар үшін жұмыс жасауға рұқсат алу процедурасы. Бұл жағдайда жұмыс беруші үшін бар шаруаны рекрутингтік компания жасайды.

 

ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫҒА БЕТ БҰРДЫ

Рекрутингтік компаниялардың өкілдерімен сұхбаттасу кезінде Атырауда жергілікті білікті мамандар шынымен де аз ба деп сұрадым.

Ж. Оспанованың айтуынша, бәрі де еңбек нарығы секторына байланысты екен: жергілікті жұмысшылардың арасында да, басқа жақтан, атап айтқанда, ҚР-ның басқа облыстарынан келетін кадрлардың ішінде де білікті мамандар бар екен. Бірақ олар, әдеттегідей, жетіспейді.

Ал, осыдан бірер жыл бұрын жұмыс берушілер жергілікті кадрларға жасырын бойкот жариялағанын рекрутерлер бейресми түрде мойындады. Еліміздің басқа аймағынан келетін мамандар анағұрлым көнбіс әрі шағын жалақыға келісе кетеді екен. Ал жергілікті кадрлар еңбек жағдайының жақсы болуын және лайықты жалақыны талап ететін көрінеді. Бірақ, соңғы кездері экономикалық дағдарыстың әсерінен шығар, кері тенденция байқалады. Басқа жақтан келетін жұмысшыларды баспанамен қамту және жолақы үшін ақы төлеу қажеттілігі жұмыс берушілерді жергілікті кадрларға көңіл аударуға мәжбүр етуде. Жергілікті кадрлар да, рекрутерлердің айтуынша, өз тәбеттерін басқан көрінеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

28 наурыз 2012, 18:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.